Ұлттың рухани шежіресі
Құрметті «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы мен оқырмандары!
Сіздерді қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
«Оңтүстік Қазақстан» газеті – еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Басылымның тарихы ұлт қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов негізін қалаған «Ақ жол» газетінен бастау алады.
Бұл газетте қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген қаламгерлер мен журналистердің, қайраткерлердің, ел жанашырларының қаламының ізі қалған. Журналистика арқылы қоғамның дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалар редакторлық қызмет атқарған. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиық ақындар, көрнекті жазушылар осында қызмет етіп, түлеп ұшты.
Қазыналы Оңтүстік өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Оңтүстік Қазақстан» газеті зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, тәуелсіздікті нығайтуға, елдік санамызды қалыптастыруға, халық мұрасының асыл қазыналарын өскелең ұрпаққа насихаттауға, этностар арасындағы бірлікті бекемдеуге сүбелі үлес қосты.
Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Соның нәтижесінде сан мыңдаған оқырманның ұстазы, ақылшысы, тәрбиешісі, тәлімгері, қамқоршысы, қорғаушысы бола білді.
Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі – жаңарған Түркістан облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.
Қазіргі ұжымды және ұзақ жылдар осы басылымда қызмет етіп, бүгінде құрметті демалыста жүрген ардагерлерді газеттің мерейтойымен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, абыройлы қызмет, шығармашылық шабыт, толағай табыстар тілейміз!
Ойлы оқырмандарыңыз, мазмұнды мақалаларыңыз көп болсын!
Алдағы уақытта да тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында талмай қызмет ете беріңіздер!
Дархан Сатыбалды,
Түркістан облысының әкімі.
Нұралы ӘБІШОВ,
облыстық мәслихат төрағасы.