Көрсеткіштер сөйлейді
Халық саны және көші-қон
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыс халқының саны 2 145 мың адамды құрады. Оның 545,8 мыңы (25,4%) қалаларда, ал, 1 599,2 мыңы (74,6%) ауылдық жерлерде тұрады.
Қаңтар–шілде айларында халықтың табиғи өсімі 18 768 адам болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен (21 777 адам) төмен. Есепті кезеңде 24 673 бала дүниеге келді. Туу көрсеткіші 2025 жылдың қаңтар–шілде айларымен салыстырғанда 11%-ға азайды. Қайтыс болғандар саны 5 905 адамды құрап, 0,5%-ға төмендеді.
Көші-қон бойынша теріс айырма 22 980 адамды құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 26 542 адам болған. Сыртқы көші-қонда 128 адамдық оң айырма тіркелді (2025 жылы – 237 адам). Ал, ішкі көші-қонның теріс айырмасы 23 108 адамға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 26 779 адам болған.
Еңбек және табыс
Биылғы II тоқсанда облыстағы жұмыссыздар саны 40 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 4,6%-ына тең болды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында 42 940 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Бұл жұмыс күшінің 4,9%-ын құрайды.
Сондай-ақ, II тоқсанда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 370 964 теңгеге жетті. Бұл 2025 жылғы II тоқсанмен салыстырғанда 5,5%-ға жоғары. Ал, нақты жалақы индексі 94,9% болды.
Салалық статистика
2026 жылғы қаңтар-тамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 1 189 693,2 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,9%-ға артық.
Өндіріс көлемі тау-кен өндіру өнеркәсібінде 17,9%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 41,5%-ға өсті. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау саласындағы өсім 20%-ды құрады. Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, сондай-ақ ластануды жою жөніндегі қызметтер көлемі 21,2%-ға көбейді.
Ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің жалпы шығарылымы 707 536,6 млн. теңгеге жетті. Бұл 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы деңгейдің 109,6%-ын құрайды.
Есепті кезеңде жүк айналымы 9 846,1 млн. тонна-километрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға өсті. Ал, жолаушы айналымы 1 027,8 млн. жолаушы-километрге жетті. Алайда, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейдің 94,8%-ын құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 403 837,2 млн. теңгеге жетті. Бұл 2025 жылғы қаңтар-тамыз айындағы көрсеткішінің 123,5%-ына тең. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7,4%-ға өсіп, 718,8 мың шаршы метрді құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 135 546,7 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштің 134,4%-ын құрайды.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста тіркелген заңды тұлғалар саны 20 047 болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5%-ға көп. Олардың ішінде қызметкерлер саны 250 адамнан асатын 102 заңды тұлға бар. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны – 19 079. Оның ішінде шағын кәсіп-орындар саны – 18 415. Ал, тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (заңды тұлғалардың) саны 16 234-ке жетіп, бір жылда 3,7%-ға өсті.
Экономика
Биыл қаңтар-наурыз аралығында жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі қолданыстағы бағамен 1 129 960,4 млн. теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 9,6%-ға өсті. Оның құрылымында тауар өндірудің үлесі 41%-ды, қызмет көрсету саласының үлесі 52,5%-ды құрады.
Тамыз айындағы тұтыну бағаларының индексі 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 107,3%-ға жетті. Осы кезеңде азық-түлік тауарларының бағасы 5,8%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 6,6%-ға өсті. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 11,4%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, тамызда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 0,8%-ға өсті.
Қаңтар-тамыз айларында бөлшек сауда көлемі 345 469,5 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,6%-ға артық. Көтерме сауда көлемі 360 070 млн. теңгеге жетіп, 2025 жылғы қаңтар–тамыз айлары деңгейінің 136,7%-ын құрады.
Алдын-ала деректерге сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-шілдеде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен өзара сауда көлемі 848,8 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға жоғары. Оның ішінде экспорт көлемі
676,9 млн. АҚШ долларына жетіп, 12,9%-ға өсті. Ал, импорт көлемі 171,9 млн. АҚШ долларын құрап, 18,8%-ға төмендеді.
Тұрсынай МЫРЗАБЕКОВА,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика
бюросы Түркістан облысы бойынша департаментінің
статистикалық ақпараттарды пайдаланушылармен жұмыс басқармасының басшысы.