Сәлем арқалаған саңлақ
Мәдина Мәді,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пошташының еңбегі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның астарында елмен етене араласқан үлкен жауапкершілік жатыр. Саурандық Нағашбек Алшынбековтің Қазпошта саласындағы 34 жылдық еңбек жолы – осының айқын дәлелі. Түркістан облысы, Сауран ауданының тұрғыны Нағашбек Алшынбековтің өмір жолын Қазпошта қызметінен бөліп қарау мүмкін емес.
Ол бұл салаға сонау кеңестік кезеңде келіп, содан бері пошта саласының қыр-сырын меңгеріп, бүгінге дейін өз ісіне адалдықпен қызмет етіп келеді. Биыл оның осы саладағы еңбек өтілі 34 жылға жетті. Отыз төрт жыл – аз уақыт емес. Бұл аралықта заман өзгерді, қоғам жаңарды, технология дамыды. Пошта қызметінің сипаты да бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді. Дегенмен, Нағашбек Алшынбековтің мамандығына деген көзқарасы өзгерген жоқ. Ол үшін Қазпошта – күнкөріс көзі ғана емес, ұзақ жылдар бойы бірге келе жатқан байырғы досы әрі қазіргі серігі. «Қазпоштада 1992 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұл жер мен үшін бұрыннан таныс, жақын орта. Зейнет жасына жетсем де, осы жұмысты қимаймын» дейді Нағашбек аға.
Бүгінде ол Сауран ауданындағы 78 көшені аралап, тұрғындарға газет-журналдар мен түрлі хат-хабарды уақытында жеткізуге атсалысып жүр. Пошташының күнделікті жұмысы сырт көзге аса күрделі болып көрінбеуі мүмкін. Алайда, бір күнде ондаған мекенжайды аралап, әр үйдің пошта жөнелтілімін дер кезінде жеткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе газет-журналдың уақытында оқырман қолына тиюі – пошта қызметкерінің ұқыптылығы мен тиянақтылығына байланысты.
Нағашбек ағаның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі де – мерзімді басылымдарды халыққа жеткізу. Баспасөздің қоғам өміріндегі орны қашанда ерекше. Бір ғасырдан астам тарихы бар оңтүстік өңірдің баспасөз дәстүрінде пошта қызметкерлерінің де өзіндік үлесі бар. Ел жаңалығын, қоғам тынысын, өңірдің тыныс-тіршілігін қамтитын газет-журналдардың ауылдағы оқырманға уақытында жетуі – ақпарат пен халық арасындағы байланыстың маңызды бір арнасы. Соның ішінде елдік басылым – «Егемен Қазақстан» газеті мен оңтүстік өңірдің айнасына айналған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің де оқырман қолына уақытылы жетуіне пошташылардың еңбегі сіңіп келеді. Қазіргі таңда ақпараттың таралу жолы өзгергенімен, баспасөзді тұрақты оқитын азаматтар әлі де бар. Әсіресе ауылдық жерлердегі үлкен буын үшін газет-журналдың орны бөлек. Нағашбек аға пошта саласындағы өзгерістердің талай кезеңін басынан өткерді.
Бүгінде Нағашбек Алшынбеков бес баланың әкесі. Зейнет жасына жеткеніне қарамастан, сүйікті жұмысын жалғастырып жүр. Мұның өзі оның мамандығына деген құрметін аңғартады. Кейбір адамдар үшін зейнетке шығу еңбек жолының аяқталуы болуы мүмкін. Ал, Нағашбек аға үшін бұл кезең сүйікті кәсібінен бірден қол үзуге себеп болған жоқ. «Жұмыстың өзіне үйреніп қалдым. Адамдармен араласамыз, елдің жағдайын білеміз. Өзіме осы кәсіп жақын» дейді пошта қызметкері.
Нағашбек ағаның еңбек жолына көз жүгіртсек, оның тағдырынан пошта саласының бірнеше дәуірін көруге болады. Кеңестік кезеңдегі пошта қызметі, тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістер, ақпараттық технологиялардың дамуы – осының бәрі оның көз алдында өтті. Ол осы өзгерістердің әр кезеңінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде технология қарыштап дамып, ақпаратты санаулы секундта жеткізу мүмкін болғанымен, пошта қызметінің қажеттілігі жойылған жоқ. Керісінше, оның қызмет түрлері заман талабына қарай өзгеріп, халыққа көрсетілетін мүмкіндіктері арта түсті.
Бір үйге газет жеткізіледі, екінші үйге сәлемдеме табысталады, енді бір шаңыраққа алыстағы ағайынның сәлемі келеді. Мұның бәрінің артында пошташының күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан Қазпошта күні – осы салада талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жандарға құрмет білдіретін маңызды күн. Нағашбек Алшынбековтің 34 жылдық еңбегі – өз кәсібіне деген адалдықтың айқын көрінісі. Бүгінде ол әлі де 78 көшені аралап, газет-журналдарды оқырмандарына уақытында жеткізіп келеді. Себебі ол үшін пошта қызметі – жай ғана жұмыс емес, өмірінің ажырамас бөлігі. Осындай еңбегімен талай жанды қуанышқа бөлеп, алысты жақындатқан пошташылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені жүрекпен атқарылған еңбек қана жылдар өтсе де өз маңызын жоғалтпайды.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.