Бағыт — айқын, сапалы маман даярлау қажет
Бүгін Президентіміз жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Өз басым биылғы Жолдаудан ерекше әсер алдым. Оның басты ерекшелігі – Мемлекет басшысының еліміздегі және әлемдегі саяси жағдайларды ескере отырып, Қазақстанның экономикалық дамуына, адами капитал мен инфрақұрылымды нығайтуға басымдық беруі.
Маған ерекше әсер еткен тұсы – «Қуатты қала – күшті мемлекеттің негізін қалайды» деген ойы. Президент келесі жылға арналған қала құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталып, медицина, жол, логистика, әуежайлар, спорттық және медициналық орталықтардың құрылысын жетілдіруге баса назар аударды. Бұл – халықтың әлеуетін арттырып, мықты мемлекеттің негізін қалыптастыруға бағытталған қадам.
Сонымен қатар, жасанды интеллект, ғылым мен технология қарқынды дамып жатқан кезеңде жаңалықтарға жедел әрекет етіп, уақыт талабына сай шешім қабылдаудың маңызын атап өтті. Халықтың табысын арттыру, еңбекақы мәселесі, инклюзивті білім беруді дамыту және мұғалім мәртебесін көтеру бағыттары да назардан тыс қалмады. Әсіресе, мектептегі мәселелерді мұғалім, оқушы және басшылық тарапынан жан-жақты қарастырып, әділ шешу қажет екеніне тоқталды.
Жалпы, биылғы Жолдау алдағы кезеңге үлкен үміт ұялатады. Елімізді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың жүзеге асуы үшін әр салада білікті мамандар қажет. Ал университет – мемлекетке қажетті кадрларды даярлайтын негізгі білім ордасы. Сондықтан алдағы уақытта сұранысқа ие, сапалы әрі қабілетті мамандарды даярлау университеттің басты міндеттерінің бірі деп білемін.
Еділ Төлегенов,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры.