«Еңбек кубогы» – жастар үшін зор мүмкіндік

Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек кубогы» спартакиадасы жалауын көтерді. Сайысқа Қазақстанның 20 өңірінің колледждерінен келген 2 мыңға жуық студент қатысуда. «Түркістан арена» стадионында өткен спартакиаданың ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. 

– Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледж студенттері арасында ұйымдастырылған алғашқы «Еңбек кубогы» республикалық спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Республикалық спартакиаданың еліміздің қасиетті де тарихи мекені – Түркістан қаласында өткізіліп отырғанында үлкен мән бар. Бұл өңір – ел бірлігінің, өркениет пен мәдениеттің, жасампаздықтың жарқын үлгісі. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өседі. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Спартакиада сіздерге спорттық жігер мен рух беріп қана қоймай, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастырады деп сенемін! – деген Ғани Бейсембаев Еңбек кубогын облыс әкімі Нұралхан Көшеровке табыстады. 
Облыс әкімі өңіріміз ірі спорттық додаларды қабылдауға дайын екенін жеткізді. 
– Түркістан облысы – дамушы аймақ! Облыста техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа жоспарларымыз бар. Қазіргі таңда 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. Түркістан – тарихи орда! Қасиетті шаһарда республикалық спартакиаданың өтуі заңдылық. Себебі, Түркістан – еңбек адамдарымен мақтанатын өңір. Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған. Аймақта жаңа зауыттар мен өндіріс орындары көптеп ашылуда. Жастарды өндіріс орындарына, шаруашылықтарға жұмысқа шақырамыз. Құрметті жас спортшылар! Жарыс қорытындысы бойынша үздік студенттерге Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті білім грантын тағайындайды. Бірқатар жетекші кәсіпорындар спартиакиада жеңімпаздары үшін арнайы сертификаттар табыстап, жұмысқа қабылдайды. Бүгінгі жарыс жалынды жастарға жігер береді деп сенемін! – деді Нұралхан Көшеров. 
Түркістан төріндегі спартакиаданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды. 
Айта кетейік, спартакиада бағдарламасына баскетбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол секілді спорт түрлері енгізілген. 

Құралай НҰРСҰЛТАН,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз