Әлем әліптің артын бағып отыр...

Роза БЕКЕТАЕВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Әлем демін ішіне тартып тұр. Барлық назар – Батыста. Ақ үйдегі «айқай» жер шарын қақ жарғандай: Еуропа бір жақ, Америка бір жақ, ара жігі ажырап барады. Онсыз да күрделі геосаяси жағдай тіпті шиеленісе түскендей. Жағдай дауыл алдындағы тыныштыққа ұқсайды...
Доғал бөлмедегі дау
Күні кеше АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуі дау-дамаймен біткенін бүкіл әлем көрді. Киев пен Вашингтон Украинаның минералды реурстары (сирек кездесетін металдар) мен өнеркәсіп-логистикалық инфрақұрылымға қол жеткізу туралы келісім жасаудың соңғы сатысында тұрған еді. Бірақ, тараптар келісімге келе алмаған күйі тарқасты. Билікке келсем соғысты бір-ақ күнде тоқтатамын деген Ақ үй «қожайыны» дегеніне жете алмады, үш жылға созылған сойқаннан титықтаған Зеленский де «бейбітшілік кепілдігіне» қол жеткізе алмады.
Оның агрессияға қарсы артымда Еуропамен қатар АҚШ-тың да қалың әскері тұрса деген үміті ақталмады. Күллі әлем тікелей эфирде екі президенттің бір-біріне сөз бермей салғыласқанына куә болды. Сырт көзге АҚШ-тың сексенге таяған тісқаққан президенті мен болашақта таққа отырады деп айтылып жүрген қазіргі вице-президенті, былтыр қырық жасқа толған Джей Ди Вэнс екеуі тығырыққа тіреліп, бейбітшілік іздеп келген Зеленскийге қысым көрсетіп, қалайда айтқанына көндірудің айласын жасап жатқандай көрінді. Эмоцияға толы қол сілтеу, қатты-қатты шыққан дауыстар. Мұны демократиялық елдерге тән ашық дискуссия дей алмайсыз. Турасын айтқанда, бұл әлем алдындағы ашық қызылкеңірдек ұрыс деуге келеді. Иә, бейбіт өмір әкеледі деген кездесу, керісінше, жанжалға ұласып, доғал бөлмедегі дау дипломатиялық ұстаным шегінен шықты. Қазақы тілмен айтсақ, ашуға бой алдырған екі патшаның бірі алды-артына қарамай, келіссөз алаңын тастап кетсе, екіншісі дөңайбат көрсетіп, жер сабалап қала берді.
Соғыс... бітті ме, бастала ма?
Қыстың соңғы күніндегі сөз-қақтығыс ешкімді де бей-жай қалдырмады. Болған жайға қатысты болжам да, пікір де көп. Біреулер мұны Украинаның сөзсіз жеңілісі санаса, енді біреулер бұл екеуара келісілген сценарий дейді. CNN, BBC, Reuters, Daily секілді халықаралық ақпарат агенттіктері бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, «соғыс жалғасады!» деп жазып жатыр. «Ақ үй басшысының айбат шегуі АҚШ-тың Ресейді қолдайтынын көрсеткендей, енді екеуі украин жерін қақ бөліп алады» дейтіндер де аз емес. Қалай десек те, бейбітшілік жібін жалғайды деген жұмадағы жүздесу, керісінше, қиюы келіспей тұрған АҚШ пен Еуропа арасын одан әрі алшақтата түсті. Бұған еуропалық лидерлердің көздеген мақсатына қол жеткізе алмай кері қайтқан Украина басшысына қолдау білдіруі дәлел. Жағдай кері сипат алғанын көргенде Франция, Ұлыбритания, Польша, Молдова, Испания, Ирландия, Исландия, Швеция, Латвия, Литва, Германия, Бельгия басшылары әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында «Сен жалғыз емессің, Украина. Біз сенімен біргеміз!» деген мағынада жазба жариялады. ВВС Канада, Австралия, Нидерланд, Чехия, Эстония да жағдайы ушыға түскен Зеленский мен Украина халқына демеу болар сөз арнағанын айтады. Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің жазғанын да оқыдық. Бірақ, бұл үш қыс, үш жаз соғысып келе жатқан, халқы титықтаған, қаласы қираған, экономикасы күйреген, күші таусылуға, қуаты сарқылуға таяған Украинадағы соғысқа нүкте қойылады деген сөз емес. Қайта Еуропа мен АҚШ арасындағы қырғиқабақ тартыс «не бел, не белбеу кетеді» дейтіндей ширыққан шиеленіске айналды. Трамп, тіпті «Украина үшінші дүниежүзілік соғыспен ойнап жатыр» деді...
Еуропа неге дүрлікті?
Жұманың кешіндегі кездесу, дұрысы Ақ үйдегі «айқай» Еуропаны әлекке салды. Жексенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украинадағы жағдай бойынша жедел саммит өткізді. Өйткені, Еуропа елдерінің көшбасшылары АҚШ-тың Киевті қолдауды жалғастыруға құлқы жоқ екеніне алаңдаулы. Олар ресми Вашингтон Ресейге жақындауға бейіл деп санайды. Сол себепті шұғыл жиналды.
Айта кетейік, Лондондағы Ланкастер-хаус сарайында өткен саммитке Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Финляндия президенті Александр Стубб, Польша премьер-министрі Дональд Туск, Испания премьер-министрі Педро Санчес, Дания премьер-министрі Метте Фредериксен, Швеция премьер-минис-трі Ульф Кристерссон, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре, Чехия премьер-министрі Петр Фиала, Түркия СІМ басшысы Хакан Фидан, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен, НАТО бас хатшысы Марк Рютте және Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта қатысты. Еуропадан тысқары келген қонақтардың арасында Канада премьер-министрі Джастин Трюдо бар.
18 ел мен қауымдастық жетекшілерінің қатысуымен өткен кездесудің қорытындысы бойынша, саммитке қатысушылар Ресейге экономикалық қысымды күшейтуге уәделесті. Ал, Украинаға әскери көмек көлемін ұлғайтпақ. Ұлыбритания сол сәтте-ақ Украинамен жаңа экономикалық келісімге қол қойды. Оған сәйкес Киев қару-жарақ сатып алу үшін 2 миллиард доллар алады. Оның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған Белфастта өндірілетін 5 мыңнан астам зениттік зымыран бар.
Сонымен бірге саммитте Ұлыбритания мен Франция Украина билігімен бірге шайқастарды тоқтату жоспарын әзірлеп, оны АҚШ-қа ұсынатын болып уағдаласты. «Мақсат – қантөгісті қалайда тоқтату, қауіпсіздікті қамтамасыз ету» дейді олар.
Дегенмен, шұғыл ұйымдастырылған саммитте Еуропа елдері екі алып бірігіп кете ме деген қаупін де, қорқынышын да көрсетіп алғандай...
Кімге сеніп, кімге сүйенеміз?
Шынын айтқанда, соңғы төрт күнде орын алған жайлар сарапшыларды да сансыратты: Ресей мен Украина, АҚШ пен Еуропа арасы қалай болмақ, мұны ешкім де тап басып айта алмай отыр. Болжам көп, нақты пікір жоқ. Әлем әліптің артын бағып отыр. Еуропа өз қауіпсіздігін қамдауға мықтап кірісті. Ал, Украина екі «дәудің» ортасында алаң күй кешуде. Жер асты байлығы да тәуелсіздігінің, бостандығының кепілі болуға жарамай тұр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегеннің кебі.
Бұдан нені ұғыну керек?
Кешелі-бүгінгі оқиғалар аймақтағы посткеңестік елдердің бәріне ой салғандай. Бұдан әр мемлекет өзіне тиімді сабақ алды деп ойлаймыз. Қай-қай мемлекет те алып державаларға иек артуға болмайтынын, оларға көзсіз сенудің негізсіз екенін сезінгендей болды. Әсіресе, Қазақстан. Біз де екі алып мемлекеттің ортасында отырған елміз. Ары қарасаң – Ресей, бері қарасаң – Қытай. Оның үстіне, жер асты қазба байлықтары, сирек те аса құнды металдар біздің елде де жеткілікті. Вольфрам қоры бойынша Қазақстан әлем бойынша бірінші орында. Хром кені бойынша екінші елміз. Қорғасын, мырыш, барит бойынша – 5, мыс бойынша – 12, ал, алтын кені жөнінен әлемде 15- орындамыз. Одан бөлек, марганец, күміс, уран қорының мол мөлшері тағы бар. Әлемдегі ең қымбат металл – осмийді экспорттайтын жалғыз ел де біз. Осы байлыққа көз салушылар жоқ дей аламыз ба?!
Кешегі күннен кім-кім де алпауыттарға жем болып кетпеу үшін алып державаларға ғана арқа сүйемей, орта деңгейлі мемлекеттермен де байланысты нығайтудың дұрыс екенін ұққандай. Сосын, сенетінің – өзің ғана. Адамзаттың алыбы – хәкім Абай мұны ертеректе-ақ айтып қойған: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап...»