Енді бәрі басқаша болады...

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазір жанармайдың қымбаттауы мен экологияның нашарлауы әлемдік проблемалардың қатарында аталады. Соның әсерінен болар, жер-жерде мопед көліктері көбейіп кеткен еді. Олар осыған дейін көлік құралдарының қатарына жатпайтын. Тиісінше, мопед мінгендер көлік салығын да төлемейтін, жол ережелерін де сақтай қоймайтын. Осылайша, көше-көшені еркін кезгендердің біразы жолдағы басқа көліктерге кедергі келтірсе, енді біреулері жол апатына тап болып, өзгеге де, өздеріне де зиян тигізіп жататын. Енді бәрі басқаша болады...

Себебі, Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, қозғалтқышының көлемі 0,5-тен төмен мопедтер механикалық көлік құралдарымен теңестірілді. Анығырақ айтсақ, тек полиция базасына тіркелген, A1, A және B санатындағы жүргізуші куәлігі бар, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырғандар ғана мопед айдауға рұқсат ала алады. Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметіндегі баспасөз жиынында облыстық полиция департаментіндегі әкімшілік полиция басқармасына қарасты процессингтік орталықтың басшысы Бақытжан Мейірбеков айтты.
– Мопедті тіркеу үшін тұрғылықты жердегі арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Түркістан облысындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары Түркістан қаласында, Сайрам және Сарыағаш аудандарында орналасқан. Мопедті тіркеу үшін жеке куәлік (электронды куәлікті көрсетуге болады), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер қажет. Сосын өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізеді. Тіркеу үшін қажетті мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Сондай-ақ, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынатынын ескере отырып, мопед иелерін алдын-ала тіркеуден өтуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарды мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқуға кеңес береміз. Бұл мәселелерді кейінге қалдырмаған дұрыс. Қосымша сұрақтар бойынша сағат 09:00-ден сағат 19:00-ге дейін 8 (725-33)5-86-37 нөміріне хабарласуға болады, – деді Бақытжан Айтбекұлы.

 P.S. Осыдан бірер күн бұрын Кентау қаласының тұрғыны Түркістан облысы бойынша мопедті тіркеген алғашқы жүргізуші атанды. 47 жастағы әйел Түркістандағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, тиісті құжаттарын тапсырған. Жүргізуші куәлігін 2019 жылы алған ол техникалық төлқұжат алып, 2023 жылы шығарылған «TANK 400» маркалы мопедіне мемлекеттік нөмір тақты. 
«Бүгін біз өңір бойынша бірінші болып мопедке мемлекеттік нөмір алдық. Полиция мен арнайы ХҚКО қызметкерлеріне алғыс айтамыз» дейді мопед иесі.

Пікір қалдырыңыз