Легионерлерге тыйым:

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазақстанда шетелдік спортшыларға (легионерлерге) мемлекет немесе квазимемлекеттік ұйымдар тарапынан жалақы төлеуге тыйым салатын заң қабылданды. Бұл шешім елдегі спорт саласына түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін. Оған қоса, бұл өзгеріс бір қаржылық шектеу ғана емес, елдің спорттағы идеологиясын қайта құруға жасалған қадам ретінде де қарастырылуда. Заңдағы өзгерістердің салаға әсері қалай болмақ? Мұндай бетбұрыс әлемдік тәжірибелерде қандай нәтиже берді? Бүгін осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз.
Шетел атлеттеріне тәуелділік
2024 жылдың қараша айында Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгерістер енгізіп, өзге мемлекеттерден келген спортшыларды (легионерлерді) бюджет қаражаты есебінен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есебінен қаржыландыруға тыйым салды. Бұл норма Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет қаражатын тиімді пайдалану туралы тапсырмасын орындау негізінде әзірленген болатын.
Қазақстанның спорт клубтары, әсіресе футбол, хоккей және баскетбол сияқты командалық спорттарда легионерлерге арқа сүйеуге үйреніп алған. Бюджеттің басым бөлігі шетелдік ойыншылардың жоғары жалақысына жұмсалып, отандық ойыншылар көлеңкеде қалып келді. Соның салдарынан жергілікті дарындарды дамытуға қаржы аз бөлінді. Сонымен қатар, жастар спортында мотивация төмендеді. Өйткені, жоғары деңгейге шығу мүмкіндігі шектеулі болды. Оған қоса легионерлердің жиі ауысуы командалық тұрақтылыққа зиян келтірді.
Кейбір клубтар шетелдік жұлдыздарға миллиондаған доллар төлегенімен, халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жете алмады. Бұл мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсаудың бір көрінісі ретінде сынға алынды.
Енді легионерлерге мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржы көздерінен жалақы төлеуге тыйым салынады. Бұл талап тек жалақыға ғана емес, екіжақты келісімдер мен сыйақыларға да қатысты. Енді клубтарға шетелдік спортшыларды тарту жекеменшік демеушілер есебінен ғана мүмкін болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ұлттық құрамаға қосу тәжірибесін қолдамайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, легионерлер отандық спортшылардың жолын кеседі және ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізе алмайды. Сондықтан олардың орнына кәсіби жаттықтырушыларды тарту маңызды.
Оң әсері бар ма?
Заңдағы бұл өзгеріс бірінші кезекте жергілікті спорттың жандануына серпін беруі тиіс. Артылған қаржы спорт мектептері мен интернаттарды жаңғыртуға, балалар мен жасөспірімдер спортына, өңірлік спорт инфрақұрылымына жұмсалмақ. Бұл өз кезегінде өңірлерде спорт түрлерінің даму қарқынын арттырады деген сенім бар. Спортпен айналысатын балалар саны көбеймек.
Сонымен қатар, болашақ чемпиондарды өзіміздің ішкі резервтен дайындауға мүмкіндік ашылады. Жаңа заң аясында жаттықтырушылар мен кадр даярлау мәселесіне басымдық берілмек. Министрлік енді шетелдік спортшылардың орнына білікті жаттықтырушыларды тартуға күш салады. Яғни сырттан «дайын ойыншыны» емес, мамандықты үйрететін тәлімгерді әкелу көзделіп отыр. Бұл әдіс ұзақ мерзімді нәтижелерге жетудің төте жолы болуы мүмкін.
Кері әсері бола ма?
Бұл шешім қоғамда түрлі пікірлер тудырды. Кейбіреулер оны отандық спортты дамытуға бағытталған оң қадам деп бағаласа, енді біреулер легионерлердің тәжірибесі мен шеберлігіне сүйенудің маңыздылығын атап өтті. Десе де бұл өзгерістің отандық спортқа тигізетін кері әсері де жоқ емес.
Бұл, біріншіден, ішкі чемпионаттарда бәсекелестіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Легионерлер – жоғары деңгейдегі бәсекелестік пен кәсіпқойлықтың символы. Олар кеткен жағдайда, кей спорт түрлерінде турнирлердің деңгейі төмендеуі мүмкін. Халықаралық жарыстарда жеңілістер жиілеуі ықтимал. Ал, бұдан көрерменнің қызығушылығы жоғалуы мүмкін.
Бюджеттік қолдаудан айырылған кейбір клубтар легионерлерді сақтау үшін жекеменшік инвестор іздеуге мәжбүр. Ал, бұл – қаржылық тәуекел, әсіресе өңірлік командалар үшін.
Жергілікті спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлау – бір күнде нәтиже бермейтін процесс. Бұл қысқа мерзімде жеңістерден айырылып қалу қаупін туындатады.
Халықаралық тәжірибе не дейді?
Кей елдерде легионерлерге шектеу бар. Мысалы, Жапония мен Оңтүстік Корея – өз лигаларында шетелдік ойыншылар санын шектеп, жергілікті спортшыларды қорғауды мақсат етеді. АҚШ – легионерлерге ашық болғанымен, ішкі спорт мектебіне ерекше мән береді. Грузия – соңғы жылдары өз спортшыларын ғана қолдап, легионерлерге тәуелділікті азайтты.
Қазақстан да осы бағыттағы өз жолын таңдады. Жаңа заң – Қазақстан спортындағы бетбұрыстың басы. Ол бірден нәтиже әкелмеуі мүмкін, алайда, ұзақ мерзімді жоспарда бұл – ұлттық спортты өз тамырына қайта оралтудың стратегиясы. Бұл стратегияны іске асыруда мемлекеттің жүйелі қолдауы, кәсіби кадрлар мен әділ бәсекелестік шешуші рөл атқарады.