140 мың гектар жер айналымға енгізіледі
Облыстағы барлық жер қоры 11 млн. 610,3 мың гектарды құрайды.
Бүгін Түркістан
өңірлік коммуникация қызметі алаңында Түркістан облыстық жер қатынастары
басқармасының 2026 жылдың басынан бері атқарған жұмыстары бойынша брифинг өтті.
Басқарма басшысы Ерғали Тілеген саладағы жұмыстар мен жаңалықтарды баяндады.
Спикердің
айтуынша, бүгінде облыстағы барлық жер қоры 11 млн. 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жалпы жайылым
жерлердің көлемі – 8 млн 822,7 мың гектар. Аудан,
қала әкімдіктері тарапынан 2022-2025 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы
мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бағытында 39 конкурс ұйымдастырылып, көлемі 405,7 мың
гектарды құрайтын 1398 жер учаскесі жалдау
құқығымен табысталған. Ал 2026 жылға
ауыл шаруашылығы мақсатындағы 140,0 мың гектар
жерді айналымға енгізу жоспарланып,
бүгінгі күнге 82,0 мың гектар жер учаскелері конкурс
арқылы енгізілген. Қалған 58,0 мың гектар жер жылдың
соңына дейін айналымға енгізілетін болады.
«2026 жылдың басында жайылым тапшылығы 531,1 мың гектарды құраған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 165,6 мың гектары ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым үшін тұрақты пайдалануға бекітілді. Қазір елді мекендердегі қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарды құрап отыр. Ендігі ретте аудан, қала әкімдіктері тарапынан жайылым тапшылығын азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жөнінде баяндады. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірдегі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерді алып қою бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. Ведомствоаралық кіші топ тарапынан 2026 жылға облыс бойынша 40,0 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Тиісінше, жыл басынан бері облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 71,8 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 179,5 пайызға орындалған.
«Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында құрылған жұмысшы топ тарапынан, аудан, қала әкімдіктері бойынша 1494 жер пайдаланушының 187,3 мың гектар жайылым жерлеріне мал басының тіркелмегендігі анықталып, мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген. Жыл басынан бері аудан, қала әкімдіктері тарапынан 192,4 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншіге қайтарылып, адал жер пайдаланушыларға конкурс негізінде қайта айналымға енгізілетін болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында берілген тапсырмаларды орындау бағытында Түркістан облысында салық төлеуді, инвестициялар тартуды және тиісті ауылдық аумақтарды дамытуды қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселелері жөніндегі «арнайы комиссия құру туралы» облыс әкімінің өкімі қабылданған. Жұмыс органы тарапынан комиссияның отырысы 6 рет ұйымдастырылып, жалпы 132 жер пайдаланушының 279 жер учаскелеріне қатысты құжаттары қаралды», - деді Ерғали Аманкелдіұлы.
Басқарма басшысы брифингте БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап беріп, саладағы өзекті мәселелер мен маңызды шешімдерді атап өтті.