Несие он минутта ресімделеді,

Мәдина МӘДІ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Он сегіз жастағы Даниярдың телефонына несие ресімдеу туралы ұсыныс түскенде, ол көп ойланған жоқ. Көптен бері алғысы келген смартфонын енді айлап ақша жинамай-ақ сатып ала алады. Өтініш берді, мақұлдау алды, телефонын қолына ұстады. Бір қарағанда бәрі оңай көрінді, қалаған заты қолында, ал, төлемді кейін табысынан өтейді. Бірақ, ол болашағын ескермеді, ертеңгі жалақысының бір бөлігі әлдеқашан бүгінгі шешіміне байланып қойған еді.

Заң бойынша 18 жас – ересек атанып, өз таңдауыңа жауап бере алатын жас. Алайда, жеке куәліктегі жасының өзгеруі қаржылық сауаттың бірден қалыптасатынын білдірмейді. Әсіресе, телефондағы бірнеше батырмамен қарыз ресімдеуге болатын заманда ақшаны алу оңай болғанымен, оны қайтару нағыз қиямет қайым.
Қарыздың қауіпті тұсы – оның қолжетімділігінде ғана емес, қайтару міндетінің салмағын бастапқыда толық бағаламауда. «Кейін төлеймін» деген сөздің артында нақты мерзім, ай сайынғы төлем және тұрақты табысқа деген қажеттілік тұр. Жұмыссыз қалу, кірістің азаюы немесе күтпеген шығынның пайда болуы қаржылық жоспарды бұзуы мүмкін. Бір төлемнің кешігуі келесі қарызға итермелеп, адамның табысын бұрынғы міндеттемелерін өтеуге жұмсауына әкеледі.
Жастар арасындағы тағы бір тәуекел – досы немесе туысы үшін өз атына несие ресімдеу. «Өзі төлейді», «бір-екі айда жауып тастайды» деген уәде сенім ұялатқанымен, қаржылық міндеттемені өзгертпейді. Қарызды басқа адам пайдаланса да, несие кімнің атына ресімделсе, шарт бойынша жауапкершілік, әдетте соған жүктеледі. Сондықтан біреуге көмектесемін деп өз қаржылық мүмкіндігіңді тәуекелге тігуге болмайды.
Ресми мәлімет бойынша Түркістан облысында 14–35 жас аралығындағы 671 452 жас өмір сүреді. Олар облыс халқының 31 пайызын құрайды. Бұл – білім алып, алғашқы табысын тауып, кәсібін бастауға ұмтылған үлкен буын. Олардың қаржылық шешімдері жеке тұрмысымен қатар, өңірдің экономикалық әлеуетіне де әсер етеді.
Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдеде Түркістан облысындағы микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 226 миллиард теңгеге жеткен. Бұл елдегі микроқаржы ұйымдарының жалпы несие портфелінің 11,8 пайызына тең. Әрине, бұл соманың бәрі жастарға берілген қарыз емес. Дегенмен, көрсеткіш өңірдегі микрокредит нарығының қаншалықты ауқымды екендігін аңғартады.
Сонымен бірге өңірде қарыз қаражатын табыс әкелетін іске бағыттаудың мысалдары да бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінің жарияланымында жастарға арналған жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несие бағдарламасы бойынша 636 жастың өтінім бергені, 142 жобаның мақұлданғаны және 80 жасқа кәсіп жүргізуге қаражат бөлінгені көрсетілген.
Мұнда қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны маңызды. Кәсіп бастауға алынған несие өндірісті дамытуға, қызмет көрсетуге немесе тұрақты табыс көзін қалыптастыруға жұмсалуы мүмкін. Сәйкесінше, тұтынушылық несие көбіне бүгінгі қажеттілікті өтеп, ертең қайтаруды талап етеді. Дегенмен, кәсіпке арналған жеңілдетілген қарыздың өзі табысқа кепілдік бермейді. Несиенің тиімділігі нақты жоспарға, нарық сұранысына және төлем қабілетіне байланысты.
Сондықтан жастардың қаржылық қиындықтарын тек тәжірибесіздікпен түсіндіру жеткіліксіз. Қаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілетін бағалап, несиенің толық құнын түсіндіруге тиіс. Жас азамат келісімшарттағы жылдық тиімді сый-
ақы мөлшерлемесін, ай сайынғы төлемді, жалпы қайтарылатын соманы және төлем кешіккендегі салдарды білуі қажет. Несие ресімдеудің жылдамдығы оны өтеу мүмкіндігінен маңызды болмауы керек.
Бұл ретте қаржылық сауаттылықтың орны бөлек. Жастарға тек пайыз есептеуді үйрету жеткіліксіз. Олар кірісі мен міндетті шығынын салыстыруды, күтпеген жағдайға қаражат қалдыруды және қажеттілік пен қалаудың аражігін ажыратуды меңгеруі керек. Мұндай дағды мектепте ғана емес, отбасында да қалыптасады. Ақша туралы ашық сөйлесу мен бюджетті жоспарлау дағдысы асығыс шешімдердің алдын алуға көмектеседі.
Жастарды қорғау «несие алма» деген тыйыммен шектелмеуі керек. Мәселе – қарыздың мүмкіндігі мен міндеттемесін қатар түсіндіруде. Мемлекет тұтынушының құқығын қорғауға, қаржы ұйымдары жауапты несие беруге, ал, азамат өз табысы мен мүмкіндігін шынайы бағалауға тиіс. Бүгінгі жас – ертеңгі маман, кәсіпкер, отбасы иесі. Оның алғашқы табысы болашағын құруға емес, ойланбай алған қарыздарын өтеуге жұмсала берсе, бұл жеке адамның ғана емес, қоғамның да проблемасына айналады.
Несиеге қол жеткізу үшін он минут жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ, асығыс шешімнің салдарын еңсеру айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Есею деген қалаған затыңа бірден қол жеткізу емес, бүгінгі таңдауыңның ертеңгі құнын есептей білуде. Осыны ұмытпа, жас дос!
Пікір қалдырыңыз