Оқырманмен бірге отыз жыл
Осыдан тура 30 жыл бұрын «Айғақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл күннің таңдалуы да кездейсоқ емес еді. Газеттің тұсаукесері қазақ руханиятының үш бірдей алып тұлғасының туған күнімен тұспа-тұс келді. 28 қыркүйек – қазақтың белгілі жазушылары Мұхтар Әуезовтің, Шерхан Мұртазаның және Оралхан Бөкейдің дүниеге келген күні. Демек, «Айғақтың» алғашқы санының жарық көруі осындай көрнекті қаламгерлердің рухымен сабақтасып, символдық мәнге ие болды.
Содан бері бұл басылым үзіліссіз шығып келеді. Отыз жыл бойы халықпен бірге тыныстап, елдің қуанышы мен мұңын бөлісіп, жетістігі мен өзекті мәселесін сөз етіп келеді. Ең бастысы, бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналды.
Газет бетінде көтерілген орынды проблемалар тиісті орындардың назарын өзіне аударып, нақты шешімдерін тапты. Осы арқылы «Айғақ» жай ғана ақпарат таратушы басылым емес, қоғамдағы өзгерістерге үн қосатын, ел мен билік арасындағы байланысты нығайтатын қоғамдық мінберге айналды.
Ал, араға тоғыз жыл салып, «Айғақ» телеарнасының эфирден тарай бастауы ақпарат айдынындағы мүмкіндікті одан әрі кеңейтті. Газетте жазылған мәселе енді телеэкран арқылы көрерменге жол тартып, халықтың сөзі кең аудиторияға жетті. Осылайша баспасөз бен телевизияның мүмкіндігін ұштастырған «Айғақ» өңірлік медианың өзіндік мектебін қалыптастырды. Республикалық «Айғақ» газеті мен облыстық «Айғақ» телеарнасының құрылтайшысы Дулат Назарбекұлы Әбіш екені көзіқарақты оқырмандарға мәлім.
Бүгінде газет пен телеарнаның өзіндік қалыптасқан бағыты, өз ұстанымы, өз жоспары бар. Ең бастысы, отыз жыл бұрын басталған халықпен етене байланыс үзілген жоқ. Керісінше, уақыт талабына сай жаңа форматтармен, жаңа технологиялармен толығып, ақпарат кеңістігіндегі орнын бекемдей түсті.
Ең бастысы, «Айғақ» осы отыз жыл ішінде өзінің атауына сай ел өмірінің талай ақиқатына айғақ болды. Халықтың сөзін сөйлеп, елдің жоғын жоқтап, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, ақиқаттың алдыңғы шебінде болудан танған емес. Біз газеттің шығармашылық ұжымына жазар таусылмасын демекпіз.
Нұржан МАМАЕВ,
журналист.