Отандық өнімнің әлеуеті артып келеді
Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бұрындары импорттық тауарларға қызығушылық басым еді. Өйткені, шетелден шекара асып келген тұрмыстық техникалар мен киім-кешектен бастап, азық-түлік пен түрлі сусындарға дейін сапасы жоғары болатын. Бүйірінде «шетелдік» деген белгісі бар бұйымдарға сұраныс жоғары еді. Кейіннен нарықтық заман келіп, бізге де ешнәрсе таңсық болмай қалды.
Аспан асты елінен әкелінген арзанқол дүниелер «импорттық тауарлардың бәрі сапалы» деген сенімге сызат түсірді. Бұрынғы импорттық тауарлар сапасыз болуы мүмкін емес деген көзқарастың күл-талқаны шығып, енді өз елімізде өндірілген отандық тауарларға сұраныс арта бастады. Мұны біздің ел үшін үлкен жетістік деуге болады.
Таяуда Сауран ауданындағы «Sauran» шағын өнеркәсіптік паркінде «Түркістанда жасалған» атты тауарлар көрмесі ұйымдастырылып, оған қойылған отандық өнімдер келушілердің қызығушылығын туғызды. Көрмеге өңірдің 50-ден астам жергілікті тауар өндірушісі қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Бұл іс-шара жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін көрсетуге, отандық өнімдердің нарықтағы орнын нығайтуға және әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік бергенін де айта кетейік. Сол күні көпшілік назарына өнеркәсіп, машина жасау, электр жабдықтары, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, жиһаз өндірісі, тұрмыстық химия және тамақ өнеркәсібі сияқты түрлі бағыттағы өнімдер ұсынылды. Атап айтқанда, көрмеге келушілер жылыту және газ қазандықтарын, трансформаторлар мен электр қозғалтқыштарын, генераторларды, ауыл шаруашылығы техникаларын, кабельдер мен оптикалық кабельдерді, тоңазытқыштарды, сорғы жабдықтарын, электр жабдықтарына арналған металл шкафтарды, дәнекерлеу машиналарын, автомобиль тіркемелерін, электр шәйнектерін және ауыл шаруашылығына арналған дрондарды тамашалап, жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, металл қоршаулар мен торлар, пластик бұйымдар, арнайы жұмыс киімдері, күйдірілген кірпіш, автоклавты газоблок, ламинат, жиһаз, үстелдер мен орындықтар, капсулалық үйлер және өзге де өнеркәсіптік өнімдер де көпшіліктің көңілінен шықты. Тамақ өнеркәсібі саласында табиғи шырындар, минералды су, алкогольсіз сусындар, банандар, түйе сүтінен жасалған құрғақ сүт қоспалары, сүт және шұжық өнімдері, балмұздақ, сондай-ақ крахмал өнімдері, майлы және желатинді компоненттер де бар. Бұдан бөлек, тұрмыстық химия өнімдері мен жөргектер де экспозициялар қатарынан орын алды. Бұл өңір кәсіпкерлерінің өндірістік әлеуетінің зор екенін білдіреді. Жергілікті кәсіпорындардың әртүрлі бағытта өнім шығарып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай іс-шаралар кәсіпкерлер арасындағы тәжірибе алмасуды жандандырып қана қоймай, өңіраралық әріптестікті кеңейтуге, жаңа сауда байланыстарын орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау арқылы жаңа өндірістердің дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және халықты жұмыспен қамтуға серпін береді.
Түркістан облысында инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы орта, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасалған. Соңғы екі жылда өңірде 12 жаңа индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жеткен. Қазіргі таңда индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны
446,9 млрд. теңгені құрайтын 138 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар облыста 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылды. Бұл парктер аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, бүгінде оның 178-і пайдалануға берілген. Аталған нысандарда жалпы инвестиция көлемі 162,9 млрд. теңгені құрайтын 146 жоба іске қосылған.
Құрылған өндірістік алаңдар кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, өндіріс орындарын ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға жол ашады. Нәтижесінде, өңірдің инвестициялық әлеуеті нығайып, өнеркәсіп саласының дамуына тың серпін береді деген сенім бар.
Ал, «Sauran» шағын өнеркәсіптік паркінде жалпы құны 136 млрд. теңгені құрайтын 40 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалар аясында 2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазіргі таңда 30-дан астам жоба іске қосылып, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірістік жобалардың қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, құрылыс материалдары, тоңазытқыш, тоқыма бұйымдары мен мебель шығару бағыттары бар. Бұл өндіріс түрлері өңір экономикасын әртараптандыруға және отандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған.
Міне, осылайша отандық өндіріс орындарының саны артып қана қоймай, олардың сапасы да жақсарып келеді. Бір кездері импорттық тауарларға қызығушылық танытып, тек сырттан ғана тасып жүретін кәсіпкерлер бүгінде өз өнімдерін экспортқа шығара бастады. Осыған қарап-ақ отандық өнімдердің әлеуеті артып келе жатқанын аңғаруға болады.