«ТЕКЕМЕТ FEST» фестивалі

Шымкенттегі «Этноауыл» кешенінде «ТЕКЕМЕТ FEST» этнофестивалі өтті. Ұлттық қолөнерді ұлықтаған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген шеберлер мен өнерпаздар, сондай-ақ Қырғызстаннан арнайы келген өнерлі жандар қатысты. Фестивальде дәстүрлі өнер мен заманауи ізденіс тоғысып, көпшілікке текемет басудың қыр-сыры таныстырылды.

Дәстүрлі қолөнерді дәріптеп, ұлттық мұраны жаңғырту және оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен іс-шараны «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы ұйымдастырды. Фестивальде әжелер қолынан шыққан әрбір текеметтен ұлттық ою-өрнекпен бірге отбасы жылуы, эстетикалық талғам мен шеберлік сабақтастығы көрініс тапты. Бұл ерекшеліктер көпшілікке кеңінен таныстырылып, жұмыс барысы LED экран арқылы көрсетілді. Көрермендер киіз басудың қыр-сырын жақыннан тамашалауға мүмкіндік алды.
Қырғызстаннан арнайы келген өнерпаздардың қатысуы да іс-шараның мазмұнын байыта түсті. Бұл бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеуге жол ашты. Текемет өнері қазақ пен қырғыз халқының тұрмысында ежелден ерекше орын алған. Фестивальге «Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының өкілдері де қатысты. Екі елдің қолөнеріндегі ұқсастық пен өзіндік ерекшеліктер іс-шара барысында айқын көрінді.
Бұл күні «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» өз өнерлерін ортаға салды. Аға буынның қолөнерге деген ықыласы мен шеберлігі жастарға үлгі болды. Ал, «Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. 
Фестивальдің ажарын ән мен би де аша түсті. Жиналған жұрт белгілі айтыскер ақындар Нұрлан Есенқұлов, Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова және басқа да мәдениет майталмандарының өнерін тамашалады. Арнау айтылып, айтыс ұйымдастырылды. 
Іс-шара соңында «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының директоры Жұман Әбдиев қолөнер шеберлеріне  Алғыс хаттар табыстады. Қатысушыларға құрмет көрсетіліп, олардың ұлттық мұраны дәріптеуге қосқан үлесі атап өтілді.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз