Шын ғалымның хаты да, аты да өлмейді

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан қаласының құрметті азаматы Сейітқали Мәдуанұлы атындағы дәрісхана ашылды. Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, ғалымның әріптестері, достары мен көзін көрген игі жақсылар, отбасы мүшелері, оқытушы профессорлар мен студенттер қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа қазақтың ғылымы мен біліміне, мәдениетіне елеулі үлес қосқан біртуар азамат Сейітқали Мәдуанұлының еңбектерін таныту, ілімін насихаттау, тұлғалық ерекшелігін, азаматтық ұстанымын дәріптеу.
Заманауи үлгіге сай жасақталған дәрісхана университеттің 3-ғимаратында, марқұм қызмет атқарған тарих кафедрасында ашылды. Оның лентасын университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі міндетін атқарушы Нажи Генч, мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, Сейітқали Мәдиуанұлының жары Перизат Тоқсан салтанатты түрде қиды. Жиналған қонақтар университет ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. 
Көрнекті ғалымның құрметіне арналған жиын Мәдениет орталығында ғылыми және мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты. Оған модераторлық еткен ректор Жанар Темірбекова «Сейітқали Мәдуанұлы – халқымыздың ғасырлар қойнауына кеткен тарихын, мәдени мұраларын зерттеп, оның келешек ұрпаққа жетуіне алтын көпір болған, ұлтымыздың, тіліміздің үлкен жанашыры, университет ашылған күннен бастап қызмет атқарып, оқу ордасының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Сіздерді Түркістан қаласының құрметті азаматы Сейітқали Мәдуанұлы атындағы дәрісхананың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!» деді. 
Жиында  ректор өкілі міндетін атқарушы Нажи Генч те құттықтау сөз сөйлесе,  ҚР ҰҒА академигі Тынысбек Қалменов марқұм жайлы жылы естелік айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков  ұстаз жайлы тың деректермен бөлісті. Көпшілікке Сейітқали Мәдуанұлының «Қазақтың әкесі – тарих, анасы –тіл» деген рухты сөзін жеткізді. Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа өзіне ұстаз болған ардақты азаматтың адамгершілігі мен кісілік болмысын тілге тиек етті. Ғалымның жары Перизат Тоқсан айтулы іс-шараны ұйымдастырған университет басшылығына алғысын білдірді. Оқу ордасының басшылары оған қамзол кигізіп, ақ орамал тақты.
Жиын соңы ғалым әрі ақынның шығармашылығына арналған әдеби кешке ұласты. Кеште Сейітқали Мәдуанұлының сөзіне жазылған «Ата заң» әні шырқалды. Студенттер ақынның қаламынан туған өлең шумақтарын жатқа оқыды. Айта кетейік, бұл күнде киелі шаһардың  әнұранына айналған «Түркістаным–Тұраным» әнінің сөзін де Сейітқали Мәдуанұлы жазған. Кеш соңында ақынның төл туындысы шырқалып, көрермен қауым тік тұрып, қошемет көрсетті.

 «ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.
Пікір қалдырыңыз