Академик АҚАЙ

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің колледжінде Шоқан  Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын 26 жыл басқарған ардагер ғалым Ақай Нүсіпбековтің 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Сейдехан  Әлібек ашып, жүргізіп отырды. Жиынға елімізге белгілі тарихшы ғалымдар қатысып, аталмыш жинақ жөнінде тұшымды ой-пікірлерін білдірді. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР  Ұлттық ғылым академиясының  академигі З.Қабылдинов сөз алып, жиналғандарға жинақтың мазмұны туралы әңгімеледі. 

– Назарларыңызға ұсынып отырған академик А. Нүсіпбековтің өнегелі өмірі мен жемісті ғылыми зерттеулері жинақталған 5 томдық шығармалар  жинағы осы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында жарық көрді. Жинақтың бірінші томына ғалымның «Қазақ КСР тарихы (көне заманнан бүгінге дейінгі)» атты 1949, 1977, 1979, 1980 жылдары  жарық көрген еңбектеріндегі ғылыми мақалалары мен монографиялары енді. Кітаптың екінші томында ғалымның 1969 жылы жарық көрген «Қазақстанда кеңестік жұмысшы тобының қалыптасуы мен дамуы» (1917-1940), «Қазақстандағы социалистік құрылыс тарихы мәселелері», «Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі кезеңде кеңестік Қазақстандағы жұмысшы тобының қалыптасуы» атты монографиялары енді. Жинақтың үшінші томына А.Нүсіпбековтің ғылыми ізденістерінің нәтижелері ретінде жарияланған, жарияланып үлгермеген ғылыми мақалалары, конференцияларда жасаған баяндамалары енгізілді. Шығармалардың үшінші томына тарих ғылымының кандидаты дәрежесіне авторефераты және 1949-1976 жылдары жарық көрген ғылыми еңбектері енген. Бес томдықтың төртінші томында академиктің ғылыми мақалалары, баспасөз беттерінде жарық көрген еңбектері, 1937-1983 жылдары журналдарда, түрлі жинақтарда, жарық көрген ғылыми мақалалары, баяндамалары, ғылыми-көпшілік мақалалар, тағы басқа да материалдар енгізілген. Жинақтың бесінші томына академиктің өмірі мен қызметінен хабар беретін ғалымның жеке қорында сақталған архив құжаттары, Ресей Федерациясының Подольск қаласының архивінен әкелінген материалдар, сонымен қатар замандастары мен ғалымның көзін көрген әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Аталмыш жинақтың әр томының таралымы 1000 данамен  басылып, еліміздегі кітапханаларға тегін таратылды. Кітапты басып, шығаруға ата аманатын арқалаған ел ағалары, ұрпақтары, ғалым жанашырлары демеушілік жасады, – деді З.Қабылдинов. 
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас сарапшысы, тарих ғылымының кандидаты, доцент Ә.Шашаев академик А.Нүсіпбековтің өнегелі өмірінің елеулі белестеріне тоқталып, көрнекті ғалымның есімін мәңгілікке есте қалдыру және елге насихаттау бағытында іске асырылып жатқан жұмыстарды баяндады. 
– Қазақ ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар аз емес. Сондай ғалымдардың бірі және бірегейі, елінің елеулі азаматы, көрнекті ғалым Ақай Нүсіпбеков тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінен сүрінбей өтіп, өз дәуірінен ойып тұрып орын алған тарихи тұлға. Сұрапыл соғыс аяқталып, елге аман-сау оралған Ақай Нүсіпбеков 1956-1982 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында тарих ғылымының дамуы жолында қажырлы еңбек етті. Ер есімін ұлықтауды  институт ұжымы естен шығармақ емес. 2019 жылы белгілі ғалым А.Нүсіпбеков атындағы мемориалды кабинет ашылған. Әр жылдың аяғында асыл ағамыздың бай ғылыми мұрасын зерттеп, зерделеу мақсатында ғылыми-теориялық конференциялар өтіп тұрады. Демеушілердің көмегімен жастарымызға стипендия берілуде. ХХ ғасырдағы ірі ғалымдардың бірі, ержүрек майдангер, ұлағатты ұстаз, білікті басшы А.Нүсіпбековтің тарихи мұраларын зерттеп, зерделеу, жинақтау жұмыстары бұдан әрі де жалғаса беретін болады, – деді Ә.Шашаев.
Колледж ұжымын тағы бір серпілткен жаңалық – Зиябек Қабылдиновтың құттықтау сөзі болды.  
«Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты барлық облыстармен тығыз байланыс жасай отырып, ел тарихының толығуына, жандануына жүйелі жұмыс істейді. Ол үшін әр өңірден институттың өкілдіктері ашылады» деп мәлімдеді 
З.Қабылдинов. Сондай-ақ ол Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілі ретінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдехан Әлібек тағайындалғанын хабарлап, қолына куәлік табыс етті.
  
Ержан ПАЗИЛОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің аға оқытушысы, 
PhD доктор.
Пікір қалдырыңыз