АЙНАЛАСЫНАН ЖЫЛУ КӨРМЕГЕН БАЛА ЗИЯНДЫ ЗАТТАРҒА ҮЙІРСЕК КЕЛЕДІ

Кейбір балалардың отбасындағы тұрақсыздық пен әлеуметтік жағдайлар баланы күйзеліске итермелесе, енді біреулері ата-ананың мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж.

Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі - темекі, ішімдік пен есірткіге деген тәуелділік. Бұл әсіресе, жасөпірімдер арасында өте көп кездеседі. Енді ғана жетіліп келе жатқан жастың ой-санасы мен ағзасы осындай улы заттарға бейім келеді. Себебі, олар уақытша болса да жайлылық сезімін сыйлайды. Ал, өзі өмір сүріп жатқан орта заңдылықтарына енді үйренісіп жатқан не болмаса соны қабылдай алмай жүрген жасөспірім осы сияқты зиянды заттарды қабылдау арқылы өзінің ойындағы әлемде өмір сүреді. Бірақ, шынайы өмірге қайта оралғанда, яғни зиянды заттардың әсері қайтқанда, шынайы өмірді қабылдау қиынға соғады.

 Жасөспірімдердің зиянды әдеттерге әуестігі тек бір себепке ғана негізделмеген. Кейбір балалардың отбасындағы тұрақсыздық пен әлеуметтік жағдайлар баланы күйзеліске итермелесе, енді біреулері ата-ананың  мейірімі мен қамқорлығына мұқтаж.  Алайда, көп отбасы жұмысбастылыққа салынып балаға қарауға уақыт таппайды. Осындай проблемалар жинақталған кезде жасөспірімдер өздерінен үлкен ортаға қосылып, тез есейіп кетуді мақсат тұтады. Ересектерден зиянды әдеттерді үйрену арқылы іштегі проблемаларын жеңілдетеді, оның соңы түрлі қылмыстарға апарып соғады. Қазір қалалы жерде ғана емес, ауылда да мұндай фактілер көптеп кездеседі. Мысалы, бүгінгі жастар электронды темекіні пайдалану үшін түрлі қылмыстарға бой алдырады. Ең алдымен жұмыртқа, тауық ұрлаудың соңы қозы мен қой ұрлығына ұласып, нашар ортаға еніп кеткенін бала өзі де аңғармай қалады. Біз бұған тек баланы ғана емес, барша қоғамды жауапты деп санаймыз. Неге? Себебі, енді өсіп келе жатқан балаға айналасындағылардың әсері мол. Ең бірінші, ата-анасы. Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі. Сондықтан балаға сөз жүзінде емес, іс жүзінде үлгі бола білу керек.

Келесі кезекте баланың білім алу ортасы. Яғни мектепте сол зиянды заттарды заңсыз деп есептеп, оларға жоламаудың маңыздылығын түсіндіру керек. Айналасынан жылу алмаған бала сол жылуды зиянды немесе улы заттардан алғысы келеді. Бұған ең бірінші ат-ана жауапты болса, екіншісі, мектеп. Бұл тұрғыда мектеп мұғалімдері мен психологтардың дұрыс жұмыс істеуі керек. Алайда, көп мұғалімдер баламен жұмыс істеуді өзінің жұмысы деп санамайды. Кей мұғалімдер балаға сабақ берумен ғана шектеледі. Ал, оның ішкі санасы мен ойын таразылау - психолог мамандардың жұмысы. Бұл ойға келісуге болар еді, бірақ, психологтар өз дәрежесінде жұмыс істей ме? Мектеп психологтары әр баламен жеке-жеке сөйлесуге тіптен уақыт та таппайды. Сондықтан олар сауалнама жүргізеді. Бірақ, алдын ала ескерту беріледі. Яғни сауалнаманы оқушы емес, психолог орындайды. Егер сауалнамада «мектеп тарапынан сізге айтарлықтай көңіл бөлініп жүр ме, психологтың жеке қабылдауында болдыңыз ба?» деген сұрақ болса, оған жауаптар «иә немесе жоқ», әйтпесе, «жауап бере алмаймын» деген жауаптар болса, оқушы психологты ешқашан көрмесе де жоғарыда айтылып кеткен «иә» жауабын белгілейді. Осы жағдай тек психологқа байланысты сұрақтарда ғана емес, барлық сұрақтарда қайталанады. Ол қағаз түріндегі анкета немесе сауалнама болса да, онлайн форматтағы сауалнама болса да, «енді жақсы белгілейтін шығарсыңдар, енді ешкім тиісіп жүрген жоқ шығар» деп баланың өзіне сауал қояды. Бала өз ішіндегі сезімдерді түсінбей, кейбір балалардың тіпті, сыныптастары арасында дәрежесі төмендеп, мазақ астына қалса да оларға жеткілікті мөлшерде көмек көрсетілмейді. Ондай оқушылар тіптен мұғалімдерге де шағымдана алмайды, ал, психологтардың сауалнамасына өз қалауындай жауап бере алмайды. Себебі, психологтар еш балада қиындық болмаса, оның дәрежесі жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Мектеп тарапынан белгілі дәрежеде көмектің көрсетілмеуі де балаға әсер етеді.

 Бұл зиянды заттарға әуестік бірте-бірте пайда болады. Себебі, кей адамдардың пікірінше, «темекі шегу - еркектіктің белгісі, барлық ер азаматтар шегеді» деген пікір қалыптасады. Мүмкін бұған теледидарлардан көрсетілетін фильмдер мен телефондағы әр түрлі видеороликтердің де әсері бар шығар. Иә, шетел фильмдерінің қай-қайсысы болмасын, қай жанрда болмасын, темекі, ішімдік және есірткісіз өтуі мүмкін емес. Тіпті, ол қоғамның бір маңызды бөлігі ретінде көрініс табады. Қазірде бұл процесс қазақ киноиндустриясына жетті. Фильмдерде мұны ашық көрсетіп, бірақ оның қаншалықты зиян екенін белгілі дәрежеде көрсете алмай, керісінше фильмдерде осы типтес зиянды заттарды сырт көзге күшті, әсерлі етіп көрсетіп те жатады. Бұл сөздерім зиянды заттарды пайдаланып жатқан баланы ақтап алу емес. Тіпті, балаға кішкентай кезінен жақсы тәрбие беріп, мектеп, қоғам тарапынан белгілі дәрежеде көмектер көрсетілсе де, бұл процестер баланың зиянды заттарға жоламауына кепіл бола алмайды. Сондықтан осы процестерде ең маңызды тұлға баланың өзі. Себебі, айналасындағылар баланың ойына әсер етуі мүмкін, бірақ, оны өзгерте алмайды. Егер бала бір істі таңдаса, оны райынан қайтару өте қиын, тек оған әсер етуге болады.

Элиза МҰҚАНҚЫЗЫ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік зерттеу университетінің 2-ші курс студенті.

Пікір қалдырыңыз