Кәсіпкерлік саласы зор қарқынмен дамуда
Түркістан қаласының аумағында орналасқан «Түркістан» индустриалды аймағы қазіргі таңда өңір экономикасын дамытудағы маңызды өндірістік алаңдардың бірі болып отыр. Индустриалды аймақтың жалпы көлемі бүгінгі таңда 63,8 гектар болса, алдағы кезде оны 150 гектарға ұлғайту көзделуде. Одан бөлек, 290 гектарды құрайтын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы да кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерге қызмет көрсетуге даяр. Бұл арнайы экономикалық аймақтың ерекшелігі – мұнда орналасқан инвестициялық жобалар барлық салық түрлерінен босатылып, бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Осыған орай Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы ТӨЛЕПОВПЕН сұхбаттасып, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жобалардың жай-жапсары туралы білген едік.
– Мұхтар Ақжігітұлы, біз танысып шыққан есептеріңізде 23 жобаның аты, инвесторы аталады. Енді олардың шаһар экономикасының дамуына қаншалықты үлес қосып жатқандығынан оқырманды хабардар ете отырсақ...
– Түркістандағы индустриалды аймақ аумағында жалпы құны 19,8 млрд. теңгені құрайтын 31 өнеркәсіптік-инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толығымен іске асқан жағдайда шамамен 1216 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ал, жалпы бүгінгі күні қалада 22 жоба табысты жүзеге асқанын айта кетейік. Ол компанияларды атап өтсек: «Алем Бетон-1» ЖШС – асфальт-бетон өндіретін зауыттың құрылысы (1, 2-кезеңін қоса есептегенде) – инвестиция құны – 1 850 млн.теңге, жұмыс орны – 70, ЖК «Grand Miks» – 1 кезең – кеңсе жиһазын өндіру (инвестиция құны – 468 млн. теңге, жұмыс орны – 72). ЖК «Grand Miks» – 2 кезең – ЛДСП өндіру (инвестиция құны – 320 млн. теңге, жұмыс орны – 50), «Азрет-ЖолҚұрылыс» ЖШС – шлакоблок және пластикалық бұйымдар өндіретін зауыт (инвестиция құны – 150 млн. теңге, жұмыс орны – 43), «Айбек ЛТД» ЖШС – құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт (инвестиция құны – 216,5 млн. теңге, жұмыс орны – 57, «Kaztor LTD» ЖШС – сым бұйымдарын өндіру (инвестиция құны – 112 млн.теңге, жұмыс орны – 60), «Turkistan textile» БК ЖШС – тоқыма бұйымдарын өндіру (инвестиция құны – 426 млн.теңге, жұмыс орны – 200).
Сондай-ақ, жұмысын бұлардан бұрын бастаған 9 жоба сәтті іске асып келеді. Олардың арасында асфальт-бетон сұйықтары мен оны сақтау терминалының құрылысы, асфальт-бетон өндіру, егінге қажетті тыңайтқыштар жасау жобалары, «KazAgroPlast» ЖШС – агропленка және тамшылатып суару ленталарын жасау жобасы, «Нұрқағаз-Х» ЖШС – қолданбалы қағаздар жасау жобасы шағын өндірістерін атап өткен жөн.
– Жалпы, инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнестің айырмашылығы қандай? Қайсысы экономиканың дамуына көбірек серпін береді?
– Жалпы алғанда, инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі бірдей маңызды және ол екеуінің қаланың дамытушы драйвері деп айтсақ та болады. Түркістан қаласында экономикалық дамудың негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық жобаларды іске асыру және шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау болып табылады.
Инвестициялық жобалар мен ШОБ арасындағы айырмашылыққа тоқталсақ, инвестициялық жобалар – ірі көлемдегі қаржыландыруды, заманауи технологияларды және ұзақ мерзімді экономикалық әсерді көздейтін стратегиялық жобалар болып табылады. Мұндай жобалар, әдетте, өндіріс, құрылыс, логистика, туризм сияқты салаларда жүзеге асырылады және жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға, өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ал, шағын және орта бизнес – жергілікті экономиканың тірегі. Ол тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, халықты жұмыспен қамтуда шешуші рөл атқарады. ШОБ саласы – сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өндірістің жеңіл бағыттарында басымдыққа ие. Қайсысы көбірек үлес қосады дегенге келсек, екі бағыт та бірін-бірі толықтырады. Ірі инвестициялық жобалар экономиканың құрылымдық дамуына серпін берсе, ШОБ жергілікті экономикада тұрақтылық пен әлеуметтік әсер қалыптастырады. Тұрғындарды мейлінше жұмыспен қамту, өзін-өзі қамтамасыз ету бағытында оң мотивация сыйлап, еңбекке ынталандырады. Яғни бейнелеп айтқанда, инвестициялық жобалар – «локомотив» рөлін атқарса, шағын бизнес – экономиканың «тіреп тұрған діңгегі» іспетті.
– Кәсіпкерлер сіздерге қандай мәселелерді көтеріп келеді? Жалпы, түркістандық бизнесмендер мен кәсіпкерлерді не мәселе алаңдатады?
– Кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетін мәселелер мыналар:
– қаржыландыру мен жеңілдетілген несиеге қол жеткізудің қиындығы;
– жер телімдерін рәсімдеу мен инженерлік инфрақұрылымға қосылудағы бюрократиялық кедергілер;
– салықтық және есептілік талаптарының күрделілігі;
– өнім өткізу нарықтарының шектеулілігі мен бәсекенің жоғары болуы.
Саралап қарасақ, кәсіпкерлер бізге көбінесе жаңа өндіріс ашу немесе кеңейту үшін жер телімі мен ғимарат алу, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен гранттарға қатысу шарттары, экспортқа шығу және шетелдік серіктестермен байланыс орнату жолдары туралы мәселелермен келеді екен.
– Шағын және орта бизнес бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр? Қайтарымсыз қаржылық қолдау, гранттар ұтып алып кәсібін табысты жүргізіп жатқан кәсіпкерлер қай салада көбірек көрінеді?
– Түркістан қаласында шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны көбеюде деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі, әкімдік тарапынан тұрақты түрде шағын, орта кәсіп иелеріне сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, екінші деңгейлі банктерден бизнеске арналған несиелер, 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиялары, балық өсірумен шұғылданушы кәсіпкерлерді субсидиялау, жаңашыл жобаларды іске асырушы кәсіпкерлерге 5 млн. теңге грант беру секілді бағдарламалар жолға қойылған. Сонымен бірге, «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бизнес субъектілеріне қолдау көрсету бағытында ақысыз негізде жұмыс істеуде. Аталған орталықтың негізгі қызметі – кәсіпкерлерге құқықтық тұрғыдан көмектесу, бизнес жобаларын әзірлеу, несиелендіру бағытында консультациялық кеңестер беру және құжаттарын жинақтаумен айналысады.
Бүгінгі таңда қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастап кеткен жобаларды айта кетсем – пластмасса есік-терезелер жасау жобасы, нан өнімдерін шығару, құрақ көрпе және киім тігу, ателье, қолөнер бұйымдарын жасау секілді жобалар бар.
– Түркістанда туризм бағытында нақты қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай жоспарлар бар?
– 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Түркістан қаласына бір күндік келушілер мен туристер саны 546,1 мың адамды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға артты (2024 ж.
6 ай – 487,9 мың адам). Сондай-ақ, шетелдік бір күндік келуші мен туристер саны 7,1 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 195,8%-ға көбейді (2024 ж. 6 ай – 2,4 мың адам). 2025 жылдың ІІ тоқсаны бойынша Түркістан қаласында орналастыру орындарының саны (қонақүй, хостел, кемпинг және т.б.) 72-ге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 ж.ІІ тоқсан – 65 бірлік) 9,2%-ға артқан. Биылғы 6 айда Түркістан қаласының туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 41,1 млрд. теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 ж. 9 ай – 38 млрд.тг.) 8,1%-ға артты.
Түркістан қаласында туризм саласына инвестиция тарту бойынша 2024-2027 жылдар аралығында құны 16,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 354 жаңа жұмыс орны ашылып, қосымша 143,9 млн. теңге жылдық салық түсімі түседі деп күтілуде. Бұл 11 жобаның 4-еуі іске асты, қалған 5 жоба жыл соңына дейін, 2 жоба келесі жылы жүзеге асады деп күтілуде.
Халықаралық қатынастарды одан әрі жақсарту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынған. Қазіргі таңда Түркістан қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан 6 қала, достық ынтымақтастық орнатқан 5 қала бар. Атап айтар болсақ, Әзербайжанның Шуша,Түркияның Ыстамбұл қаласының Мальтепе Үскідар, Зейтинбурну муниципалитеттері, Тәжікстанның Худжант, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласы. Өздеріңізге мәлім, жақында Қолөнершілер қалашығы ашылып, «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST–2025» халықаралық қолөнершілер фестивалін өткіздік. Ұлттық мұраны сақтау, қолөнер шеберлерін қолдау, туризмді дамытып, экономикалық әлеуетті көтеру мақсатында ашылған Қолөнершілер қалашығының жалпы ауданы – 2,56 гектар. Бұл орталықта түрлі қолөнер бұйымдарын жасайтын 100 адамға жаңа жұмыс орындары ашылып отыр.
– Мұхтар Ақжігітұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Oleg
How To Recover Frozen Crypto Wallet With Lost Recovery Masters The Lost Recovery Master is a team of experienced Crypto Experts. It has the capacity to assist in unfreezing blockchain funds, stolen or lost cryptos and recovering frozen crypto wallets. They work directly with smart contract protocols and have right connections and tools to initiate and facilitate the process whether it's through dispute resolution, compliance validation, or recovery services. If the freeze is due to platform level restrictions, they navigate that with proper documentation and verification. They deliver Actionable Intelligence to all of their clients by utilizing the most recent Cyber tools, Open Source Intelligence (OSINT), Human Intelligence (HUMINT), cutting-edge technology, and Crypto Tools If you need their service, here is their Contact. email ( support@lostrecoverymaster.com ) whatsapp +447537105921 Website https://lostrecoverymaster.com/