Кітап оқып жарысты

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен Отырар ауданында үздік оқырман отбасылар арасындағы «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық балалар байқауы өтті. Бұл байқау «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын. 

Байқаудың мақсаты –  ұлттық әдебиетіміздегі үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, балаларға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар, байқау – қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызу. Ең көп оқитын оқырмандарды анықтау және оларға қолдау көрсету болып табылады. Биылғы  байқауда балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасы таңдалынған. 
Жарыс үш кезеңнен тұрды. «Менің отбасым және кітапхана» атты алғашқы кезеңде қатысушы кітапхана мен отбасын байланыстыра отырып, кітап оқу дәстүрін насихаттап, бейнеролик немесе слайд дайындайды. Екінші кезеңде қатысушылар Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасынан сахналық қойылым көрсетсе, соңғы кезеңде осы шығарма төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. Өңіріміздің әр аймағынан келген 17 оқырман арасында Кентау қалалық орталық балалар кітапханасының оқырманы,  Д.Қонаев атындағы №10 жалпы білім беретін мектебінің  6-сынып оқушысы Ұлжан Қожанова жүлделі ІІІ орынға ие болды.

 Р.САЙДУАЛИЕВА,
Кентау қалалық орталық балалар   кітапханасының  меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз