Адам құқығы: шағым неге көп?

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жыл сайын атқарған жұмыстары жайлы баяндама жариялап тұрады. Онда еліміздегі адам құқықтары саласындағы негізгі проблемалар, өтініштер мен қабылданған шаралармен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жайын жақсартуға бағытталған ұсынымдар әзірленеді.
Уәкілдің 2024 жылға арналған баяндамасындағы деректерге сүйенсек, былтыр 6 748 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға көп. Солардың ішінде сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекетсіздігіне, сотталғандардың құқықтарының бұзылуына және сот актілеріне келіспейтін шағымдардың үлесі артқан. Өтініштерді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 5-еуі әкімшілік жазаға тартылса, тағы төрт жағдай қылмыстық іс қозғауға негіз болған. Сонымен қатар балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар 2,5 есеге, әйелдердің құқығына қатысты шағымдар екі есеге жуық өскені байқалады.
Денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдар да жылдағыға қарағанда едәуір өскен. Азаматтардың дені медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медицина қызметкерлерінің салғырттығына, емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға шағымданған.
Білім беру саласына қатысты өтініштер де 2,5 есе көбейген. Олар негізінен буллинг, қорғаншылық органдарымен арада туындаған дау-жанжал, сондай-ақ көп балалы отбасылардан шыққан балаларды мамандандырылған білім беру мекемелеріне қабылдау квоталарын қайта қарау туралы мәселелерді көтерген.
Баяндамада уәкілдің араласуымен азаматтардың бұзылған құқықтарының қалпына келтірілгендігі туралы нақты мысалдар бар. Атап айтқанда, олар заңсыз салынған айыппұлдардың күшін жою, қылмыстық тергеулерді қайта бастау, тергеу әрекеттерін жандандыру, мүгедектігі бар азаматтарға тиесілі төлемдердің қайта тағайындалуына бастамашы болған.
Дегенмен, азаптауға, басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерге қатысты шағымдар 30 пайызға азайған. Бұл мәліметтер прокуратура органдарының ресми статистикасымен де сәйкес келеді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданған мұндай шаралар АҚШ, Еуропа кеңесі, Еуропалық одақ және БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардың оң бағасына ие болды.
Құжатта алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген. Былтыр уәкіл мен оның өкілдері жабық мекемелерге барып, 800-ге жуық мониторингтік зерттеу жүргізген. Оның аясында бас бостандығынан айырылған адамдардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаны жеңіл түрлерімен ауыстыру тәрізді құқықтарының сақталу мәселелері қарастырылды.
Баяндамада ғылыми-талдамалық жұмыстың нәтижелері мен заңнамаларды қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар да қамтылған. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғауға кедергі келтіретін құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған 20-дан астам ұсыныс әзірленді.
Д.ЖҮСІП.