Қаламгерлерге оң көзқарас бар
Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фараб» әмбебаб-ғылыми кітапханасында «Әділетті Қазақстан: ғасырлар ғұламалары және Қазақстан қаламгерлері» атты көшпелі пленум өтті. Онда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов сөз алып, жиынның киелі Түркістан қаласында өтуінің тарихи маңызы бар екеніне тоқталды. Иә, елімізде Түркістан, Отырар, Сарайшық, Созақ, Сауран, Сайрам, Бабата сияқты тарихи қалалар көп. Оларда бабаларымыздың аңсар-мақсаттары, арман-тілектері көмулі. Сол қазыналарды жарыққа шығарып, халық игілігіне беру бүгінгі қаламгерлердің басты мақсаты болмақ. Таусылмас қазыналар арасындағы бір ғана Қ.А. Ясауи ілімін танудың өзі неге тұрады?! Алғашқы көшпелі пленумның тәберікті Түркістанда өтуінің осындай маңызы бар. «Бізге жағдай жасап, бастамамызды қолдаған облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға зор алғыс білдіреміз» деді басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы.
Мұнан соң ол ел қаламгерлері алдында тұрған бірқатар міндеттерге, алда атқарылар ауқымды жұмыстарға тоқталды. Бүгінде қаламгерлерге мемлекет тарапынан оң көзқарас бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылды. Биыл бұл атаққа 6 қаламгер ие болды. Төрт жас қаламгер Президент сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ 20 жас жазушының жеке жинақтары шықты. «Айбоз» сыйлығы жыл сайын беріліп келеді. Демеушілер есебінен үздік роман жазған 3 жазушыға арнайы сыйлық тағайындалған. «Үміткерлер» бағдарламасы аясында 13 пен 18 жас аралығындағы талапкерлерді іздестіру жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде 15 жас талап суырылып алға шыққан. Енді олардың тоқымқағар тойлары өтпек. Алдағы уақытта «Асыл сөз» байқауы ұйымдастырылмақ. Онда поэзияда Тұманбай Молдағалиев атындағы, прозада Әбіш Кекілбаев атындағы сыйлықтар беріліп тұрады. Төраға сондай-ақ алдағы уақытта Әдебиет институтын ашу жоспарланып отырғанын сүйіншілеп жеткізді.
Мінберге облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев көтеріліп, бүгінгі басқосудың ерекшеліктеріне тоқталып, қаламгерлерге алдағы уақытта да қолдау бола беретінін атап өтті.
Пленумда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Қойшығара Салғарин «Таным. Түсінік. Тарих» атты баяндама жасап, қазақ тілінің құнарынан айырылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ал, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Өтеген Оралбаев Түркістан төрінде жыл сайын руханият мәселелері төңірегінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру, түркі әлемі ақындарының мүшәйрасын өткізіп, соның қорытындысымен «Түркістан таңы» атты антология шығаруды ұсынды. Сондай-ақ ол Түркістанның талантты ұлдары Бейсенбай Кенжебаевтың, Өмірбай Сәуірбаевтың шығармашылығы мен өмірбаянына арналған әдеби кештер өткізу керектігін еске салды. Абыз ақсақал Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзін еске ала отырып, жастарды кітап оқуға баулу керектігіне тоқталды.
«Тарлан-Үміт» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы» атты баяндамасында аударма саласындағы олқылықтарды ортаға салды. Әрине, бұл аудармашыларға ғана қатысты емес. Бұған баспалар да кінәлі көрінеді. Айталық, қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітабы ағылшын тіліне аударылғанда ондағылар басылым атауын «Соғыстың балалары» деп ауыстырған. Автор бұған келіспегенмен, баспа басшылары өз дегенін жасапты. Расында, повесть соғыс балалары хақында емес қой. Соғыс тұсындағы ауыл балаларының ауыр бейнеттері суреттеледі. Бала жүрегімен соғысқа қарсылық мәселесі көтеріледі. Сондықтан әлем әдебиетінде танылудың қиындықтары да бар.
Мұнан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегман, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбаев, түркістантанушы Жандарбек Зікірия, жазушылар Қуандық Түменбай, Ғалым Қалыбек өз ойларын ортаға салды.
Қонақтар Қ.А.Ясауи бабаның басына барып Құран оқыды. Қаланың көрнекті орындарымен танысып, құлашын кеңге жайған шаһардың жаңа келбетіне таңданыстарын жасырмады. Келесі көшпелі пленум Ақтөбе облысында жалғаспақ.