Марафон Шардарадан басталды
Бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар жұмысшы мамандықтары жылын қолдау және Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында таяуда «Қыс–2025» спорттық марафоны өтті. Марафонға 200-ге жуық адам қатысып, Абай алаңы мен орталық стадион аралығындағы 3 шақырымды жүгіріп өтті.
Спорттық іс-шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Сонымен қатар биыл Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай сіздерді өткізіліп отырған марафонның ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз сондай-ақ ауданымыздың маңызды және айтулы мерекесі аясында ұйымдастырылған марафонда жолығып тұрмыз. Бұл спорттық іс-шара ғана емес, ерік-жігердің, батылдықтың мерекесі. Марафон арқылы бұқаралық спорт, салауатты өмір салты насихатталады. Мұндай іс-шаралар елімізде бұқаралық спорттың дамуына зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Мәреге алғашқы болып келген марафоншылар аудан әкімінің атынан арнайы Алғыс хат, медаль мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жарыста ерлер мен әйелдердің үздіктері жеке-жеке анықталды.
Атап айтсақ, ерлер арасында I орынды Сакен Адырбай, II орынды Ерасыл Заби, III орынды Ғаби Расбай иеленді. Ал, әйелдер арасында I орын Элеанора Тазетдиноваға, II орын Лаура Кенжебекқызына, III орын Ақниет Ерманға бұйырды.