Отырардан шыққан генерал

Задында, өткенді орынсыз қаралау, дәлелсіз күйе жағу әділеттілікке жатпайды. Рас, билік басында отырғандардың көбісінің кемшілігі, тіпті, қылмысы да болды. Бірақ, сол кезеңде, сол қоғамда қаншама адал адамдардың өмір сүргенін, қаншама жетімнің өсіп жетілгенін ешкім жоққа шығара алмас. Шынын айту керек, Кеңес Одағының жетім мен жесірге деген қамқорлығы көп болды. Егер олар сол қоғамға адал болмаса, кешегі өткен қанды соғыста Отанын отқа түсіп қорғар ма еді?! Айталық, Арыстағы балалар үйінен сол соғыс уақытында бес Кеңес Одағының батыры, бір мемлекет қайраткері, бір мықты сатирик жазушы шыққанының өзі көп нәрсені аңғартады.

Мемлекеттің осындай қамқорлығының арқасында жетілген жетімдердің қатарында өңірден шыққан санаулы генералдардың бірі Балғабай БАЙЖІГІТОВ те бар еді. Ол 1921 жылы қазіргі Отырар ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. Сегіз жасында әкеден айырылып, балалық шағы ашаршылық жылдарына тап келді. Қатал тағдырмен бетпе-бет күресе жүріп қозы да бақты, масақ та терді. Жалаңаяқ, жалаңбас жүріп сабақтан да қалмады. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы бір жылдық мұғалімдер курсына оқуға түсті. Онда Кеңес Одағының батыры Бейсен Оңтаев, мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімов, Ұлы Отан соғысының ардагері Талқа Әйменов, Көшербай Ысқақовтармен бірге оқыды. 1941 жылы Шәуілдір ауылындағы мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, өзінің ұстаздық әрі ұйымдастырушылық қырларымен көзге түседі. Алайда, сол жылы Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. 1944-1946 жылдары Германияның Дрезден қаласында I Украина майданының 16-шекара полкіне қарасты 13-заставасында командирдің орынбасары қызметінде Жеңісті жақындатуға атсалысты. 1945 жылы Берлинде өткен Потсдам конференциясында КСРО, Ұлыбритания және АҚШ мемлекеттерінің басшылары И.В.Сталин, У.Черчиль және Г.Трумэннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларында айрықша көзге түсіп, басшылықтың алғысына ие болды.
Соғыстан аман-есен оралған соң еңбек жолын Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті аудандық бөлімшесінде жедел уәкілдің жәрдемшісі болып бастады. Киров (казіргі Асықата), Ильич (қазіргі Мақтаарал) аудандарында, кейін МҚК-нің облыстық басқармасында оперативті бөлімнің бастығы болды. Ал, 1965-1985 жылдары Атырау және Ақтөбе облыстық МҚК-нің бастығы қызметтерін атқарды. Бір ғана Ақтөбе облысында 15 жыл үздіксіз қызмет ету – бұл салада сирек кездесетін жағдай.
Б.Байжігітов 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан соң туған еліне оралды. Осынша жыл еліне қалтқысыз қызмет еткен генералдың шәкірттері де аз емес. Мәселен, Алматыда Жақия Сейтқазиев, Ақтөбеде Юрий Брызгалов, Атырауда Бейсен Саппаев және ол кісінің тікелей шәкірті, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бұрынғы бастығы Анатолий Михайлович Дружинин ұстаздарын әрқашан құрмет тұтады. Анатолий Михайлович «Бәкең қатал, талапшыл, бірақ әділ бастық болды. Бізді жауаптылыққа, адалдыққа тәрбиеледі. Менің өсу жолымда ол кісінің еңбегі, тәжірибесінің үлесі мол» дейтін.
Балғабай ағамыз Ұлы Отан соғысындағы ерлігі және МҚК саласындағы қажырлы еңбегі үшін 3 орден, 20-дан астам медальмен және екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. МҚК-нің ең жоғары атағы «Құрметті чекист» белгісінің иегері атанды. Жан-жары Сұлуханмен тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Олардан немере-шөберелер сүйді. Бар ғұмырын ел мүддесі жолына арнаған азамат 2002 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Ол кісінің азаматтық болмысы, кісілік келбеті жайлы «Отырардан шыққан тұңғыш генерал» атты естелік кітапта жан-жақты баяндалған. 
Қай істе де, қай жерде де көшбасшылық қалпынан айнымай, азаматтық пен ұстаздықты жанына жалау етіп, артына игілікті іс пен үлгі-өнеге қалдырған Балғабай Байжігітовтің есімі уақыт өткен сайын жаңғыра береді деп сенеміз.

Уәлихан АДАЕВ,
ҚР ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті
жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Пікір қалдырыңыз