Құқықтық сауаттылықты көтермей болмайды

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн төмендетiп қана қоймай, қоғамда демократиялық үрдістерді тежеп, елдiң халықаралық беделiне көлеңке түсiредi. Ең бастысы, ол адамдардың заң мен әдiлдiкке, билiкке деген сенiмiне сызат түсiредi.
Елiмiз 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып қабылдады, 1999 жылы ҚР Президентiнiң Жарлығымен Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi құрылды. Заңды ойдағыдай орындау үшiн 2001 жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi заңнама iс жүзiнде жыл сайын жетiлдiрiлiп келедi.
Алайда, жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келедi дегенiмiзбен, осы бiр қатерлi дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтiндердiң қатары да азаяр емес. Жалпы, қоғам, мемлекет үшiн осы бiр дерттiң салдарын жоюдан гөрi оның алдын алу тиiмдi болып отыр. Бұл орайда азаматтардың санасында сыбайлас жем-қорлық пен оның көрiнiстерiне төзбеушiлiктi орнықтырып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыра түскен жөн сияқты.
Түркістан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты өз қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бiрқатар iс-шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтар болсақ, бұл бағытта бiрнеше рет түрлі басқосулар ұйымдастырылып, құқықтық оқулар, қолданыстағы заңнамалық актiлердi түсiндiру мақсатында құқықтық семинарлар өткiзiлдi. Қорыта айтқанда, мемлекетiмiздiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп, жемқорлықты жоямыз десек, онымен бүкіл қоғам болып күресу керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмақ.
Асылхан САЙЛАУ,
Түркістан қалалық мамандандырылған
ауданаралық тергеу сотының сот отырысының хатшысы.