Өзбекті оңай демеңіз!

Ерболат АЙНАБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».


Футболдан Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Өзбекстандықтар Азия конфедерациясының іріктеу турнирінде өз тобында 2-орын иеленіп, 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика мемлекеттерінде өтетін мундиальге тікелей даңғыл жол ашты. Соңғы турдың алдында олар Әбу-Даби қаласында БАӘ құрамасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады. Осы нәтижесімен «А» тобынан Иран құрамасымен бірге жаһан чемпионатына жолдама иеленді. Айта кетерлік ерекше бір жайт, Өзбекстан – Орта Азия елдері арасында әлем чемпионатына қатысатын бірінші мемлекет.

2026 жылғы әлем чемпионаты ерекше форматта өтпек. Тарихта алғаш рет мундиаль үш елдің территориясында өтеді. Одан бөлек турнирге бұрынғыдай 32 емес, 48 құрама қатысады. Егер бұрын Азия конфедерациясына 4 жолдама беріліп келсе, енді 8 құрамаға мүмкіндік туып отыр. Соның арқасында Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына Азия Конфедерациясынан тікелей берілетін 6 жолдаманың біріне ие болып отыр. Бірақ, бұл Өзбекстан футболындағы соңғы жылдардағы оң өзгерістерді теріске шығара алмайды. Расында да оңтүстіктегі көршіміз футболды дамытуда елеулі-елеулі табыстарға жетті. Енді соған тоқталайық.

Өзбекстан бұл жетістікке ұзақ уақыт ұмтылды. Ұзақ уақыт дегенде Әбу-Даби қаласындағы БАӘ құрамасымен ұзаққа созылған матчты айтып тұрған жоқпыз. Иә, ол матч та оңай болған жоқ. Егер бұл матчта Өзбекстан құрамасына тең нәтиженің өзі жеткілікті болса, алаң иелеріне тең жеңіс керек-тін. Бірақ, осы ойынның қаһарманы болған өзбекстандық қақпашы Өткір Юсупов бұған қарсы болды. Ол матч аяғына қарай уақыт созғаны үшін төрешіден ескерту де алды, аяғы ауырғанын сылтауратып бір-екі рет орнынан тұрмай жатып алды. Ұлттық құрамасын әлем чемпионатына шығару үшін екі рет емес 2 миллион рет құлауға дайын Өткірді көрдік, сол жолы.

Енді «ұзақ уақыт» дегенімізге келейік. Өзбекстан 1991 жылы тәуелсіздік алғанымен Азия футбол конфедерациясына 1994 жылы мүше болып қабылданды. Өзбекстанда спортқа, оның ішінде футболға деген көзқарас 2016 жылы билік басына Шавкат Мирзиеевтің келуімен өзгерді десек болады. Десе де, бұл елде футболды дамытудың алғышарттары 2008-2009 жылдары-ақ жасалған болатын. 

Дәл осы уақытта әлем футболының жарық жұлдыздарының бірі Ривалдо ташкенттік «Бунедкор» клубының сапына ауысқан болатын. Ривалдоның ізін ала «Бунедкорды» жаттықтыруға атақты бразилиялық ойыншы әрі бапкер Луис Сколаридың өзі келген. Сол «Бунедкор» Өзбекстан футболы тарихында алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жеткен еді. Осы кезеңнен бастап өзбекстандықтарда футболға деген тың көзқарас оянды. Елде тек футболға арналған телеарна ашылып, жақсы жағынан айтқанда балаларды футболмен «улады». Жұлдызды ойыншылар мен бапкерлерге ақша шашу елдегі футбол насихатын ойдағыдай жүргізді десек болады. Алайда, бұл сол кездегі ұлттық құраманың ойынына, дамуына пайда тигізген жоқ. Бірақ елде футболмен «ауыратын» балалардың саны күрт өсті.

2016 жылы Шавкат Мирзиеевтің билікке келуімен елдегі спорт саласына да күрделі реформалар жасалынды. Кәнігі мамандар футболда бұрынғыдай легионерлерге ақша шашуды тоқтатып, жергілікті футболшыларды өсіруге бет бұрды. «Бунедкор» мен «Насаф» футбол академиялары құрылып, оған білікті мамандар шақырылды. Бұл жұмыстар нәтижесі көп ұзамай-ақ көрінді. 2018 жылы Өзбекстан құрамасы жастар арасындағы Азия біріншілігінде топ жарды. Бүгінде ұлттық құраманың негізгі ойыншылары – сол жылы Азия чемпионы атанғандар. 2020 жылы аттары жоғарыда аталған футбол академиялары «екі жұлдызды» академия атанды. Яғни «Бунедкор» мен «Насаф» академиясы Еуропаның белді академияларымен иық тірестірді деген сөз.

Одан бөлек қазір Өзбекстанда 200-ден астам ірілі-ұсақ футбол академиялары жұмыс істеп тұр. Өзбек жерінен «Ювентус», «Реал», «Зенит» секілді клубтар футбол академияларын ашқан. Балалар футболына көңіл бөлудің арқасында Еуропада доп тебетін өзбекстандық футболшылардың саны өсті. Англиялық атақты «Манчестер Ситидің» қорғаушысы Абдухадир Хусановты біз айтпасақ та біліп отырсыздар. Одан бөлек италиялық «Романың» шабуылшысы Эльдар Шомурадов бар. Мәскеулік «ЦСКА-ның» белді ойыншыларының бірі Аббосбек Файзуллаевты да атап өтуге болады. Бұлардан бөлек Азизбек Тургунбоев («Сивасспор», Түркия) пен Рустамжон Ашурматовтың («Рубин», Ресей) өз клубтарында негізгі құрам ойыншылары екенін айта кеткен жөн. 

Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алуына еңбек сіңірген адамдардың бірі – словениялық бапкер Цречко Катанец. Ол Словения құрамасын да Еуропа мен әлем чемпионаттарына шығарған алғашқы бапкер атанған. Оның баптауымен Өзбекстан құрамасы 42 ойынның 26-сында жеңіске жетті. Ресми ойындардың небәрі үшеуінде жеңіліс тапты. Алайда, 2025 жылдың басында ол денсаулығына байланысты командамен қоштасты. Оның орнына құраманы баптауға қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс («Ақтөбе» футбол клубының экс-ойыншысы) Тимур Кападзе келді. Кападзеден тәлім алған футболшылар білгенінен жаңылған жоқ, іріктеу турнирін сәтті аяқтады. Енді келер жылдың жазына дейін арқаны кеңге салып, мундиальге алаңсыз дайындала берсе болады.

Өзбекстан футбол құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуы – кездейсоқ жеңіс емес, ұзақ жылдар бойғы жүйелі реформалардың, сауатты басқару мен жас буынды өсіруге бағытталған табанды саясаттың нәтижесі. Бұл – бір ғана маусымның жетістігі емес, Өзбекстан футбол федерациясының, Өзбекстан үкіметі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің және жаттықтырушылар құрамының ұжымдық жұмысының жемісі.

Әлем чепмпионатындағы әрбір матч ойыншылардың бірлігі мен рухын сынайтын сәт болмақ. Дегенмен, қазірдің өзінде Өзбекстанның футболдағы серпілісін тұрақты дамудың көрінісі ретінде мойындауға болады. 

Өзбекстан футболына үңіліп не түйдік? Болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқан ұлтты, өз ісіне жан-тәнімен берілген жандарды, ел үшін жанын беруге даяр кәсіби спортшыларды көрдік. Қаржының тиімді жұмсалуы, жаттықтырушылар құрамының біліктілігі мен футболшылардың табандылығы бір арнаға тоғысып, тұтас ұлттың мақтанышына айналды. 

Пікір қалдырыңыз