Шәкірт қабілетін ашу – ұлы өнер
Физика – өте күрделі де қызық пән. Мектебімізде физика пәніне арналған арнайы лабораториялық кабинет болды. Ұстазымыз Сейітбек Кейкиев ағайдың өз сабағына берілгені соншалықты, әрбір физикалық заңдарға зейінді түрде қарап, лабораториялық әдістемелер арқылы тақырыпты миымызға құйып беретін.
Сейітбек ағай бір күні бізге сабақ үстінде керемет тосын сый жасады. Ағайдың жұмыс столында қара түсті магнитофон және ықшамдалып жасалған қазақтың қара домбырасы тұрды. Барлығымыз аң-таңбыз. Физика сабағында не себептен домбыра мен магнитофон оқытушының столында тұрғанына аң-таң болып отырғанбыз, кенеттен ағайдың магнитофонды қосқаны сол-ақ еді, қоңыр дауысты қара домбыраның үні, домбыраның ырғағына сүйеніп, адамды ерекше баурап алар үнімен ән айтып тұрған әнші жігіттің даусы менің жан дүниемді баурап алғаны. Міне, сол күннен бастап қазақ әндеріне деген сүйіспеншілігім оянып, әрбір әнге, оның орындалуына зейін қоя бастадым.
Сейітбек ағайдың сол сабақ үстінде айтқаны, әуелі ең керегі білім, одан кейін қазақты қазақ қылған қара домбыраны шертуді үйреніп, ән айтып жүрсеңдер ешкімнен кем болмайсыңдар деген ақылы әлі күнге құлағымда.
Қазіргі кездері кәсіби әнші болмасам да, өз ортамда ән айтып көпшіліктің ықыласына бөленіп, алғысын алып жүремін. Репертуарымда мектеп қабырғасында ұстазымның үйреткен әні мен үшін ең жақсы әндердің бірі болып қала бермек...
Түйіндеп айтарым, әрбір ұстаз Сейітбек ағайдай шәкірт тәрбиелеу мәселесіне жан-жақты көңіл бөлсе, жеткіншектердің бойындағы қабілеттері жарқырай ашылар еді.
Бұл күнде ұстазымыз Кейкиев Сейітбек ағай сексеннің сеңгірінде, бақуатты. Ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында абыройлы ақсақал болып кіндік қаны тамған жері Созақ ауылында бақытты ғұмыр кешуде.
Мектептің шын мәнінде жүрегі бола білген, асыл ұстаздарға деген құрметіміз ешқашан бәсеңсімесе керек.
Ерғазы ТҮБЕКОВ,
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің
бөлім басшысы.