Камера көбейгенімен, қауіпсіздік мәселесі жақсарар емес

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің дерегінше, облыста соңғы үш айда 241 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол апаттары 14,8 пайызға өскен. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері жол апаттарынан зардап шеккендердің де, жарақат алғандардың да, тіпті, қаза тапқандардың да саны көбейген. Мәселен, былтыр осы уақытта жол апатынан 33 адам қаза тапса, биыл үш айда 50 адам ажал құшқан.
Жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген өңірлердің көшін Сайрам ауданы бастап тұр. Ауданда жыл басынан бері 38 оқиға тіркелсе, Түркістан қаласында – 35, Жетісайда – 30, Түлкібаста – 21, Келесте – 20, Сауранда – 16, Сарыағашта 11 жол-көлік оқиғасы орын алған.
Полицейлер жол апатына «жылдамдықты асырады, жолда жүру ережелерін бұзады немесе қарсы бағытқа шығып кетеді» деп көп жағдайда жүргізушілердің өздерін кінәлап жатады. Әрине, мұны жоққа шығара алмаспыз, бірақ адам өліміне әкелетін жол апаттары көбінесе сапасы нашар жолдарда болатыны жасырын емес. Әйтсе де, кейінгі уақытта жол қауіпсіздігін камераның көмегімен айыппұл салу арқылы қадағалауға басымдық беріліп жүргендей әсер қалдырады. Бірақ, облыста камера көбейіп, айыппұл көлемі артқанымен, жолдағы қауіпсіздік мәселесі жақсармай тұр деуге болады.
Жалпы, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі елді мекендерде, оның ішінде кісі өліміне соқтыратын оқиғалардың дені халықаралық және республикалық маңызы бар, қала аумағынан тыс жолдарда болады екен. Яғни камералар негізінен ірі қалаларда, онда да тек заң бұзушылықтарды тіркеу мақсатында орнатылатындай. Бірақ, облыстық полиция департаментінің дерегінше, камера орнатылған аймақтарда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім едәуір төмендеген. Ал, құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, олай емес сияқты.
ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов биылғы жылды «Профилактика жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл шараның күре жолда жүйткіген жүргізушілердің жылдамдықты асырмауына, жол апаттарын азайтуға қаншалықты ықпал ететіндігін уақыт көрсетеді.