Ауыл мектебіндегі жаңа мүмкіндіктер

Бүгінде білім беру жүйесі қарқынды дамып, жаңа технологиялар оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, орыс тілі мен әдебиеті сияқты пәндерді оқытуда заманауи әдістер мен цифрлық құралдардың рөлі артып келеді. Арыс қаласына қарасты ауыл мектептерінде де бұл үрдіс біртіндеп қолданысқа енгізіле бастады. 

Заманауи технологиялардың ең үлкен артықшылығы – оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруы. Құрғақ грамматикалық ережелерді жаттау балаларға қиын әрі қызықсыз болуы мүмкін. Ал, егер сол ережелерді интерактивті ойындар, онлайн жаттығулар немесе анимациялық бейнематериалдар арқылы түсіндірсек, оқушылар жаңа тақырыпты әлдеқайда тез меңгереді.
Қазіргі таңда түрлі онлайн платформалар мұғалімдерге сабақты жаңа форматта беруге көмектеседі. Бұл сервистер арқылы оқушылар сөздік қорын байытып, жаңа сөздерді тез жаттап алады. Бұдан бөлек, аудио және бейнематериалдар арқылы тіл үйрену әдісі де кең таралған. Олар балаларға дыбыстардың дұрыс айтылу жолдарын кітаптан оқып қана қоймай, тәжірибе жүзінде іске асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, орыс тіліндегі қысқа мультфильмдер, подкасттар немесе диалогтық жаттығулар оқушылардың сөйлеу дағдысын жақсарта түседі. 
Жасыратыны жоқ, ауыл мектептерінде интернет мүмкіндіктері кейде шектеулі болуы мүмкін, бірақ ол жаңа технологияларды қолдануға кедергі емес. Мұғалімдер қажетті материалдарды алдын-ала жүктеп алып, сабақ барысында пайдалана алады. Ең бастысы, баланың оқуға деген қызығушылығын, тілді үйренуге деген ынтасын арттыру керек.
Орыс тілін меңгеру грамматиканы жаттаудан ғана тұрмайды. Ол – қарым-қатынас құралы. Заманауи технологиялар бұл үдерісті жеңілдетіп, оқушыларға жаңа форматта білім алуға мүмкіндік береді. Егер біз дәстүрлі әдістер мен инновациялық тәсілдерді үйлестіре білсек, ауыл мектептеріндегі орыс тілі пәні сабақтары әлдеқайда тиімді әрі қызықты болмақ.

Шынар ХОРАМБАЕВА,
М.Мәметова атындағы №5 жалпы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті 
пәнінің мұғалімі. 
Байтоғай ауылы, Арыс қаласы. 
Пікір қалдырыңыз