Жәнібек жұдырықтасуға дайын

Сауд Арабиясының ойын-сауық істері басқармасының басшысы және Riyadh Season жобасының негізгі ұйымдастырушысы Турки әл аш-Шейх ресми түрде Канело мен Кроуфорд арасындағы жекпе-жек 13 қыркүйекте өтетінін жариялады. Бұл бокс кеші Netflix платформасы арқылы тікелей көрсетіледі.

Өз мәлімдемесінде әл аш-Шейх андеркардқа болашағы зор, «үлкен жеңістерге шөлдеп жүрген» боксшыларды шығарғысы келетінін айтып, олардың бұл кеште өздерін көрсетуге толық мүмкіндігі болатындығын атап өтті. Сондай-ақ ол алдын ала жекпе-жектерге қатыса алады деген боксшылардың тізімін жариялап, олардың командаларын байланыс орнатуға шақырды. 
Андеркардтың басты жұлдызы ретінде ол үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған жапон боксшысы Дзюнто Накатаниді атады. Сонымен қатар тізімге Кристиан Мбилли (Франция), Мохаммед Алякель (Сауд Арабиясы), Рейто Цуцуми (Жапония), Джастин Вилория (АҚШ), Эмилиано Альварадо (АҚШ), Джамар Тэлли (АҚШ), Абдулла Мэйсон (АҚШ), Нишант Дев (Үндістан) енген.
Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. 
«Әлеуметтік желілерді қарап отырып, жанкүйерлердің барлығы Турки мырзадан менің Адамеспен жекпе-жегімді «Канело» – Кроуфорд кешіне қосуын сұрап жатқанын көремін. Мен толықтай келісемін – қуана қабылдаймын! Мен дайынмын!» деп жазды Жәнібек Әлімханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Пікір қалдырыңыз