Ілгерілеу де бар, іркіліс те бар

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Созақ ауданында индустриалды аймақ 2015 жылы құрылды.  Кешегі жылдары ауыл шаруашылығы саласымен ғана айналысқан аудан бүгінде өндірісті аймаққа айналды. Соның арқасында зкономикасы көтеріліп, елді мекендері күн сайын көркейіп келеді. Бүгінде Созақ индустриалды аймағының  жалпы жер көлемі 50 гектарды  құрайды. Әлі де 21,2 гектар жер өз иелерін күтіп тұр. Осында 2015 жылы құны 951,5 млн. теңгені  құрайтын, 90 жұмыс орнын қамтитын 5 жоба ашылған болатын. Солардың бірі «UKO-Star» ЖШС  құны 300 млн. теңгеге 35 жұмыс орнын қамтитын темір бөшкелер шығаратын жобаны қолға алды. 2015 жылы жұмысын бастаған серіктестік жылына 70 000 дана техникалық майға арналған бөшкелер шығарады. 2016 жылы  «UKO-Star» ЖШС  құны 100 млн. теңгелік тағы бір цех ашты. Онда 25 адам еңбек етеді. Бұл цех жылына 50 000 дана уран өнімдерін құюға арналған бөшкелер шығарады. 

Индустриалды аймақтағы жұмысын дөңгелетіп келе жатқан еңбек ұжымдарының бірі – «Дархан-Ас» өндірістік кооперативі. Өндіріс орнының иесі жобаға 210 миллион теңге жұмсағанын айтады. 14 адамды жұмыспен қамтыған кооператив 
ас тұзын қайта өңдеуден өткізеді.  Кооператив жылына  9600 тонна ас тұзын өндіреді.
Ал,  «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС  салған зауыттың өзіндік құны – 118,6 млн. теңге. Зауыт полиэтиленді құбыр шығаруы тиіс болатын. Бірақ, сұраныстың жоқтығынан зауыт пайдалануға берілмей жатып тоқтады. Сондай-ақ,  «Сырлы Созақ» ЖШС 222,9 млн. теңгеге салынып, 10 жұмыс орнын ашпақ болған. Өкініштісі,  полимерлі қалдықтарды қайта өңдеу жобасы іске қосылмады. Олар шығарған құбырлар нарықта сұранысқа ие бола алмады. Сол себепті жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Осы ретте кәсіпкерлер жаңа жобалар әзірлегенде өндіретін өнімдерінің  нарықта сұранысқа ие болатынын алдын-ала болжай білулері де керек қой дегіміз келеді. Иә, кәсіпкерлер мықты менеджер де бола білулері керек.
Былтыр «Созақ» индустриалды аймағында тағы бір өндіріс ошағы ашылды. «Қуаныш строй электроник» ЖШС  (директоры – Ұласар Мұхаш)  жылына  500 000 дана бордюр, шлакоблок шығарады.  Жоба құны – 50 млн. теңге. Мұнда қазір  10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
– Бүгінгі таңда серіктестіктің өнімдері үлкен сұранысқа ие. Өндіргенін өндіргенше алып кетіп жатыр, – дейді  аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бекзат Бақытжанұлы.
«Созақ» индустриалды аймағындағы өндіріс орындары алдағы уақытта да көбейе бермек.  2026-2027 жылдары жүзеге асуы тиіс жобалар бар. Соның ішінде   биыл  құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын, 130 адамды жұмыспен  қамтитын 3 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бірінші жоба бойынша  «Sozak Uran Plast» ЖШС  жылына  
6 000 тонна полиэтилен құбырын шығармақ.  Жоба құны – 2 млрд. теңге. Өндіріс орны  ашылғанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоба жетекшілері құрал-жабдықтарға тапсырыс беруде. Мұнда құрылыс жұмыстары бүгін-ертең басталмақ.
«Құмкент кварц» ЖШС индустриалды аймақтан 3 гектар жер алды. Серіктестік жылына 100 000 тонна отқа төзімді бұйымдар мен құрылыс материалдарын шығармақ. Жоба құны – 600 млн. теңге. Зауыт  ашылғанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Зауыт  аудан әкімдігінің 2024 жылғы 20 желтоқсандағы  №289  қаулысымен Құмкент ауылдық округі, Қызылкөл елді мекені аумағынан шөгінді тау жыныстарынан құм өндіру үшін 152 гектар жер учаскесін 10 жыл мерзімге жалға алды.  Ұжым бүгінде облыс әкімдігінің қаулысын күтіп отыр. Осы қаулы қолға тиген күннен құрылыс жұмыстары басталады. 
«Sulvara Prospera» ЖШС  жылына 20 000 тонна техникалық күкірт қышқылын пайдаланып, минералды тыңайтқыш өндірмек. Жоба құны – 2,2 млрд. теңге. Цех ашылғанда  30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 
Иә, «Созақ» индустриалды аймағында ілгерілеу де, іркіліс те бар.  Алдағы уақыттарда мұнда еңбек көрігі қыза түседі деп сенеміз. 

Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз