Жүрегінен де, жүзінен де әуен төгіліп тұратын

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Жалынды жастық шағыңда өрекпіген көңіл ғажайып әлем іздейді. Шарқ ұрған шағаладай тыным таппайды. Албырт жастың жүрегі лүпіл қағып, әлдебір жоғын іздегендей аласұрады. Міне, сондай кезде бозбала мен бойжеткен дерттеріне дауаны әуезді әндерден іздейді. Сағыныш пен мөлдір мұңға толы әсем әуен олардың жүректерін тыныштандырады.

Осындай жан тыныштандыратын сыйқырлы да сазды әуендер өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары еліміздің аспанында көгершіндей қалықтап тұрды. Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Әбілахат Есбаев, Илья Жақанов, Әсет Бейсеуов сынды көрнекті композиторлардың қайталанбас туындылары бірінен кейін бірі дүниеге келіп, жастардың жанын толқытты. Осы бір кездері есімдері көпшілікке әлі жете таныс емес әуесқой сазгерлердің де шығармалары көпшілікке кең таралды. Айталық, Қазақстан жұртшылығы  Талғат Атшыбаев, Ержан Белғозиев, Қорабай Есенов сынды авторларды кейінірек таныды. Ал, Өмірзақ Оспановтың «Әке-шешем үйлен дейді маған», «Шымкенттегі сұлу қыз», «Әппағым-ай, әппағым», «Автобустағы қарындас», «Перронда» сияқты әндері сол кездегі жастар арасында қазіргі тілмен айтқанда хит болатын.
Балғын сезім кімдерді шала ұйқы етпейді, шала мас қылмайды дейсіз?! Сонда жастар дерттерінің дауасын әннен табатын. Жоғарыда аты аталған әсем әндер қаншама жастың жүрек емі болды десеңші! Сондықтан, Өмірзақты жастар жыршысы десек, қателеспес едік.  Иә, бұл әндер еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Қиялымызбен перронда тұрып айқабақ аруды шығарып салатынбыз. Автобуста келе жатып бейтаныс бойжеткенмен танысатынбыз. Ал, сұлуға көз сүріндіріп, бірақ сөз айта алмай екіұдай күйде жүргендер «үйленуге қызды қайдан табам?» деп ақталатын. Иә, сырлы сазгердің өміршең туындыларының қай-қайсысы болса да жүрек қылын шертеді. Жалпы, Өмірзақ алғашқы әнін он бес жасында жазыпты. Көршісі әрі досы Болат Өмірзақов сыныптасына ғашық болады да Өмірзаққа ән жазып беруді өтінеді.  «Ғашығым» деген осы әнді мектептегі кештерде айтып жүреді. Бірақ, әннің өзіне арналғанын әлгі бойжеткен сол күйі білмей кетеді. Сенесіз. Сол кездегі ауылдың тартыншақ жігіттері сезімдерін жеткізе алмай, өз бақыттарын қолдарымен ұзатқандары да жасырын емес. Иә, сол жылдары қызға деген тұнық сезімімізді  үшбу хаттармен немесе Өмірзақтай өрелі өрендердің әндерімен ғана ишаралап жеткізетінбіз. Осы ретте ән талай жастың үміт жібін жалғады. 
Шымкент музыка училищесінде оқып жүргенде Өмірзақ қаладағы дыбыс жазу студияларын жиі жағалайтын. Гитарамен өз әндерін және жанына жақын өзге де әндерді  жаздырады. Ол кезде күйтабақтардың дәуірі жүріп тұрды. Өмірзақ қаладағы үш студияның әрқайсысынан он сомнан қаламақы алады. Бұл дегеніңіз ол кезде үлкен байлық. Сөйтіп жүріп ол жергілікті композитор Сүгірәлі Сапарәлиев ағасымен танысып, араласты. Оның Әбілда Аймақ деген інісі бар екен. Бірде сол Әбілда оны Әмзе Қалмырзаевқа ертіп барды. Шымкенттегі танымал азаматтар Қуаныш Төлеметов, Алтынбек Төлепбеков сынды азаматтармен аралас-құралас болды.
Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1989 жылғы 25 қарашадағы №225 15527 санында «Мақташы қыз», 1991 жылғы 31 қаңтардағы №22 (15824) санына «Ақ қарға жаздым атыңды» атты әндері нотасымен жарияланды. Міне, осының барлығы Өмірзақ Оспанның танымалдылығын арттыра түсті. Жас талапкердің әндері Сара Тыныштықұлова, Нұрлан Өнербаев, Гүлмира Ақүрпекова, Ұлбосын Белғозиева, Саят Медеуов, Ақылбек Жеменей,  Хадиша Шалабаева, Мамадияр Тәукеев, Әбдіхан Нұрмаханбетов, Аман Төре, тағы басқа да танымал әншілердің репертуарынан берік орын алды.     
Қазақы сазды әуендерімен тыңдармандарының көңілдерін қошуақ етіп келген Өмірзақ алғаш рет 1988 жылы облыс жастарының «Жігер» фестиваліне қатысып, бойына бұла ән тұңған дарын екенін паш етті.  Мұнан соң «Біркөлік», «Темірлан» байқауларында алдына жан салған жоқ. Бұлардан кейін   2004 жылы «Ауыл жылына» арналған республикалық байқауда бірінші орынды талассыз иемденді.  2006 жылы «Шалқыған Шардара» атты республикалық ән байқауы өткен.  Өмірзақ мұнда да әуезді әнімен көрерменді таңырқатты. Ал, 2007 жылы «Шымкент туралы әндер» атты республикалық байқауда тағы да топ жарып, бірінші орынды еншіледі.  2008 жылы «Біз естімеген бір ән» тележобасында сазын да, сөзін де өзі шығарған «Сенсің» әні «Үздік ән» номинациясы бойынша арнайы дипломға ие болды. 2010 жылы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толуына орай Шымкент шаһарында ұлы композиторға арналған гүлзар ашылды. Осы гүлзардағы «Жұлдыздар» аллеясында мәрмәр тастан бірнеше тұғыр орнатылып, оған облысымыздағы талантты  композиторлар мен әншілердің есімдері қашалып жазылды. Жаны жақсылыққа, жаңалыққа құштар Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспанның есімін де осы жерден табасыз.
Алайда, талантты тұлғаның есімі таста ғана тұнып қалмауы тиіс. Оның өзі тасқа айналғанымен, сан мыңдаған жандардың жүрегіне сәулелі шуақ құятын Өмірзақ Оспанның  есімі ұмытылмауы керек. Сол үшін облыстық мәдениет және туризм басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы Өмірзақтың өнегелі өмір жолдарын насихаттап, шығармашылық кештерін ұйымдастырса, әруағы разы болар еді.
Өмірзақ өзі барда «Шымкентім –шырайлым», «Анашым – алтын бағым», «Шиелі шамшырақтары» атты үш ән жинағын шығарып кетті. Бірақ оның отбасылық архивінде әлі де жарық көрмеген қаншама дүниелері жатыр. Соған қамқор болатын ұсынықты қол табылса деген де бір ой бар.   
Иә, Өмірзақтың сазға толы әндері халыққа қашан да қызмет ете береді. Артында тамаша туындылары қалған талант ұмытылмақ емес.                                                           
Пікір қалдырыңыз