БҰЛ – ӘРБІР СУДЬЯНЫҢ МІНДЕТІ
Егемендік алғалы отыз жылдан асса да, мемлекеттік тіл мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді.
Алдағы күндері еліміз ең ұлық мереке Тәуелсіздік
күнін атап өтеді. Дегенмен, егемендік алғалы отыз жылдан асса да, мемлекеттік тіл мәселесі
әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді.
Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы
мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп нақты белгіленген. Одан әрі Қазақстан
Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабында Қазақстан Республикасында
мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп жазылған. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік
істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілген. Сондай-ақ, Ата
Заңымыздың 2-тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару
органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп жазылған.
Яғни заңның осы тармағын басқа ұлт өкілдеріне деген құрмет деп түсіну керек.
Дегенмен, мемлекеттік тілдің біреу ғана екенін, оның қазақ тілі екенін сот
процесіне қатысушылардың көпшілігі ескере бермейді. Ол үшін не істеу
қажет? Меніңше, жоғарыдағы заң нормаларын басшылыққа алып, істерді
мемлекеттік тілде жүргізіп, мемлекеттік тілді білмейтін бірлі-жарым іске
қатысушылар үшін іс жүргізу тілін өзгертпей, олар үшін аудармашыны қатыстыру
қажет деп есептеймін. Сонда ғана іс қазақша жүріп, қазақ тілімен қатар орыс
немесе басқа тілдер де қолданылады.
Бұл ретте мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның
халықаралық беделін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік тілді еркін және
тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық
жағдайларды жасауға міндетті. Нәтижесінде, соттың беделі, халықтың сотқа деген
сенімі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы арта түседі.
Тіл болашағы мемлекет болашағы дейтін болсақ, мемлекеттік тіліміздің
қолданыс аясын сот саласында барынша кеңейту әрбір судья мен сот қызметкерінің
міндеті деп түсінуіміз керек.
Қ. КЕМЕЛБЕКОВ,
Шымкент
қаласының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сотының сот приставы.