Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Ұлы Жеңістің мән-мағынасын бұрмалауға жол берілмейді»

KAZINFORM. Елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп, онда Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш-қайраты көрсетілді.
Парадқа ел өңірлерінен келген соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Лам, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері де қатысты.  

Қазір елімізде 105 соғыс ардагері тұрады. Олар 80 жылдан бері бейбітшіліктің қадір-қасиетін қазіргі ұрпаққа айтып, түсіндіріп келеді. Осы орайда бүгінгі әскери парадқа 6 соғыс ардагері арнайы келіп, қатысты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парад кезінде Қазақстан үшін ең басты мақсат ұлт мүддесін қорғау екенін ерекше атап өтті.
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір парадты көруге келгеніне тоқталды.
– Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
– Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел, – деді Президент.
Бүгінгі әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрды, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтыды. Тарихи бөлігінде Жеңістің 80 жылдығында аға буын батырларымыздың ерлігіне құрмет көрсетілді. Ал заманауи бөлігінде Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі айбын-күші таныстырылды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінен 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды. Оның ішінде бұған дейінгі парадтарда болмаған зенитті зымыран кешендері, роботтың көмегімен жүретін су жаңа әскери техниканы тамашалауға мүмкіндік туды.
Атап айтқанда, бүгінгі парад кезінде әскери техника үлгілері, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстағы армияның негізгі қаруы болған техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Елордадағы әскери парад кезінде алаңнан соғыс кезінде ең көп шығарылған әрі аса танымал болған Т-34 танкі мен танымал БМ-13 («Катюша») реактивті артилеррия машинасы жүріп өтті. «Т-34» танкі – екінші дүниежүзілік соғысының аңызы. Қарапайым әрі сенімді, ұрысқа кірген алғашқы сәттен бастап ол теңдесіз артықшылығын көрсетті. Соғыс жылдарында 30 мыңнан астам «Т-34» танкісі шығарылды. 
Одан соң сол кезеңдегі ЗИС-2 зеңбіректері мен М-30 гаубицалары көрсетілді. Бір кездері ЗИС-2 зеңбірегі танкке қарсы ең қуатты қару ретінде мойындалған болатын. Соғыс кезінде ол «Тигр» ауыр танктеріне қарсы қолданылды.
Елордадағы әскери парад кезінде еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы заманауи техникалар да таныстырылды.
Пікір қалдырыңыз