Ең төменгі жалақының өскені...
Ақмерей ШЫРЫНБЕКОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін көтеру жөнінде міндет жүктеді. Ресми мәліметке сәйкес, бастама шамамен 1,8 миллион адамның табысына оң әсер етсе, медицина саласындағы өзгеріс 77 мыңнан астам маманды қамтиды. Иә, бұл – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам. Бірақ, мұнда назар аударатын бірнеше маңызды жайт бар.
110 мың теңге кімдерге бұйырады? Ең алдымен, ең төменгі жалақы мен орташа жалақының айырмашылығын саралап көрелік. Өйткені, бұл екі ұғымды шатастыратындар аз кездеспейді. Ең төменгі жалақы жұмыс беруші толық жұмыс уақытын атқарып, еңбек міндеттерін орындаған қызметкерге төлеуге тиіс заңмен белгіленген ең төменгі айлықтың мөлшері. Ал, орташа жалақы елдегі қызметкерлердің есептелген табысын жинақтап көрсететін статистикалық көрсеткіш. Демек, 2027 жылы ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге көтерілуі барлық қазақстандықтың айлығы автоматты түрде 25 мың теңгеге көтеріледі деген сөз емес. Бұл өзгеріс ең төменгі жалақы деңгейінде немесе соған байланысты еңбекақы алатын азаматтарға тікелей қатысты. Мұның жоғары жалақы алатын қызметкерлерге қатысы жоқ. Президенттің мәлімдеуінше, жаңа мөлшер шамамен 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етеді. Олардың ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер де бар.
Қазіргі 85 мың теңгемен салыстырғанда жаңа көрсеткіш 25 мың теңгеге немесе 29,4 пайызға жоғары. Жылдық есеппен алғанда, ең төменгі жалақы алатын қызметкердің табысына 300 мың теңге қосылады. Дегенмен, бұл соманың барлығы қызметкердің қолына таза күйінде тимейтінін де ескеру қажет. Жалақыдан міндетті түрде зейнетақы жарналары және заңнамада көзделген өзге де салықтарға қаржы ұсталады. Сондықтан есептелген айлық пен қолға алатын қаражаттың арасында айырмашылық болады.
Жолдаудағы екінші маңызды жаңалық денсаулық сақтау саласына қатысты. Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінде еңбек ететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін көбейтуді тапсырды. Бұл жерде де «40 пайызға өседі» деген ақпаратты барша медицина қызметкеріне қатысты деп қабылдамаған жөн. Әңгіме аурухана мен емхананың барлық қызметкері туралы емес, алғашқы медициналық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандары туралы болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қосымша ақы мамандардың үздіксіз еңбек өтілі мен жұмысының психоэмоционалдық жүктемесіне қарай сараланады. Өзгеріс 77 мыңнан астам қызметкерді қамтуы мүмкін. Мұндай шешімнің қабылдануының өзіндік себебі бар. Учаскелік дәрігерлер мен алғашқы медициналық көмек мамандары халықпен тікелей жұмыс істейді. Олар күн сайын науқастарды қабылдап, денсаулық жағдайын бақылап, түрлі аурулардың алдын алу шараларына қатысады. Жұмыс көлемі мен жауапкершілігі жоғары болғанымен, бұл саладағы кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан жалақыны көтеру тек мамандардың табысын арттыру ғана емес, алғашқы медициналық көмек жүйесінің тартымдылығын күшейтуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Енді ең маңызды сұраққа
келейік. 110 мың теңге азаматтардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қаншалықты жеткілікті?
Бүгінде бір отбасының ай сайынғы шығынын есептеу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Азық-түлік, коммуналдық төлем, қоғамдық көлік, байланыс қызметі, дәрі-дәрмек пен тұрғын үй шығындарының өзі табыстың едәуір бөлігін алып қояды. Ал, отбасында бала болса, оған білім беру мен киім-кешекке жұмсалатын қаражат та қосылады. Мысалы, ең төменгі жалақы алатын қызметкердің айлық табысы 25 мың теңгеге көбейгенімен, азық-түлік пен қызмет бағасы қатар өссе, оның нақты пайдасын сезінуі қиынға соғады. Яғни, номиналды жалақының өсуі азаматтардың сатып алу қабілеті міндетті түрде артты дегенді білдірмейді.
Экономикада осы екі көрсеткіштің айырмашылығы бар. Номиналды жалақы – адамның есептелген ақшалай табысы. Ал, нақты жалақы сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын көрсететін өлшем. Егер жалақы өсімі инфляциядан төмен болса, азаматтың нақты табысы бұрынғыдан да азаюы мүмкін. Сондықтан ең төменгі жалақыны көтерумен қатар бағаның тұрақтылығын сақтау да маңызды. Әйтпесе бір жағынан қосымша табыс беріліп, екінші жағынан күнделікті қажеттіліктер қымбаттаса, күткен әлеуметтік нәтиже толық сезілмеуі ықтимал. Тағы бір назар аударатын мәселе – елдегі орташа жалақы көрсеткіші мен азаматтардың күнделікті табысының арасындағы айырмашылық.
Орташа жалақы жоғары көрінгенімен, бұл барлық қызметкер дәл сондай ақша алады деген сөз емес. Мәселен, жоғары жалақы төленетін мұнай-газ, қаржы немесе ақпараттық технологиялар салаларындағы қызметкерлердің табысы жалпы орташа көрсеткішті көтеруі мүмкін. Ал, ауылдық жердегі, шағын кәсіпорындардағы немесе әлеуметтік саладағы қызметкерлердің айлығы бұдан әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Сондықтан халықтың тұрмыс деңгейін бағалағанда орташа жалақымен ғана шектелуге болмайды. Ең төменгі жалақыны, нақты табысты, инфляцияны және өңірлер арасындағы айырмашылықты да қатар қарастырған дұрыс.
Жалақының өсуі әрине, керемет жаңалық. Дегенмен де, халықтың әл-ауқаты тек жалақы мөлшерімен өлшенбейді. Тұрақты жұмыс, қолжетімді баспана, бағаның тұрақтылығы және сапалы медициналық қызмет те тұрмыс сапасының негізгі көрсеткіштері саналады. Сондықтан «келесі жылдан бастап жалақы өседі» деген жаңалыққа қуанып қана қоймай, оның кімдерге тиесілі екенін және қарапайым азаматтың өміріне қандай өзгеріс әкелетінін саралаған жөн. Өйткені, басты мәселе – жалақының қанша теңгеге артқанында ғана емес, сол ақшаның адамның тұрмысын қаншалықты жақсарта алатынында!