Қоңыр сопыдан қалған өсиет
Қоңыр Жаулыбайұлы 1537 жылы Түркістанда дүниеге келген. Бесқала мен Хиуада білім алған. Араб тілін жетік білген, Құранды да толығымен игерген. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімін таратқан. Ол Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімін таратқанда Әл-Фараби еңбектеріндегі мәліметтерді қолданып отырған. Қоңырдың сопылықты таратудағы ерен еңбегін бағалаған қауым оның азан шақырып қойған есіміне құрметті сопы атын қосып Қоңыр сопы деп атап кеткен екен. Жалпы бабамыздың шыққан тегі Қоңырат 12 атадан құралады, оның алтауы «алты ата Көктің ұлы» жəне «алты ата Көктөңғшы» деп аталады». Тоқсан екі баулы Қоңыраттар дүние жүзіне кеңінен тараған көрінеді.
Қоңыр бабамыз Өгізтауда жаулармен соғыста шейіт болған ағасы Байқошқардың балалары Борай мен Жиенбетті бірінің би, екіншісінің батыр деңгейіне көтерілуіне зор ықпал жасаған. Оның қамқорлығына риза болған екі інісі боз бие сойып, қанына қол батырып, мəңгілік бауыр болуға анттасқан. Он жетінші ғасырда Иқансуда баталасқан олар, осы бірлікті ұрпақтарына аманаттап кеткен көрінеді. Сондықтан бес ғасырдан бері Қоңыр–Борай–Жиенбеттен тараған ұрпақ «Үш ата» деп аталады. «Үш атадан» кімде-кім «бірлікті» бұзып, қыз алысып, бөліну туралы əңгіме шығарса «қарғысқа» ұшырайды деп уағдаласқан.
Қоңыр сопы бабамыз екі інісі жайлы: «Бұл екеуі бір керемет баһадүр, жосын батырлар. Бұл екеуі өздері жұлдыздай жарқырап тұрған асылдар. Бұлардың елі үшін, келешек ұрпағы үшін ересен ерлік жасағандарын қимылдарынан ақ сезесің. Артымда осындай інілерім барда мен дүниедегі ең бақытты жанмын. Олардың соңында қалар ұрпақтары да сөзге ділмар, ерлікке құмар болады. Артымызда қалған ұрпақтарымыз бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел болады. Менің тоғыз ұлымның орнына жалғыз баламның қалуы, Алланың маған сабыр сақта дегені. Артымда екі інім мен ұрпағымның қалғанына шүкір етемін. Соларды өсіп өндіре гөр деп Құдайға дұға қыламын» деген екен.
«Тоғыз ұлымның орнына жалғыз баламның қалуы» дегені, 1610 жылы Қоңыр сопы аңшылықта жүргенде ауылын жау шауып, 9 баласын да қырып кетеді. Бабамыз қатты қайғырып, «шыныменен мені шұнақ еттің бе?» деп Аллаға шағынып, еңіреп тұрғанда қалың тоғайға тығылған бір келіні аман қалған жалғыз немересін қолына ұстатқан екен. Ол баланы ауылды жау шапқанда әжеміз қазанның астына тығып, аман алып қалыпты. Бабамыз келіні мен немересін атқа отырғызып, «Қылбелбеу–Құрбандарға барып паналаңдар» деп жолға салып жібереді. Осыдан соң Қоңыр сопы бабамыз жартасқа кіріп кетіпті деген аңыз бар.
Бүгінде осы жартаста Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой» деген жазуы бар есігі тастан қалаулы тұр.
2019 жылы Өзбекстан Республикасы бабамыз оқыған медреседе мұражай ашты. Ол мұражаймен Түркия президенті Ережеп Тайп Ердоған мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барып танысты.
Қоңыр сопының тірі қалған сол немересінен тараған ұрпақ бүгінде «Қоңыршұнақ» деп ауызекі аталып жүр. Бұлай аталуының себебі бабамыздың жоғарыда айтылған «мені шұнақ еттің бе?» деп жылағанынан шықса керек. Ал, Теріскейде тұратын үш атаның екеуін «Қоңыр-Жиенбет» деп айту қалыптасқан.
* * *
Қоңыр сопы бабамыз діндар, өте парасатты, жомарт, ғұламалар мен жақсыларға жаны үйір, көркем мінезді, сауапты істерді көп жасаушы жан болған екен. Қалың бұқараға иман мен исламның үкімін түсіндіріп, уағыз-насихат айтып жүрген. Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопылық ілімін Құдайды жəне діни ақиқатты тану ілімі десек, Қоңыр сопы бабамыз Ясауидің сопылық ілімін насихаттаушы деп дәріптеледі. Қасиетті бабамыз «Алланы тану үшін, алдымен өзіңді таны. Құдайын жоғалтқан адам үшін ештеңе де, ешкім де керек емес» дейді екен.
Қоңыр сопы бабамыздың өсиеттері мен арнаулары көбінесе өлең арқылы берілген, себебі поэзия мен музыка арқылы əлемді ұғыну адамды көтеріңкі жəне нəзік сезімге бөлейді. Бір өсиетінде:
«Кейбіріңнің жиған байлығың мен барлығың,
Арам қанға семірген бит секілді,
Жуындыға семірген ит секілді.
Кейбіріңнің алдыңдағы малың мен кеудеңдегі жаның,
Тамақ болмайтын без секілді,
Қолқанат болмайтын ез секілді.
Битпен итше күн көріп, байлық жинап,
Без жеп, езге еріп, өмір сүріп, мал жинағанша,
Өз бетіңмен күн көр.
Ондай туыстан аулақ бол» десе, тағы бір сөзінде:
«Кеселді түйін шешілер,
Кердең мойын кесілер,
Келмей кетпес кезіне.
О да Меннің пендесі-
Түспей кетер деймісің,
Тəңірдің құрған тезіне!» деп толғанады.
Ғұмырында иманынан айнымаған бабамыз ұрпағына: «дүниеде ешқашан да өлімге дауа жоқ, сондықтан да тірі күндеріңде бір-біріңді қадірле, құрметте, өмірді түсіне біл. Парақор, жалақор болма. Себебі байлық, қазына-мүлік көздің қуаты, иманның құруы. Тіршілік өмірдің байлық жинаумен өтуі, ол зая кеткен өмір. Бұл дүниеге құр қол келіп, құр қол қайтасың. Келу мен кету айырмашылығы екі аршын ақ мата. Сондықтан да ашкөздікке құмартпа» деп өсиет қалдырған екен.
Әзірлеген
Пернебай САПАР.