«Мархабат» журналы жарық көрді

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен танылған талантты жазушыларымыздың бірі Мархабат Байғұт ағамыз болатын. Тағдырдың тырнақты тұзағы оның да мойнына түсіп,  жарқын жүзін топырақ бүркегеніне де екі жылдай уақыт зымырап өте шығыпты. Бірақ та, Мархабат әлемі, оның әдебиет айдынына қадап кеткен шынарлары тамыр жайып жатыр.  Классик жазушымыздың көзі тірі болғанда биыл ел болып 80 жылдығын дүркіретіп атап өтер едік. Дегенмен, дарындылар қашанда дараланып қала бермек. Жерлес жазушымыздың мерейтойы атаусыз қалмайды. Соның жарқын мысалындай жуырда «Мархабат Байғұтқа – 80 жыл» атты жоба дүниеге келіпті. Жоба жетекшілері жазушының мерейжасын шама-шарқы келгендерінше республика көлемінде атап өтуге кірісіп те кетті.

Міне, алдымызда «Мархабат» атты халықаралық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журнал жатыр. Бірден айта кетейік, бұл осыдан бес жарым жыл бұрын алғашқы нөмірі жарық көрген «Тұран–Түркістан» журналының заңды жалғасы. Басылымның дүниеге келіп, оқырмандарға жол тартуына кезінде жазушы Мархабат Байғұт ағамыз тікелей атсалысқанын көзіқарақты оқырмандар жақсы біледі. Бір өңірдің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің бәйтерегіне айналған, жазушылар мен журналистердің тұтас бір дәуірінің дәстүрін, қадыр-қасиетін сақтап, дамытуға үлес қосқан Мақаң журналдың ең алғашқы нөмірінде жүрекжарды тілегін білдіріп, редакцияға арнайы келіп, батасын беріп, сәттілік тілеген еді. Тек тілекпен ғана тұйықталып қалмай, журналдың аяғынан тік тұрып кетуіне, мазмұнының сапалы болуына атсалысып, әрқашан да ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Енді уығын өзі шаншыған әдеби басылымға Мархабат Байғұт есімін берсе, несі сөкет, несі айып?
Журналдың жаңа атаумен жарыққа  шығып, оқырмандарға жол тартуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжанов, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары  Ертай Алтаев пен Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз арнапты.
Міне, осы журналдың алғашқы нөмірінің жарық көруіне байланысты Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебаб кітапханасында таныстырылымы өтті. Сонымен қатар «Mafkhadat.kz» сайты да жұмысын жаңадан бастап отыр екен. Тұсаукесер рәсімінің Мархабат ағаның көзі тірісінде таспаға жазылып қалған «Ақтолғай» әнімен ашылуы  келушілердің жүрек қылын шертіп өтті. Кезінде байқай да бермеппіз, ағаның ән салатын да өнері бар екен. «Ақтолғай» деп қайырылатын қоңыр үнде ғажап сезім жатты.
Кешті «Мархабат Байғұтқа – 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай мен журналдың бас редакторы Оралхан Дәуіт жүргізіп отырды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Аманат» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Баһадыр Нарымбетов, Тараз қаласынан келген Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов, Иманәлі Байдәулетов, халықаралық К.Симонов атындағы  және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ақын Нармахан Бегалыұлы, Ж.Тәшенов атындағы университеттің құрылтайшысы Оңалбай Аяшев, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, тағы басқалар сөйлеп, руханият әлеміне  тағы бір құндылықтың қосылғанымен жиналғандарды қызу құттықтады.
«Мархабат» журналы әдебиетсүйер қауымның өмірді тануына, оқырманның эстетикалық ұғым-түсінігін, сезімін байытуға қызмет етпек. Қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірді мықты шығармалар арқылы байланыстыруға күш салмақ. Осылайша,  көпшіліктің кітап оқуға деген құлшыныстарын оятпақ. 
Келушілерге жаңа журналдың алғашқы нөмірі таратылды. Жазушы өмірінен бейнебаян көрсетілді. 

Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз