Кеше – тарих, бүгін – міндет

Еңбек тарихы – ел тарихының ажырамас бөлігі. Онда еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғаған кәсіподақ қозғалысының да өзіндік орны бар. Кәсіподақ ұйымдарының ғасырдан астам уақытты қамтитын жолы бүгін де жалғасып келеді.

Биыл Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 121 жыл толады. Еліміздегі алғашқы кәсіподақ ұйымы 1905 жылы 6 желтоқсанда Қарағанды облысының аумағындағы Успенск мыс руднигі жұмысшыларының бастамасымен құрылып, ресми түрде танылды. Ал, біздің өңірде ең алғашқы жұмысшылар комитетінің кәсіп-одақ ұйымы 1925 жылы «Мақтаарал» кеңшарында құрылған. Оның алғашқы төрағасы болып Якуб Тазетдинов сайланды. (Ал, «Мақтаарал» алғашқы мақта тұқым шаруашылығы содан бір жыл бұрын, 1924 жылғы 1 қарашада Түркістан Республикасының Мақта комитетінің арнайы бұйрығымен құрылған болатын). Кәсіподақ комитеті кеңшар коммунистерінің қолдауымен жұмысшылар мен тың игерушілер арасында қоғамдық жұмыстарды жүргізді. 

Бүгінде қоғам да, еңбек қатынастары да өзгерді. Алайда, кәсіподақтың негізгі міндеті өзгерген жоқ. Ол – еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау. Бүгінде бұл ұйым қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Оның басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету және ұжымдағы еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Мемлекеттік мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Еңбек ұжымындағы өзекті мәселелер, ең алдымен, бастауыш кәсіподақ ұйымына белгілі болады. Бастауыш ұйым кәсіподақ жұмысының негізгі тірегі саналатыны сондықтан. Ол жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Ұйым белсенді әрі жауапты жұмыс істесе, ұжымдағы өзара түсіністік те бекем болмақ. Қызмет салалық кәсіподағы осы бағытта жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіп-одағы Мақтаарал аудандық филиалының құрамында 33 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Олар негізінен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы және жергілікті органдардың қызметкерлерін қамтиды. 

Әдетте мемлекеттік мекемелерде еңбек даулары мен жалақы төлеу, жұмыс уақытына қатысты келіспеушіліктер туындамайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда қызметкерлер тарапынан наразылық немесе түсініспеушілік болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді кәсіподақ ұйымдары назардан тыс қалдырмай, екі тараптың да пікірін ескере отырып, заң талаптарына сай шешуге ықпал етеді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының атқаратын жұмысы мұнымен ғана шектелмейді. Олар еңбек ұжымының қоғамдық және мәдени өміріне де белсенді араласады. Қызметкерлердің демалысын тиімді ұйымдастыруға, балаларын тиісті мекемелерге орналастыруға қолдау көрсетеді. Жазғы және қысқы кезеңдерде жұмыс жағдайының қолайлы болуына көңіл бөліп, еңбек демалыстарының кестесін қызметкерлер мен мекеме мүддесіне сай үйлестіреді. Сонымен қатар ұжымда өзара сыйластық пен жақсы көңіл-күй қалыптасуына, яғни қолайлы моральдық-психологиялық ахуалдың орнығуына ықпал етеді.

Бүгінде елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың жоспарлы әрі уақтылы орындалуы негізінен мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне байланысты. Себебі, реформалардың халыққа нақты әсері көп жағдайда олардың күнделікті жұмысына тікелей қатысты. Осындай маңызды өзгерістердің бірі – еліміздің Конституциясына енгізілген жаңалықтар. Жаңа Конституцияның талаптарын жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық ұйымдар өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Жаңа Конституция 96 баптан тұрады. Оның 30 бабы (12-ден 41-бапқа дейінгі) адамның және азаматтың негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне арналған. Президентке 10 бап (42–51), Құрылтайға 11 бап (52–62), Үкіметке 7 бап (63–69) арналған. Осылайша, мемлекеттік билік органдарына қатысты 28 бап қарастырылса, адам мен азаматтың, сондай-ақ шетел азаматтарының құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне 30 бап арналған. Бұл нормалар кәсіподақтар үшін де маңызды. Өйткені, кәсіподақтардың басты қағидаты – еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституция кәсіподақ ұйымдары мен олардың белсенділерінің алдына жаңа міндеттер қойып, жауапкершілігін күшейте түседі.

Мақтаарал ауданындағы кәсіподақ ұйымдары да Жаңа Конституция талаптарын басшылыққа алып, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқара береді деп сенеміз.

Қ.ХАМЕТОВ,

ҚР «Қызмет» салалық  кәсіподағы Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы.  


Пікір қалдырыңыз