Жастарға жанашыр болатын
Әркімнің өз жұлдызды шағы болады. Әйтсе де біз сол дәурендерді ұзақ жылдар өткен соң ғана біліп, әттеген-ай деп жатамыз. Өткен күндерді сағынышпен еске аламыз. Өзім үшін сондай сағынышқа айналған, естен кетпес шақтардың бірі Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықарлық қазақ-түрік университетінде білім алған жылдарым деп ойлаймын.
Аталмыш университет қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздың ұлағатты тәрбиесі мен білімін бойымызға сіңірдік. Шәкірттерге білімі мен тәлімін, қамқорлығын аямаған ұстаздардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмабай Әбіл де бар еді.
Филология факультетінің журналистика кафедрасында базалық білімді алғаннан кейін қазақ әдебиеті мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Журналист мамандығында қазақ әдебиетін қосымша пән етіп өткеннен кейін магистратурада оны мейлінше дендеп оқуға мүмкіндік алдым. Тақырыбым белгілі балалар жазушысы «Нәсреддин Сералиев повестеріндегі көркемдік ерекшеліктер» болып бекітілді. Ғылыми жетекшім филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмабай Әбіл болды. Жұмабай ағайды студент кезімнен жақсы танитынмын. Екінші курста қазақ әдебиетінен бір семестр дәріс өткен болатын. Аптасына бір рет қана болатын бұл сабақты асыға күтетін едік. Терең білімімен тақырыпты талдап, таразылап ынты-шынтысымен түсіндіретін. Мен мұны ғалымның ғылымға, өз мамандығына деген шексіз адалдығы деп түсіндім.
Қазақ әдебиеті таланттарға кенде емес. Нәсреддин Сералиев те осындай ірі таланттардың бірі еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «Ыстық күлше», «Жеңешем, жорға және мен», «Жансая», «Аптап», «Зеңгір аспан», «Қанат», «Махаббат туралы хикая», «Он жеті жас» сынды повестерімен оқырманды елең еткізген жазушының соңғы жылдары насихаты аз болып, шығармалары зерттеуді қажет етіп тұрғаны ғалымды ойландырған болса керек, оны ғылыми жұмыстардың тізіміне қосыпты. Бала күнімнен сүйіп оқыған жазушым болғаннан кейін бұл тақырыпты қуана қабылдадым. Осылай менің ұстазбен ғылыми-шығармашылық байланысым басталған болатын.
Жұмабай ағай тек ғылыми жетекшім ғана емес, бағыт-бағдар беріп отыратын қамқоршы ағам да бола білді. Ол тек маған ғана емес, талабы бар студенттер мен магистранттардың қай-қайсысына да қамқорлығын аямайтын. Өзінің қыруар шаруаларын ысырып қойып, барған әр шәкіртіне ерекше көңіл бөлетін. Олардың ұсыныстары мен проблемаларын зейін қоя тыңдайтын. Сондықтан да болса керек, шәкірт атаулы оған үйірсек еді.
Ғалымның бар ғұмырын арнаған «Диалог-комедия» мен «Этнодеформация мәселелері» еңбектерін ғылыми орта талассыз мойындады. Бұл еңбектер жайында әлі де іргелі еңбектер жарық көреді деп білеміз. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның өнердің жанашыры болғаны өз алдына бөлек әңгіме.
Жұмабай Әбіл өнерді жанымен сүйді. Қазақтың халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын насихаттау үшін студенттер арасында «Қалқатайдың дауысы-ай» атты фестивальді дәстүрлі түрде өткізіп тұрды. Сонымен қатар «Қаратау шертпелері» атты шертпе күй шеберлерінің байқауын өткізіп, жас таланттардың тұсауын кесті. Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын да жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Бұл өз кезегінде өңір өнері мен руханиятына қосылған сүбелі үлес болды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Жұмабай ағайдың аты да, хаты да өлмейді деген сенімдемін. Қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі оның есімін үнемі жаңғыртып отырады.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» дегендей, Жұмабай ағай дәріс оқыған екі жыл екі күндей зулап өте шықты. Шәкірттерін шабыттандырып, ғылым-білімге деген құлшыныстарын көтерген күйі өмірден озып кетті ұстазымыз.
Профессор Жұмабай Әбіл көзі тірі болғанда биыл жетпіс жасқа толар еді. Небәрі елуді енді еңсере бергенде бақилық болған ұстазымызға деген сағыныш жүректен кетпейді. Оның шығармаларды талдаған шабытты шағы шәкірттерінің әлі көз алдында.
Адамгершілік деген асыл қасиетті бойына дарытқан дарынды ұстазбен өткен сол жылдар жұлдызды шақтарымның бір бөлшегіндей болып көрінеді маған. Жұмабай ағай жайында айтылар естеліктер әлі алда деп ойлаймын. Оның есімі әдебиет пен өнерді қадірлеген жандар тұрғанда ешқашан өшпек емес...
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Түркістан қаласы.