Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Осы аптада Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін  Будапештке барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін көне Будапешт шаһарында өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

– Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдастырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет.
– Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды. 
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан–Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.
Пікір қалдырыңыз