Бала тәрбиесі – болашақтың негізі

Бала тәрбиесінде мұғалімнің рөлі айрықша. Мұғалімнің рөлі – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар балаға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, өмірлік құндылықтарды үйрету. Әрбір баланың өзіне тән қасиеті, қабілеті мен дүниетанымы бар. Сол себепті, біз әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасап, оның болашағына барынша жауапкершілікпен қараймыз. Әр сабағымызда тек оқулықпен ғана емес, өмір тәжірибесімен де бөлісіп, баланың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға тырысамыз.

Бала тәрбиесіндегі басты тұлға – ол, әрине, ата-ана. Ата-ананың үйдегі тәрбие әдіс-тәсілдері мен баламен қарым-қатынасы оның мектептегі оқуына, мінез-құлқына, жалпы өмірге деген көзқарасына үлкен әсер етеді. Мектеп пен отбасының арасында тығыз байланыс болуы керек. Ата-ана баласының жетістіктері мен қиындықтары туралы білуі тиіс. Бұл тек мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығының арқасында ғана мүмкін болады.
Тәрбие – бұл тек мектепке дейінгі кезеңде емес, баланың өмірінің барлық кезеңдерінде жүргізілетін процесс. Ол ешқашан аяқталмайды. Бала өзінің жасына, ойлау қабілетіне қарай өзгеріп отырады, сондықтан оны тәрбиелеу әдістері де әртүрлі болуы керек. Бірақ, ең бастысы, балаға сенім, махаббат, қолдау көрсету керек. Әр баланың ішінде үлкен мүмкіндіктер бар. Тек оған дұрыс жол көрсетуіміз қажет.
Заманауи қоғамның талабы мен жылдам дамып жатқан технологиялар баланың өміріне де әсер етуде. Сондықтан баланы тек біліммен ғана емес, заманауи технологияларды пайдалану, ақпаратты дұрыс қабылдау және оны сыни тұрғыдан бағалау қабілетін де дамыту керек. Бірақ, ең бастысы, балаға өз пікірін білдіру, сұрақ қою, тыңдай білу және өз ойын еркін жеткізе алуға мүмкіндік беруіміз керек.

Рамазан ӘБДІЖАППАР, 
«Майбұлақ» жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
Төлеби ауданы.
Пікір қалдырыңыз