Аппақ ишанға арналды
Жуырда Түркістан қаласында Аппақ Ишан Сейдахметұлының 160 жылдығына орай «Қазақ жеріндегі дін ғұламаларының ілімі және мұралары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның басты мақсаты Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» Жарлығына сәйкес кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін және дәстүрлі дініміздің негізгі, ата-бабамыз жүрген руханият жолын жалғастыратын дін ғұламаларының ілімін таныстыру болды. Қазақ халқының діни танымын қалыптастыруда, халқымыздың біртұтастығын сақтауда орасан зор еңбек сіңірген ғұламаларды ұлықтау, олардың бай мұраларын зерттеп-зерделеу жұмыстарын жалғастыру мақсатында өткен конференцияда ҚР Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің басшысы С.Қасымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Құспан сөйлеп, өткізіліп отырған ғылыми- практикалық конференцияның маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің профессоры Д.Кенжетай «Кеңестік зобалаң және ишандар: Созақ және Шаян құбылыстары», Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті тарих кафедрасының профессоры Х.Тұрсын «Рухани жаңғыру: қасіреттен қасиет іздеу», «Аппақ Ишан» қоғамдық қорының құрылтайшысы, исламтанушы, теолог-ғалым Қ.Ахметов «Аппақ Ишан –Хақ ілімін жайған рухани тұлға» атты тақырыптарда баяндамалар жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттерінің кафедра меңгерушілері, ғылым кандидаттары қосымша баяндамалар жасады. Осы конференция барысында Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің директоры Б.Байсары «Аппақ Ишан –руханият дарабозы», қор сақтаушы П.Ботабаеваның
«Аппақ ишан – өңір тарихы мен ұлт руханияты» атты баяндамалары жинаққа енгізілді.
Конференцияда Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі Аппақ Ишан экспозициясынан көшпелі көрме өткізді. Көрмедегі он сегізінші ғасырда Аппақ Ишанның әжесі тоқыған жайнамаз, Шаян мешіт-медресесінде Аппақ Ишан ұстаздық еткен жылдары пайдаланылған көне кітаптар мен киімі, Аппақ ишанның бауыры Мәдінің шайханасында тұрған 40 литрлік самаурын, шәкірттердің жазбалары қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.
Эльмира ЖАМАШОВА,
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің қызметкері.