Кеудесі алтын сандық Мәлика әже

Әтіргүл Тәшім,
«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда  тұратын  әріптесіміз, ХҚТУ-дің аға оқытушысы  Бақытжан Әбиевтің тоқсанның бел ортасына таяған анасы Мәлика әжеге арнайы  сәлем бере барған едік. Кейуана бізге өнегелі өмір жолын әдемілеп әңгімелеп берді. Жастық шағында өлең-жырға әуес болған екен. Арасында: «Ақын емеспін ғой, саған деген құрметім еді» деп жыр шумақтарын жатқа айтып отырғаны тәнті етті. Әжейдің  зердесі әлі де мықты. Кеудесі ғибратқа толы. Көргені мен түйгені көп кемел жан. Бір сөзбен айтқанда, нағыз қазыналы қарттықтың көрінісіндей.  

– Анам бірнеше құрсақ көтерсе де, бәрі жастай шетінеп, баласы тұрмаған екен. Бір перзентке зар болып жүрген әкем жер ауыстырсақ бәрі дұрыс болып кетер  деп ойлайды. Елмен бірге Тәжікстан асады.  Алладан «Қыз берсең де ғұмырымен берші» деп тілепті. Өмірге мен келгенде қуанып, «осы перзентімді ғұмырлы болсын деп дұға етші, атын өзіңіз қойыңыз» деп тәжік көршісіне ілтипат жасапты. Менің есімімді Мәлика деп сол кісілер қойған. Әкемнің дұға-тілегі қабыл болған шығар, міне биыл 94-ке аяқ бастым. Менен кейін дүниеге екі інім келді, олар өмірден өтіп кетті. Он сегіз жасымда ақ босаға аттадым. Алланың берген 8 перзенті – 5 қыз, 3 ұлым бар. Тәжікстаннан 1962 жылы елге оралып, осы «Коммунизм» ұжымшарына көшіп келдік. Отағасы Тәжікстанда тұрғанда автомектептің директоры болған. Осында келгесін де ұжымшарда бригадир, ауданаралық базаның қойма меңгерушісі, экспедиторы болып, түрлі қызметте істеді. Балаларды оқытып, үй-жай еттік. Бірақ, ол кісі өмірден ертерек, 67 жасында өтті, кейінгі балалардың қызықшылықтарын көре алмады. Шүкір, ұл-қыздарымның тілеуін тілеп, орталарында қалқайып отырмын. Күндіз-түні осылардың амандығын, ел іргесінің бүтіндігін тілеп, Аллаға дұға етемін, – дейді кейуана. 
«Иә, әкеміз түрлі деңгейде қызметте жүрді. Анамыз ұжымшарда жұмысшы болды, мақта  шабығына шығатын. Бізді де әсіресе, терім кезінде қасына алып, жастайымыздан еңбекке баулыды. Біз орталықта тұрдық. Үйден қонақ үзілмейтін. Дала жұмысынан шаршап келсе де, қонақ келеді десе анамыз еш қабақ шытпайтын. Дереу қазан көтеріп, жүгіріп жүріп (біз де қолғабыс етеміз) әп-сәтте дастарқанды жайнатып, келген қонақты риза етіп аттандыратын. Анамыз қолы ашық, дастарқаны жаюлы, қонақжай адам. Бізді де солай тәрбиеледі. Апам мақта шабықтан шаршап келдім демейтін. Келе үйдің шаруасына кірісіп кетеді. Қолынан ұршығы түспейтін, жіп иіреді, жүн түтеді. Киіз басады, бізге кілем тоқытады. Бес қызының да жасау-жабдығын өзі дайындады. Ол кезде  бәрін қолдан жасаушы еді ғой. Бұл кісінің қолынан келмейтіні жоқ, бәрін өзі жасайтын. 
...Бала күнгі бір сурет көз алдымнан әлі кетпейді. Күнде таңертең анамыз бізді  мектепке баруға оятатын. Ұйқыдан тұрғанда гүрілдеп пеш жанып тұрады. Үстінде бұрқылдап шәйнекте шай қайнап, қазанда сүт пісіп тұратын. Апам табаға нан жауып жатушы еді. (Жаз кезде самаурын қайнап тұрады, тандырға нан жауып жатады). Алдымызға ыстық нан мен сары май, жаңа сауылып, пісірген ыстық сүтті қоятын. Қандай дәмді таңғы ас десеңізші. Алайда, балалық қой, соны да апыл-ғұпыл жүре ішіп мектепке жүгіруші едік. Кейін мектеп бітірдік, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына (бухгалтерлікті бітірдім) оқуға кеттім. Каникулда келсем, сол баяғы дәстүр  жалғасып (Бақытжандар оқушы кез)  жатқанына куә болдым. Осы таңғы үрдіс, осы кесте ғұмыр бойына жалғасып келді. Тіпті, бертінге дейін жалғасты. Анамыз шаңырақтың шырайын кіргізген берекелі жан.  Ғазиз әкеміз бен ардақты анамыз бізді осылай қанаттыға қақтырмай, бәрімізді мейір-махаббаттарын төгіп өсірді, оқытты, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Анамыз немере-шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Шүкір, саялы бәйтеректей өсіп-өнген әулеттің отанасы болып ортамызда отырғаны біздің де өмірімізді сәулелендіреді. Анама қарап бой түзеп, шабыттанамын. Бұл кісінің зердесі менен мықты. Бірде жаңа туған немеремнің  атын мен ұмытып қалып, апам есіме салып жатыр ғой» дейді Мәлика әжейдің қызы Мәрия. 
Жасы ғасырға тете кейуана бес уақыт намазын үзбей, аузынан Алласы түспей, тәспиығын тартып, Пайғамбарымызға салауат айтып, Алланы жиі зікір етіп отырады. Бала күнінде Тәжікстанда көрген-білгендерін, соғыстан кейінгі тауқыметті кезеңді әңгімелеп береді. Жасында өлең-жырға әуес болған көрінеді. Бірнеше дәптер жазған-сызғандарын сандыққа салып ұқыптап ұстап отыр.  Перзенттері аналарының 90 жасқа толған тойын жасаған екен. Естелік болсын деп шағын отбасылық фильм түсіріпті. Фильмнің сценарийін жазған, идея авторы Бақытжанның әріптесі Бекжігіт Сердәлі кейуананы «Әзірет Сұлтан» кесенесі алдында  түсірейік депті. Жүріп-тұруы қиындаған апа кесенеге көп жылдан бері бармай кеткен екен.  
«Апамыз әулие баба кесенесінің қабырғасына сағынышпен қарап, әр кірпішін, қабырғасын аялай сипалап, іштей дұға етіп, Мекке-Мәдинаға зиярат еткендей шынайы мінәжат етті. Ол кісінің жан толқынысын көріп біздің де көзімізге жас үйіріліп, толқып кеттік» дейді Бекжігіт ағамыз.  
Мәлика ананың перзенттері –Кәрима, Мәрия, Гүлжан, Дариға, Мұрат, Сұлтан, Гауһар, ең кенжесі Бақытжан. Барлығы өмірден өз орындарын тауып, өсіп-өнген. Әжеміз бүгінде 23 немере, 52 шөбере, 
2 шөпшек сүйген бақытты жан. Бұл отбасыдан мұғалім де, дәрігер де, есепші де, кәсіпкерлер де шыққан. Еңбекпен жетіліп, несібелерін маңдай термен теріп, берекелі тіршілік кешіп жатқан жайлары бар. Құтты шаңырақтың екінші перзенті Мәрия апай 30 жыл ұжымшарда есепші болған. 1998 жылы ұжымшар тарағанда 51 отбасының басын құрап, жеке ұжым (кооператив) құрып, мақта шаруашылығымен айналысыпты. Ол кезде бүгінгідей кәсіпкерге несие берілмейді, банктің өзі  санаулы еді. Қаладағы  мақта зауыттан несие алып, шитті де қарызға алып, күзде есептеседі екен. (Қазіргідей 7-8 пайыздық несие қайдан болсын, 30 пайыз үстемемен қайтарады). Техниканың барлығы тозған, жаяулатып таңның атысы, күннің батысы мақталықтың басында жүреді. Қиын кезде ұжымды тығырықтан шығарып, жоқтан бар жасап, тынбай еңбек еткен. Осылай қысқа мерзімде  кооперативті аяққа тұрғызып, облыстағы үлгілі шаруашылықтардың біріне айналдырады. Кооперативті 12 жыл басқарып, елдің сенімін ақтап, абыройлы болған Мәрия Әбиева «Жыл адамы» атанып, құрметке бөленеді. Осындай еңбегін ескерсе керек, Мәрия апайды 2003 жылы 8 наурыз қарсаңында сол кездегі ел Президенті еліміздегі еңбек адамдарымен бірге қабылдап, арнайы марапаттапты. Сол жылдың қазан айында облыста үздік шаруашылық қатарында тұңғыш рет  МТЗ-80  тракторын лизингке алған. Оны да Мемлекет басшысының қолынан алыпты. 
«Кезінде ол үлкен жетістік, ерекше есте қаларлық оқиға болды. Отыз жыл кеңседе отырып, есепші болғанымда еленген жоқ едім, 12 жыл шаруашылық басқарып, абыройлы болғаным еңбектің арқасы шығар деп ойлаймын. Ал, еңбексүйгіштік қасиетті біздер анамыздан үйрендік» дейді Мәрия апай. 
Қарашаңырақта отырған Бақытжан мен зайыбы Зәмира аналарын алақандарына салып, аялап отыр. «Басқа балам бір төбе, Бақытжаным бір төбе. Келініме де ризамын» деген кейуана ризашылық пейілін жасырмады. Иә, ғасырмен тетелес ғибратты ғұмыр  иесі Мәлика ананың біз де батасын алып, Бақытжанның берекелі шаңырағынан шаттанып шықтық. 
Пікір қалдырыңыз