От кешкен майдангерлер рухы – мәңгілік өнеге

1941 жылдың 21 маусымы – ел жадында
мәңгілік сақталатын қаралы күн. Осы күні қарулы Германия армиясы бейбіт
еліміздің шекарасын бұзып өтті. Келесі күні-ақ мыңдаған азаматтарымыз майдан даласына
аттанып, қанды қырғынның алдыңғы шебінде ерлікпен шайқас бастады.
Оңтүстік Қазақстанның ержүрек ұл-қыздары
да бұл ауыр кезеңде бел шеше еңбек етті, жауға қарсы майдан шебіне бет алды.
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең ауыр әрі ерлікке толы сын
сағаттардың бірі болды. Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасындағы қақтығыс
идеологиялық, саяси, экономикалық жүйелер арасындағы бітіспес шайқасқа айналды.
Бұл соғыстың алапат ауыртпалығы қазақ жерін де айналып өтпеді. Мыңдаған
отандастарымыз майдан даласына аттанып, ел намысын қорғау жолында қасық қаны
қалғанша шайқасты.
Қазақ даласынан майданға аттанған
жауынгерлердің ерен ерлігі мен тылдағы халықтың жанкешті еңбегі Ұлы Жеңістің
жолын ашты. Орта Азиядан құрылған әскери құрамалардың ішінде 14 дивизия, 7
бригада және бірнеше жеке батальондар мен авиация полктары бар еді.
Соғыс жылдары Қазақстан халқы өндірісті
қарқынды дамытты. Ел аумағында мыс,
мырыш концентраты, қорғасын, марганец, полиметалл мол мөлшерде өндіріле
бастады. Ал қазақ елі майдандағы жауынгерлерге 733 тонна ет, 360
млн пұт астық, 170 мың тонна көкөніс, 240 тоннадан астам картоп, 1142 тонна
сүт, 62 мың тонна жүн жіберіп отырды.
Жауға
қарсы оқпен жауап қатқанымен қатар, қазақ жерінен майданға қажетті оқ-дәрі,
қару-жарақ, жабдықтар үздіксіз жөнелтілді. Халқымыздың тылдағы қажырлы еңбегі
мен бірлігі Жеңістің тірегі болды.
Оңтүстік Қазақстаннан соғысқа 130 мыңнан
астам адам аттанса, олардың 100 мыңға жуығы майдан даласында қаза тапты. 47
жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 120 мыңнан астам ер-азамат
орден-медальдармен марапатталды. Бұл – ерлік пен елдік рухтың өшпес айғағы.
Тыл еңбеккерлері де жауынгерлермен бірге
майдан шебінде жүргендей жан аямай еңбек етті. Ел ішінде жауға деген жек
көрушілік пен жеңіске деген сенім күннен-күнге арта түсті. Әсіресе, Шымкент,
Түркістан, Ленгер, Сарыағаш секілді қалалар мен елдімекендерде әскери өндіріс
орындары мен зауыттарда күндіз-түні жұмыс тоқтаған жоқ. Екі күндік норманы бір
күнде орындау – азаматтық парызға айналды. Олар «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген
ұранмен еңбек етуге бел буды. Майдан үшін, жеңіс үшін бар күшін арнаған халық –
тылда да, майданда да бірдей аянбай еңбек етті. 13–14 жастағы бозбалалар мен
бойжеткендер ауыр өндірістік жұмыстарға араласып, станок басына тұрып, Жеңіс
үшін тер төкті.
Түркістан
облыстық мемлекеттік архиві қорында:
- «Кеңес Одағының батырлары»,
- «Оңтүстік Қазақстан облысынан
1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысушылар» атты топтамаларда
майдангерлерге қатысты құнды тарихи құжаттар сақталған. Олардың қатарында:
- өз қолымен жазған өмірбаяндары,
- әскери билеттері,
- марапат қағаздары,
- майданнан жолданған
фотосуреттер мен естелік хаттары бар.
Осы құжаттар арқылы біз олардың
ерлігін жаңа ұрпаққа жеткізе аламыз. Архив материалдарында сақталған 12
майдангер 2025 жылы тірі болғанда
100 жасқа толар еді. Міне, олардың есімдері:
1. Абуов Т.
2. Богданов Т.С.
3. Садыков Т.
4. Қазбаев А.
5. Хорошев Т.
6. Хан Г.
7. Молдабаев Е.
8. Чунтонов Н.П.
9. Аблужаппаров С.
10.Гусев В.В.
11.Кердань Ф.К.
12.Обуховский А.
1941–1945 жылдардағы бұл
азаматтардың майдан даласындағы қайсарлығы мен ерлігі – соғыстағы Жеңістің
шынайы көрінісі. Олардың өмірі – біздің тарихымыздың алтын парағы.
Жеңістің 80 жылдығы – тек мереке
емес, тарихи жадыны жаңғыртар ұлы күн! Ұлы Жеңіс – халықтың жүрегінде мәңгі
сақталады! Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!
Ақнұр НАЗАРОВА,
Түркістан облыстық
мемлекеттік
архивтің ғылыми
қызметкері.