IT игілігі
Мақтаарал ауданында дәстүрлі еңбек түрлерімен қатар жаңа кәсіптер мен заманауи дағдыларға деген сұраныс артып келеді. Мақтааралдың экономикалық келбетін ауыл шаруашылығы саласынсыз елестету қиын. Егін және мал шаруашылығы, мақта өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өткізу – аудан экономикасының маңызды тіректері. Алайда, бүгін еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің талаптары да өзгеріп келеді. Бұған экономиканың әртараптануы, технологияның дамуы, кәсіпкерлік саласының өсуі және цифрландыру әсер етуде. Нәтижесінде дәстүрлі мамандықтар сақтала отырып, жаңа кәсіптерге деген сұраныс қалыптасуда.
Қазіргі ауыл шаруашылығы саласы бұрынғыдай тек қол еңбегіне сүйенбейді. Заманауи техника, су үнемдеу технологиясы, цифрлық есеп, агрономиялық бақылау және өндірістік процестерді автоматтандыру сала тіршілігінің өзегіне айналуда. Сондықтан аграрлық сектордың өзінде жаңа дағдыларға қажеттілік күшейіп отыр. Бүгінгі маманға жер өңдеу технологиясын білумен қатар, цифрлық құралдарды пайдалану, шығындарды есептеу, нарықты талдау және өнімді тиімді өткізу жолдарын да меңгеру қажет.
Бұл – еңбек нарығындағы басты өзгерістердің бірі. Технология дамыған сайын маманның кәсіби құзыреті де кеңеюде. Мақтаарал ауданындағы шағын және орта бизнестің дамуы да жұмыспен қамту құрылымына әсер етуде. Сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, құрылыс, көлік, шағын өндіріс сияқты салалардың дамуы тұрғындарға қосымша табыс көздерін ұсынады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласы да цифрлық форматқа бейімделуде. Онлайн сауда, әлеуметтік желілер, цифрлық төлемдер, интернет-жарнама және клиенттермен
онлайн байланыс бизнес жүргізудің қалыпты құралдарына айналды.
Осыған байланысты маркетинг, дизайн, контент жасау, онлайн сату және цифрлық технологияларды меңгерген мамандардың жұмысы жанданып келеді.
IT саласы тек ірі қалаларға тән бағыт болудан қалды. Интернеттің қолжетімділігі ауылдық жерлердегі жастарға да жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашады.
Бағдарламалау, графикалық дизайн, бейнемонтаж, SMM, интернет-маркетинг, қашықтан қызмет көрсету секілді бағыттар географиялық шекараға тәуелді
емес. Бұл – Мақтаарал ауданы жастары үшін маңызды мүмкіндік.
Цифрлық сауаттылық бүгінде IT мамандарына ғана емес, кез келген кәсіп иесіне қажет дағдыға айналды. Электронды қызметтерді пайдалану, онлайн төлемдер, цифрлық құжат айналымы және ақпаратпен жұмыс істеу көптеген мамандардың күнделікті тіршілігіне айналуда.
Еңбек нарығының өзгеруі білім беру мен кәсіби даярлыққа қойылатын талаптарды да күшейтеді. Қазіргі жұмыс беруші үшін жас маманның дипломмен қатар нақты тәжірибесі, кәсіби дағдысы, жауапкершілігі, технологияны меңгеру қабілеті және жаңа білім алуға дайындығы да аса маңызды.
Сондықтан болашақ маман үшін бір ғана кәсіпті меңгеру жеткіліксіз. Мысалы, агрономның цифрлық технологияларды білуі, кәсіпкердің қаржылық сауаттылығы мен маркетингті меңгеруі, инженердің IT дағдылары болуы оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Мақтаарал ауданы үшін бұл – жаңа кезеңнің белгісі. Аудан экономикасының болашағы ауыл шаруашылығынан бас тартуда емес, оны заманауи технологиялармен, өңдеу өндірісімен, логистикамен, кәсіпкерлікпен және цифрлық шешімдермен ұштастыруда.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.