Жаһандық бәсекеге қабілетті болу аудиториялардан басталады

 Экономика халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, қоғамның ілгері дамуына ықпал етеді. Тіпті елдің мәдениеті мен ғылымын, денсаулық сақтау және білім беру салаларының дамуы экономикаға тікелей тәуелді. Әлеуметтік саладағы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін де осы сала. Қазір жаңа технологияларды енгізу мен ғылыми зерттеулердің арқасында әлемдік экономика көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр.

 Технологиялық жаңалықтар өндірістің тиімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейтті. Сондай-ақ, цифрлық экономика мен интернет-технологиялардың дамуымен бірге көптеген жаңа салалар пайда болды. Нәтижесінде экономикадағы инновациялық үдерістер қоғамды өзгертіп, адамдардың өмір сапасын жақсартуға жол ашуда. Экономиканың халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының деңгейін анықтайтын маңызды сала екенін де осыдан байқауға болады. 

Әрбір мемлекет экономикалық әлеуетін пайдалана отырып, әлемдік нарықта өз орнын табуға тырысады. Сауда-саттық, инвестициялар, сыртқы қарыздар және халық-аралық ұйымдармен серіктестік экономиканың дамуына ықпал етеді. Әлемдік экономиканың жаһандануы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. 

Еліміздің жоғары оқу орындарындағы экономика кафедралары – қоғамның экономикалық дамуына, мемлекет пен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін, сондай-ақ студенттердің әлеуметтік дамуына мүмкіндік беретін маңызды оқу бөлімі. Экономика кафедралары экономистерді даярлау арқылы ғана емес, ғылыми зерттеулер жүргізіп, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ерекшеленіп келеді. Аталмыш кафедралар елдің және жеке тұлғалардың дамуы үшін қажетті білім мен дағдыларды қамтамасыз етеді, қоғамның тұрақтылығына және әл-ауқатының артуына ықпал етеді. 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті – еліміздегі ең ірі және көпсалалы оқу орындарының бірі. Оңтүстік өңірінің ғылым, білім, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүрген үздік оқу ордасы. Мұндағы экономика кафедрасының ұстаздары азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін түрлі проблемаларды, мәселен, инфляция, жұмыссыздық, салық салу және тағы басқа экономикалық мәселелерді шешудің жолдарын іздейді. Бұл проблемаларға қатысты студенттер теориялық және практикалық білімдерін жетілдіреді. Экономика мамандығында оқу студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіреді. Экономикалық болжамдар жасау, статистикалық деректерді талдау, түрлі экономикалық құбылыстар мен процестердің арасындағы байланысты зерделеу – студенттердің сыни ойлау және аналитикалық дағдыларын дамытады. Бұл қабілеттер студенттерге тек академиялық салада ғана емес, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарда тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі. Сонымен қатар, факультет студенттері халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды әзірлеуге қатыса алады, бұл олардың ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Студенттер үшін экономика кафедрасы тек білім алатын орын ғана емес, сондай-ақ олардың болашақтағы жақсы өмірі мен жетістіктерінің негізгі баспалдағы. 

Бұл мамандықта тәжірибелі, жоғары дәрежелі ұстаздар ғана сабақ береді. Атап айтсақ, кафедраның беделді оқытушысы Айна Айдарова былтыр жоғары аттестациялық комитеттің бекітуімен профессор  атағын алды.  Ал, Айгүл Төлеметова «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді. Айымжан Жакешова «ҚР Алтын жұлдызы» төсбелгісімен марапатталды. Профессор Алтын Есіркепова Түркияның Мармара университетінде ғылыми тәжірибеден өтіп келсе, университеттің докторанты Динара Махмуд Испанияның Кадис университеті мен Вальядолид университетінен «ERASMUS+» грантын ұтып алды. Ол сонымен қатар АҚШ-тың Greenheart ұйымынан «Recycling Awareness Campaign» жобасымен «Global Impact Grant Awards 2024» марапатына ие болды. 

Тәжірибелі ұстаз Гүлжанар Әбдікерімова «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлденең біріктірілген құрылым ретінде өңірлік азық-түлік хабының моделін қалыптастыру (Түркістан облысының ет кластері мысалында)» тақырыбындағы жобасын қорғап, үздік деп танылды. Осындай еңбекқор профессорлардан білім алған студенттер де ғылыми жобалар қорғап, қатарларының алды болып жүр. Шетелдік университеттерден академиялық ұтқырлық бойынша білім алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған түлектердің саны тіптен көп. Роза Серік Латвияда, Аружан Құлман Польшада білім алып қайтты. Түлектерге мол мүмкіндік беретін кафедраның жетістіктері жетерлік. 

Кафедра меңгерушісі Алтын Есіркепова оқу орнының абыройын асқақтату үшін ізденістен бір сәт қол үзген емес. Осы еңбегі еленіп, ол 2022 жылы «Үздік ұстаз» атағын иеленді. Одан бөлек «Климаттық өзгерістердің алдын алу үшін Түркістан облысының ауыл шаруашылығында пайдаланатын табиғи ресурстардың тиімділігін арттырудың экономикалық-математикалық моделін әзірлеу» жобасын әзірлеп, оны іске асыруға 83 млн, теңге грант ұтып алды. Бұл – ауылдарды дамытуға үлес қосатын ауқымды жоба. 

Кафедра мұғалімдері білімдерін ұдайы жетілдіріп отырады. Кафедраның 6 оқытушысы докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Университетке шетелдік азаматтар да қызығушылық танытып, докторлық атақ алу үшін оқуға түсіп жатыр. Мұның өзі біз үшін айтулы жетістік. 

Экономика кафедрасының маңызы мемлекеттік органдардың жұмысына да тікелей байланысты. Экономистер экономикалық саясатты қалыптастыру, қаржы мен бюджетті басқару, салық жүйесін реформалау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерінде маңызды рөл атқарады. Қоғамдық сектордағы экономистердің жұмысы мен білімі мемлекет үшін өте маңызды. Біздің оқу орнымыздағы экономика кафедрасы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыратын білікті кадрларды даярлайды.

Жалпы кафедра жетістіктері оның білім беру сапасымен, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, халықаралық байланыстарымен студенттердің кәсіби даярлығымен тығыз байланысты. Бұл кафедра тек білім берумен шектелмей, экономикалық ғылым мен қоғамдағы өзгерістерге ықпал ететін маңызды факторларға баулиды. Экономика мамандығының дамуы мен жетістіктері университеттің және елдің экономикасының дамуына да зор үлес қосады десек, қателеспейміз.

Экономикасыз тұрақты даму мен өркендеуге қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті экономикалық білім мен мәдениетті дамыту, ресурстарды тиімді пайдалану және қоғамның барлық салаларында әділеттілікке қол жеткізу – заманауи экономикалық саясаттың басты мақсаттары болуы тиіс.


Айымжан ЖАКЕШОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің, экономика кафедрасының 

профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты.

Пікір қалдырыңыз