Мұз үстіндегі мұң...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Ол бала күнінде жиі ауыратын. Дәрігерлер оған өмір бойы күтініп жүру керектігін ескертудей-ақ ескертуші еді. Бірақ, оның тағдыры басқаша өрілді. Бір күні ол алғаш рет мұз айдынына шықты. Сол сәттен бастап өмірі өзгерді. Құлаған сәттері де көп болды, алайда, ол ешқашан ешкімге шағымданбады. Уақыт өте келе, оның есімі миллиондаған адамның аузында жүретін болды. Бүгінде оны «мұз үстіндегі аңыз адам» деп атайды. Ал, бұл аңыз қалай басталып еді?

Әлем спортының аңызына айналған Ирина Роднина 1949 жылы Мәскеу қаласында әскерилер отбасында дүниеге келген. Анасы дәрігер болған. Әпкесі математикаға қызығып, инженер-математик мамандығын таңдаған екен. Ал, Иринаға ондай таңдау берілген жоқ. Себебі, оның туғаннан өкпесі ауыратын. Бес жасқа дейін пневмониямен 11 рет ауырып, ауруханаға жатып шыққан. Дәрігерлер кішкентай қызды ауруынан айықтыратын амал дене шынықтыру жаттығулары деп кеңес берген соң, ата-анасы Иринаны спортқа береді. Өкпесіне пайдалы деп таза ауада айналысатын мәнерлеп сырғанау спортын таңдайды.

Бұл спорт түрі Иринаның денсаулығын түзеуіне әсер етіп қана қоймай, оның өміріне, тағдырына айналды. Аяғына алғаш коньки кигеніне 6 жыл толғанда ЦСКА академиясына қабылданып, бірінші кәсіби жарыстарына қатыса бастайды.

1963 жылы Ирина чехиялық бапкерлердің, кейіннен Станислав Жуктың қол астында жаттығады. ЦСКА-ның бапкері оны жұптасып өнер көрсету саласында сынап, Алексей Улановқа қосады. Жуктың идеясы өз нәтижесін беріп, Ирина мен Алексей жұбы мәнерлеп сырғанау спорты тарихындағы ұлы спортшылар атанады. Ұлы спортшылар деп артық айтқандығымыз емес, себебі, мәнерлеп сырғанау спортына параллель секіру, екілік акцель секілді орындалу жағынан қиын жаттығуларды енгізген дәл осы жұп болды. Мұндай жаттығуларды жекелей сында өнер көрсететін спортшылар ғана орындайтын. Ал, жұптық сында алғаш орындаған Ирина мен Алексей болды. 

1968 жылы олар КСРО чемпионатында қола жүлде алып, ұлттық құрамаға шақыртылды. Одан кейін екеуі өздері қатысқан жарыстардың бәрінде жеңіске жетіп отырды. 1969-1972 жылдар аралығында өткен Еуропа, әлем чемпионаттарының барлығында Ирина–Алексей жұбы алтын тұғырдан түспеді. 1972 жылғы Саппоро Олимпиадасының алтыны да осы жұптың мойындарында жарқырады. Бірақ...

1972 жылы Калгари қаласында әлем чемпионатының басталуына бір күн қалғанда Ирина Роднина жаттығу кезінде құлап қалады. Ол секіру жаттығуын орындап, жерге түсерде Алексей қағып алуы керек еді. Алайда, Ирина мұзға құлап, басынан ауыр соққы алады. Станислав Жук мұны кездейсоқ болған бақытсыз жағдай деп емес, әдейі жасалған қастандық деп қабылдайды. Тіпті, «Алексей Иринаны әдейі жарақаттап, басты қарсыласы Людмила Смирнованың әлем чемпионы атануы үшін жағдай жасады» деп мәлімдейді. Жарақатына қарамастан Ирина Роднина әлем чемпионатын ойдағыдай өткізіп, алтын жүлде иеленеді. Жарыстан кейін Ирина–Алексей жұбы екіге бөлінеді. Алексей Уланов Людмила Смирновамен спортта ғана емес, өмірде де жұп құрап, халықаралық аренада бірге өнер көрсетеді. Ал, Ирина Александр Зайцевпен жұптасып, өнер көрсете бастайды.

1973 жылы Ирина мен Саша жұбы КСРО, Еуропа, әлем чемпионаттарын жеңіп алады. Братиславадағы әлем чемпионатында бір ерекше оқиға орын алды. Роднина-Зайцев жұбы мұзда сырғанап жүрген сәтте кенеттен музыка өшіп қалады. Бапкер Станислав Жук спортшыларға сырғанауды жалғастыра беруді айтады. Ирина мен Александр көрермендердің шапалақ соғуымен өнер көрсетулерін жалғастырып, жаттығуларын соңына дейін жеткізеді. Кейіннен белгілі болғандай, музыканың сөніп қалуы ешқандай да кездейсоқтық емес. Жарысты ұйымдастырушылар осы әрекеті арқылы КСРО спортшыларына психологиялық қысым жасағысы келген. Ал, мұның астарында «Прага көктемі» саяси оқиғасының да жатуы бек мүмкін.

Ирина Роднинаның Алексей Улановқа қарағанда Александр Зайцевпен жұбы спорттық тұрғыдан өте сәтті болды. Біріншіден, Ирина Александрмен шаңырақ құрып, отбасы болды. Екіншіден, 1976 жылы Инсбурктегі, 1980 жылы Лейк-Плэсидтегі қысқы Олимпиада ойындарында Сашамен жұптасып, чемпион атанды. Одан бөлек әлем және Еуропа чемпионаттарында бірнеше рет топ жарды. 1969-1980 жылдар аралығында Ирина Роднина өзі қатысқан жарыстардың барлығында тек алтын жүлде иеленді. Оны ұлы спортшы етіп тұрған да осы жетістіктері.

Оны тағдыр аяған жоқ. Небәрі 5 жасында пневмония дертімен ауырған Ирина Роднина 11 рет аурухана төсегіне таңылды. Әлем чемпионатының алдында спорттағы ең жақын серігінің сатқындығынан зардап шегіп, жаны жабығып, үміті күйреп еді. Бірақ, Ирина тағдырына налып, спортты тастап кетпеді. Керісінше, өмірдің ағысына қарсы жүзіп, жарқын жеңістерге қол жеткізді. Дегенмен, бұл табыстың көлеңкесінде бала күнгі мұң, сатқындықтан қалған жара мен ішкі жалғыздық жатқандай... Иринаның жеңісі көптің қошеметіне бөленсе де, оның ішкі әлемінде сыздап тұрған жара ешқашан толық жазылған жоқ. Бейне бір мұз сияқты – сырты жылтыр, іші сыз. Ол мұзда сырғанау арқылы ішкі күйзелісіне қарсы күресті. Әр қозғалысында – шыдам, әр айналысында – жан айқайы жасырынғандай. Сахнада күллі әлем қол соғып тұрған сәттің өзінде Ирина ішкі жалғыздығымен бетпе-бет келіп, мұз үстінде мұңмен би билеп жүргендей көрінетін...

Пікір қалдырыңыз