Өнертапқыштыққа бейім ұрпақ өсіп келеді

Сымбат МАРАТ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан қаласында жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған облыстық инновациялық идеялар байқауында Түлкібас ауданындағы С.Сейфуллин атындағы   жалпы білім беретін мектеп оқушылары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске қол жеткізді. 

Облыстық жарысқа аттанбас бұрын аудандық сайыста топ жарған оқушылар қатарында  Ерасыл  Жәнібек те бар. Ол бар болғаны 45 минутта «РОВОСУМО» роботын құрастырып, мамандардың назарын өзіне аударды. Жетінші сыныпта оқитын Ерасылдың шапшаңдығы мен тапқырлығы әділқазылар тарапынан жоғары бағаланып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осылайша, облыстық сайысқа жолдама алған жас өрен кіл мықтылар жиналатын байқауға  дайындығын бастап кетті.  Ол облыстық сайысқа жиналған 50-ден  аса  қатысушылар арасынан алғашқы үштіктен көрінді. 
Ерасыл Жәнібек бұл байқауда пенопластан «су көлігін» құрастырып, қоршаған ортаға зиянсыз көлік түрін көпшілікке таныстырды. Әрине, бұл үлкен еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесі. Осы тұста оның тәлімгерлері туралы айтпай кетуге болмас. Информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Абсатаров өз шәкіртінің бойындағы қарым-қабілетті дер кезінде аңғарып, оны өнертапқыштықпен шындап айналысуға бағыттаған ұстаз.
Ұстаздың сөзінше, осындай робототехника саласына қызығушылық білдіретін оқушылар қатары көп. Әрқайсысының өзіне тән ерекше идеясы, тың бастамалары бар. Сабақ уақытында және сабақтан тыс уақытта да шәкірттері зерттеушілікке ыждаһаттылықпен бет бұрып, пайдалы тірлікпен айналысады. Бұл әрине, көңіл қуантарлық жағдай. Ал, байқаулардан жеңіспен оралса, бұл оларды одан әрі ынталандырады.
Айта кетейік, аталмыш байқау өскелең ұрпақты инновациялық тың жобаларды жүзеге асыруға бағыт-бағдар беріп, білімдерін дамыту мақсатында қолға алынған болатын. Робототехникаға деген құлшыныс жыл өткен сайын жасөспірімдер арасында үлкен сұранысқа ие болып, елімізде оны дамытудың жолдары зерделенуде. Жыл өткен сайын жаңашылдықты жүзеге асыру тетіктері кеңінен насихатталып, оны тәжірибеде жүзеге асыру үшін осындай түрлі сайыстар ұйымдастырылуы бекер емес. Байқау балалардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына септігін тигізіп, болашаққа деген сенімдерін нығайтады.
Пікір қалдырыңыз