Білімі – жоғары, сауаты – төмен...

Қазіргі жоғары білімді жастардың сауатының қаншалықты деңгейде екенін жазуынан-ақ «жазбай» тануға болады. Екі сөздің басын құрап жаза алмайтын «білімділердің» бетпердесін әлеуметтік желілер әшкерелеп жатыр. Сұрастырып көрсең, әрқайсысының қалтасында табақтай-табақтай бір-екі дипломнан бар. Жоқ дегенінің өзі университеттерде жоғары білім алып жүр. Яғни өздерін жоғары білімдіміз деп мақтанғанда кеуделері аяққаптай болатын олардың шын мәнінде сауатының төмен екенін жеке парақшаларынан білуге болады.
Сонда біз сауатсыздығынан ұялмайтын, білімсіздігінен арланбайтын ұрпақ өсіріп отырған жоқпыз ба деген ой келеді.
Иә, қазіргі таңда жоғары білім беретін оқу орындарының жұмысына көңілі толмайтындар көп. Бірі аты дардай университеттерде білім беру сапасының төмендігін, дипломда құндылық қалмағанын айтса, екінші тарап бұл келеңсіздікке жекелеген адамдардың өзін кінәлайды. Қалай айтқанда да, көпшілік қоғам тұтас сауатсызданып бара жатқанын жоққа шығармайды. Кезінде бір қателігі үшін қызметтен қуылып, беті шиедей болғандарды алдыңғы буын өкілдері жиі айтады. Сайып келгенде, мұның өзі сауаттылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді емес пе?! Мұндай жағдайларға біз неге көз жұма қарайтын болдық? Бұл қараңғылық бізді қайда бастап барады? Осы мәселені өзіміздің жастар арасында талқылаған біз бірнеше түйін жасаған болдық. Біріншіден, жоғары білімнің жаппай қолжетімділігі кімнің кім екенін ажыратуға кері әсерін тигізе бастаған сияқты. Бұрын жоғары оқу орындарына түсу оңай емес еді. Ал, қазір грант саны көбейіп, одан қалса ақылы білім беретін оқу орындары қаптады. Бұл жоғары білім алуды көпшілікке қолжетімді еткенімен, оның екінші жағы – сапасына кері әсер етті. Екіншіден, кейбір студенттер емтихандарды «шпаргалкамен» тапсырып, курстық жұмыстарды көшіріп алады, ал, енді бір университеттер академиялық адалдық талаптарын қатаң сақтамайды. Бұл жастардың ЖОО-ға түсуі білім алудың емес, жай ғана диплом алу процесіне айналғанын көрсетеді. Үшіншіден, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен өзара сөз байласқан сыбайластықтың да сауатсыздықты «балалатуға» «қосар үлесі» аз емес. Яғни баға сатылатын болған соң білімде не құндылық қалады? Ал, оқу орнын құны жоқ бағамен бітірген адамның қандай маман болатынын бүгінгі аты-жөнін дұрыстап жаза алмайтындар анық көрсетіп жүр.
Несін жасырамыз, кейбір университеттерде студенттердің сабаққа қатыспай-ақ баға алуы, дипломды ақы төлеп қорғауы сияқты келеңсіз жағдайлар жиі кездеседі. Ол білім сапасын төмендетіп қана қоймай, қоғамда біліксіз мамандардың көбеюіне жол ашады. Бұл проблема түптеп келгенде, елдің дамуына зиянын тигізеді: сауатсыз түлектердің еңбек нарығына шығуы жұмыс сапасына кері әсер етеді. Біліксіз дәрігер науқастың өміріне қауіп төндірсе, сауатсыз мұғалім жаңа буынның білімсіз болуына себепкер болып жатады. Ал, кәсіби білімі жоқ инженер үлкен қателіктерге жол беруі мүмкін. Мұндай түлектердің көбеюі жұмыс берушілердің университет дипломдарына деген сенімін азайтып, еліміздің ертеңі үшін де зор қатер болып саналады. Кейбір компаниялар қазірдің өзінде дипломға емес, нақты дағдыға, тәжірибеге мән беріп жататыны бекер емес.
Жалпы, жоғары білімнің маңыздылығы қандай? Бұл мәселеге келгенде қоғамда екі түрлі көзқарас бар. Бірінші тараптың ойы «диплом маңызды емес, бастысы – қабілет пен икем» дегенге келсе, екінші тараптың түйіні «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегенге саяды. Бірақ, мәселе сол «қасаптың» қаншалықты маман екендігінде емес пе?! Демек, әр істің өз маманы болу үшін бүгіннен бастап білім іргетасы дұрыс қалануы тиіс. Сіз қалай ойлайсыз?
Дариға АҚБАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті.