Алаяқтық асқынып тұр

ҚР Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұсынған  мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы 2 айында интернет-алаяқтыққа қатысты 131 қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда (106) 23 пайызға өскендігін білдіреді.

Аудан-қалалардағы жағдайға келсек, алаяқтық жасаудан Кентау қаласы өзгелерден оқ бойы озық тұр. Мұнда айналдырған екі айда алаяқтыққа қатысты 30 оқиға анықталса, Түркістан қаласында – 26, Төлеби және Сарыағаш аудандарында – 11, Сайрам және Жетісай аудандарында – 10, Арыс, Түлкібас және Шардара аудандарында  5 оқиғадан тіркелген. Ал, Қазығұртта – 4, Мақтаарал, Ордабасы, Келес және Созақ аудандарында – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 1 оқиға орын алған.                                                                                                 
Интернет-алаяқтық көбіне банк немесе басқа органның қызметкері ретінде хабарласып сенімге кіру, инвестиция ретінде қаражатты көбейту, тауарға немесе қызметке алдын-ала ақы төлеу, мессенджер арқылы танысы ретінде қарызға ақша сұрау, тұрғындарға ұялы байланыс операторының атынан хабарласып, олардың сеніміне кіріп, құпия кодпен жеке деректеріне қол жеткізу арқылы жәбірленушілердің атынан несие рәсімдеу сынды әрекеттерден туындайды. Сондықтан кибералаяқтарға алданбау үшін әрбір қоңырауға мұқият болу және күдік келтіретін хабарлама мен жарнамаларға сенбеу керек. Мұндай жағдайда бірден полицияға хабарласқан жөн.
Ескере кететін жәйт, банк қызметкерлері өздері хабарласып, сіздің жеке есепшот деректеріңіз бен ұялы телефоныңызға келген құпия кодты сұрамайды. Сондықтан өзіңіздің жеке деректеріңізді, банк шотының нөмірі, құпия сөздер мен СМС кодтарын ешкіммен бөліспегеніңіз абзал.

Дайындаған Заң және Заман бөлімі.
Пікір қалдырыңыз