Ауқымды істер баршылық
Рухани өмірдің ерекше саласы ғылым саласы екендігі әмбеге аян. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Сөйтіп, ғылым тәжірибе жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы» атты Мәлімдемесіне орай Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында симпозиум өтті. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңыздылығы оның әлемдік саяси, мәдени, ғылыми-техникалық және технологиялық үдерістер мен сабақтастығына қарай белгіленеді. Осыған сәйкес қазақ тілінің терминологиялық жүйесі, лингвистикалық мазмұны, ғылыми аппараты, тұғырламалы категориялы тұжырымдамалы ұғымдары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша да сұрыпталуы, жинақталуы, сараптамадан өтуі, жүйелі құрылымға айналуы тиіс.
Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген
жетістіктері сол университеттің шынайы әлеуетін көрсетеді. Халықаралық қазақ-түрік университетінің өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.
ХҚТУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, түрлі ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу, зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу, зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау.
Қазақстан мен Түркияға ортақ университетте соңғы бес жылда ғылыми дәрежесі әртүрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы-профессор сабақ берген екен. Сондай-ақ, Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастарымыз да аз емес. Олардың саны қазір елуге жуық.
Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі – импакт-факторы нөлден кем емес халықаралық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау. 2021 жылдан бастап университетте импакт-факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты 900 000 теңгеге дейін көтерілді. Нәтижесінде 2020 жылы 1,5 млн. теңге болған жарияланымдардың ынталандыру қаражат көрсеткіші 2022 жылы 13 млн. теңге, 2023 жылы 15 млн. теңге, ал, 2024 жылы 20 млн. теңге болды.
Ғылым департаменті қорғамаған докторанттар мәселесін жіті бақылауда ұстауда. 2021-2022 оқу жылының басында университетте докторантурасын тәмамдаған, алайда, диссертациясын қорғамаған докторанттар саны 170-ке жуық. Сол себепті, университет бойынша қорғамаған докторанттардың диссертацияларын қорғауға дайындау мақсатында әрқайсысымен дербес жол картасы әзірленіп, бекітілді. Қазіргі таңда докторанттардың дер кезінде қорғауға шығуы бойынша профилактикалық іс-шаралар жолға қойылды. Нәтижесінде әрбір докторанттың диссертациялық зерттеуіне қатысты қатаң бақылау жүргізілуде. Сонымен бірге, докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары бойынша «Ғылыми-зерттеу әдістері», «Академиялық жазба» секілді ғылыми-зерттеуге қатысты пәндерді оқыту бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп, университеттің барлық докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары жаңартылды. Аталған пәндерді оқытатын оқытушылар әр оқу жылының басында конкурс нәтижесінде қабылданады.
Университетте ғалымдарға жасалған қолдаудың нәтижесінде ғылыми-зерттеу жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде жас ғалымдардың да жобаларға қатысу белсенділігі артуда. Атап айтар болсақ, 2021-2024 жылдар аралығында университетіміздің жас ғалымдары гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға қатысып, 9 жоба жеңіп алды. Бұл гранттық жобалардың жалпы сомасы 568 324 975,11 теңгені құрады.
Аталған жобалардың ішінде ең ауқымдысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылатын Академиялық ұтқырлық орталығын құруға бағытталған. Бюджеті 4 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба медицина, биотехнология және экология салалары бойынша кешенді зерттеулер жүргізіп, 12 зертхана құрылатын болады.
Оқу орнының қабырғасы қаланған алғашқы жылдардан бастап дәстүрлі түрде студенттік конференциялар өткізіліп келеді. Былтыр кезекті ХХХІІІ студенттік ғылыми-теориялық конференция сәтті өтті. 2024 жылдың 27 қарашасы мен 6 желтоқсан аралығында өткізілген бұл конференцияда 32 секция жұмыс істеп, 735-ке жуық баяндама тыңдалды. Секциялар бойынша үздік деп танылған баяндамалар марапатталып, ол университеттің «Жас ғалым» жинағында жарияланады.
2022-2023 оқу жылынан бастап, сараптама комиссиясының ұсынысы негізінде үздік баяндамашыларды ынталандыру мақсатында университет тарапынан арнайы марапаттар тағайындалды. Атап айтар болсақ, студенттік конференция секцияларында үздік деп танылған үш баяндамашыға 2023 және 2024 жылғы жаз айларында Түркияға жазғы оқуға баруға сертификаттар табысталды. Олар университетіміздің лингвистикалық орталығында 8 айлық тегін тіл үйрену курстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Осы жылы да білім алушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру мақсатында секцияларда үздік деп танылған баяндамашылар арасында PechaKucha форматында конкурс ұйымдастырылып, университет тарапынан арнайы марапаттарға ұсынылды.
Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында 2026 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерге жету үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде, университетті трансформациялауға, аймақтың дамуына тың серпін береді деп үміттенеміз.
Ғылым туралы сөз еткенімізде, университетте шығатын ғылыми журналдарымыз жайлы да айтпай кете алмаймыз. 2024 жылдың маусым айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдардың тізбесіне енгізу үшін журналдарға қойылған талаптар жаңартылды. Аталмыш талаптар негізінде еліміздегі барлық ғылыми журналдарға мониторинг жүргізіліп, сараптама жасалды. Нәтижесінде университетімізде 1996 жылдың желтоқсанынан бері қарай үздіксіз шығып келе жатқан «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы үздіктер қатарынан көрініп, педагогика, филология бағыттары комитет ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесінің 2-тізіміне енді.
Eurasian Research Journal (ERJ) Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан 2019 жылдан бері жылына 4 рет тұрақты жарық көреді. Басылым ағылшын тілінде шығады.
Осы оқу жылында бірнеше жаңа басылымдарды жарыққа шығару мәселесі қолға алынды. Ғылыми жарияланымдардың көбеюі және оның ҚР ҒЖБМ-нің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қатаң талаптарына жауап беруі – мұның бәрі де жалпы еліміздің ғылыми әлеуетінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
ХҚТУ ұжымы алыс, жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен екі жақты меморандумдарға қол қойып, білім алушылар және профессор-оқытушы құрамымен алмасу арқылы білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын қарастырып келеді. Осы мақсат аясында Өзбекстанның Ферғана политехникалық университетінің бір топ ғалымдары академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқу орнымызға келді. Профессор Х.Тұрсын, тарих және философия ғылымдарының кандидаттары, PhD, доценттер А.Камилов, И.Тухтаров, Ш.Хонкулов, Г.Абдурахмоновпен бірге ғылыми басылымдар бөліміне арнайы ат басын бұрып, «Ясауи университетінің хабаршысы», «Turkology», «Turkic historical studies», «Hikmet» журналдарына алдағы уақытта мақала беру, ғылыми мақалаларға сараптама жасау бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.
Ғылыми басылымдарымыздың алдағы уақытта да комитет талаптары тұрғысынан табылып, жоғары деңгейден көрінуіне күш салатынымыз анық. Біздің барлық жұмысымыз зиялы қауымның ғылыми жетістіктерінің нәтижелерін көрсетуге бағытталып отырғанын баса айтқымыз келеді.
Е.ОШЫБАЕВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік
университетінің ғылым және стратегиялық даму
вице-ректоры.