Баланс пен Байланыс
Әтіргүл ТӘШІМ, «Оңтүстік Қазақстан».
Айтматов – күллі оқырманның жүрегіне жол тапқан өшпес шығармаларымен «Адамзаттың Айтматовы» атанып, әлемге мәшһүр болған суреткер. Шығармалары әлемнің 190 тіліне аударылып, таралған даңқты жазушы. Иә, Айтматов өзінің жарты ғасырлық шығармашылық жолында қайталанбас дара бітімімен ұлттық шығармаларды әлемдік биікке көтерді. Ол – шығармалары ең көп сахналанған қаламгер. Себебі, оның әрбір шығармасының ой өзегі, басты ұстанымы өмірдің мәнін терең түйсіну, ізгі қасиеттерді жоғалтпау, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығын сақтау секілді өзектілігімен, адамзаттың көкейіндегі ең ауқымды мәселелерді қозғауымен ерекшеленеді.
...Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында жарық көрген автордың «Жан пида» романы әдебиет әлемінде феномендік деңгейдегі шығарма болды. Шығармада ой-сана иесі – адам баласы мен жабайы инстинкт иесі, ойлау деңгейі төмен деп саналатын жан-жануардың ара салмағы таразыға түседі.
Қойылымда жабайы түз тағысы мен өркениетті дәуірдегі адамзаттың ойлау жүйесі, мейірім-шапағаты қатар өріледі. Көрермен мисыз мақұлықтар бұзбаған табиғат заңдылығын екі аяқты, жұмыр басты пенденің аштықтан емес, тоқтықтан, құндылықтардың құлдырауынан, адамның ашкөздігі, тойымсыздығынан, азғындықтан бұзып отырғанына көз жеткізеді. Адамның жан дүниесіндегі кереғар қасиеттер, әлеуметтік теңсіздік, адам мен табиғат арасында баланс мәселелері терең психологиялық иірімдер арқылы көрініс табады.
Романдағы бүкіл адамзаттың мүддесі үшін жанын пида еткен Авдий Калистратов қойылымда (Аяз Илиясов) дар ағашына шегеленіп өлтірілген Иса пайғамбар оқиғасымен сабақтастырылыпты. Қазақ даласында, Мойынқұм атырабындағы сексеуілге асылып қалған көрініс өлім сахнасымен түйінделген. Сахнаға әр кезеңде шығып, велосипед дөңгелегін тоқтаусыз айналдырудан талмайтын оның әрекеті дөңгеленген дүние, сырғып аққан тоқтаусыз уақыттың тегершегі іспеттес. «Құдайсыздар қоғамы» салтанат құрған сол тұстағы Авдийдің болмысы алапат ағынға қарсы тұрған рухты күрескер һәм дүнияуи танымдардан ада пірәдар кейпінде көрінді. Ал, қасқырлар бейнесіндегі топтың кіл қара плащ, қара шляпа, қара (қызыл) көзілдірік киіп шығуы (қараңғыда қара көзілдірік қызыл түске айналады) расында көздері шоқтай жанған түз көкжалдарын танытқандай. Ұтымды режиссерлік шешім. Қойылымда сөз аз, ой терең. Сахналық декорация да минимализмге құрылған.
«Бұл қойылымды алғаш рет ертеректе Атырау жастар театрының ұжымымен труппа қалыптаспай тұрып, олардың потенциалдарын байқау мақсатында қойған едім. Ол шығармадан үзінді ретінде алынған қысқа нұсқасы-тын. Бұған дейін Орал театрында Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет» шығармасы негізінде, Атырау театрында автордың «Жәмиласы» негізінде сахналық нұсқасын жасап спектакльдер қойғанмын. «Жан пида» – ғаламдық мәселелерді қозғайтын күрделі шығарма. Мейлінше, бүгінгі күнмен сабақтастырып, ықшамдап қоюға тырыстық. Қойылымда – сөз аз. Сөзге дейінгі әрекеттер деп аталады театр тілінде. Сол аз сөзге көп мағына сыйдырып, қимыл-әрекет, пластикамен беруге тырыстық. Ал, Сейтметов театры труппасына келсек, Ракеңнің салып кеткен сара жолы, қалыптасқан мектебінің шәкірттері қашанда өз биігінде. Бір айдан көп уақыт бірге жұмыс істедік, іздендік, еңбектендік. Нәтижесі жаман болмаған секілді деді режиссер журналистерге берген сұхбатында.
Қойылымда басты рөлдердегі Авдийді Аяз Ильясов, Бостонды Шәкен Амантұров, Гүлімханды Гүлзада Айтбаева, Көктұрғынды Кәмшат Әштекова сынды театрдың белді әртістері сомдады. Әсіресе, маскүнем, нашақор азғын Базарбай бейнесін Нұржан Ізтаев асқан шеберлікпен жеткізді. Гүлзаданың сомдауындағы Гүлімхан да көрерменді бей-жай қалдырмайды. Түз тағысы, ерекше адуынды, азулы жұп Тасшайнар мен Аққұртқа образын Жасұлан Тұрғанбаев пен Жадыра Сейдахметова айшықты сахналық көріністермен аша білді. Сонымен қатар, көпшілік сахнаны бір топ шығармашылық топ сомдады. Режиссердің айтуынша, ауқымды шығармаға негізделген күрделі қойылым болғандықтан, спектакльге бүкіл актерлік құрам (34 адам) түгел қатысқан. Жалпы, қойылымды сахналауға сахна сыртында қызмет етуші барша мамандар атсалысты.
Театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев.